КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Депозиттерімізді қорғауда 2024 жылдың қандай үш үрдісі болашаққа әсер етеді
Депозиттерімізді қорғауда 2024 жылдың қандай үш үрдісі болашаққа әсер етеді
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банктеріміз банкроттыққа ұшырамаған жылы қалай қызмет атқарды? Бұл туралы ұйым басшысымен әңгімелесіп, отандық қаржы саласындағы келешегі бар үрдістерді айқындадық.
Биржалық нарық та, депозиттік нарық та либералды бола түсті
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру – 2024 жылы елеулі оқиғаға айналды. Алғашқы кезеңде 200 млрд теңгелік портфель 6 компанияға үлестірілді. Бұл сома биржа нарығында анау айтқандай көлемді емес, алайда ҚДКБҚ секілді ірі инвесторлардың активтерінің нарыққа шығарылуы бүкіл қор нарығына серпін бермесе де, тәуекелсіз активтер нарығында белсенділікті, өтімділікті және бәсекелестікті арттыратыны сөзсіз.
«Бұл кезеңде 6 жеке басқарушымыз мемлекеттік бағалы қағаздарға және ақша нарығының құралдарына ие болады. Аталмыш бастаманы пысықтау барысында біз басқарушылардың жұмысын бағалайтын бағдар керектігін түсіндік. Сөйтіп, Ұлттық Банк және KASE-мен бірлесіп, арнайы композиттік индексті іске қостық. Ол біз үшін жұмыстың өлшем бірлігіне, ал нарық үшін жаңа сапалы индикаторға айналды», – деп түсіндіреді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев.
Қазақстанның Ұлттық Банкі ҚДКБҚ активтерінің негізгі басқарушысы болып қала бермек. Ал енді жеке басқарушылардың инвестициялық қызметі, осы іс-шараның болашағы және басты талап – басқаруға берілген қаражаттың сақталуына 2024 жылдың қорытындысы бойынша баға беріледі.
«Сақталу – бұл депозититерді сақтандырушылардың вокабулярындағы басты сөз. Депозиттерге кепілдік берудің негізінде мынадай қағидат жатыр – банктер тәуекелдерді жүйеге қатысушылар арасында үлестіре отырып, арнайы қорға жарна төлейді, ал қор сол ақшалардан резерв қалыптастырады және оны сақтайды. Банктердің бірі лицензиясынан айырылса, салымшыларға сол резервтен өтем төлейді. Бұл модель әлемнің көптеген едерінде қолданылады. Олардың арасында Қазақстан да бар. Міндеттемелерді уақтылы және толығымен өтеу – басты міндетіміз. Сондықтан біздің инвестициялық саясат сақтанымпаздық сипатқа ие», – дейді ҚДКБҚ басшысы.
2024 жылы ҚДКБҚ жинақталған активтерінің көлемі триллион теңгеден асты. Дегенмен банктерде жеке тұлғалардың депозиттері де өсуде, сәйкесінше депозиттік базаның минимум 5%-ын құрайтын қажетті өтеу деңгейін қамтамасыз ету маңызды. Қалыптасқан қаражаттың 55%-ын құрайтын инвестициялық кірістен басқа, резервтің 43%-ы дәл банктердің жарналарынан құралған.
Жарналар әділ және жеткілікті болуы үшін ҚДКБҚ тоқсан сайын (ислам банктерін қоспағанда) депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банктің қаржылық ахуалына баға береді. Соның нәтижесі бойынша банктің Қорға төлейтін жарнасының мөлшерлемесі есептеледі. Әрине, тәуекел-бейіні жоғары банктер жарнаны орнықсыз банктерге қарағанда жоғары мөлшерлемемемен төлейді.
Салымшылардың ақшасы үшін банктер арасындағы жағымсыз бәсекелестікке шектеу қою – бұл да салымшыларды қорғаудың бір қыры. Сондықтан банктердің депозиттерді тартуға арналған мөлшерлемелері де ҚДКБҚ моделінде жарналарды есептеу үшін есепке алынады. Бұған дейін Қор барлық банктерге жеке тұлғалардың тартылған салымдары бойынша бірыңғай шекті сыйақы мөлшерлемелерін ұсынатын. Банктер одан асып кетсе, көтеріңкі жарна төлейтін. 2024 жылдың басынан бастап, Қор теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеудің анағұрлым нарықтық механизміне көшті. Енді мөлшерлемелердің нарықтық деңгейден ауытқуы реттеледі, ал шекті мөлшерлемелер санаулы банктерге ғана белгіленеді. Осылайша жағымсыз бәсекелестік әлі де шектеледі, ал адал бәсекелестікке қолдау көрсетіледі.
«Банктер нарықтағы үрдістерді мейлінше мұқият қадағалай бастады – дейді ҚДКБҚ сарапшылары, – мысалы, толық емес жылдың қорытындысы бойынша мерзімсіз салымдардың анағұрлым серпінді сегментінде мөлшерлемелердің шашылымы шамалы ғана болды, депозиттер бойынша орташа өлшемді мөлшерлеме базалық мөлшерлеменің соңынан жүріп отырды. Елеулі шашыраңқылық мерзімді және жинақ салымдарда байқалды: қысқа мерзімде – жаңа клиенттер үшін едәуір белсенді бағалық бәсекелестікке байланысты, ұзақ мерзімге – керісінше, ойыншылар санының аз болуына байланысты. Бұл сегменттерде жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна – өтімділікті іздеу жолында мөлшерлемелердің өктемді сипатта көтерілуіне қарсы тиімді механизм рөлін атқарады».
Мінез-құлықтық қадағалау дамыды және банктер өздерінің салымшыларын депозиттер бойынша кепілдіктер туралы жаңаша хабардар ете бастады.
Банктерге тікелей келіп немесе онлайн түрінде салым, шот немесе карточка аша отырып, клиенттер енді шарттың маңызды талаптары туралы ақпаратты бірінші беттен, ірі әріптермен, ыңғайлы, кестелі нысанда көреді. Бұлар: нақты салым түрі бойынша максималды кепілдік сомасы, салымның түрі мен валютасы, мөлшерлемесі және сыйақы төлеу, жинақтау, ақша алу және ұзарту талаптары – барлығы салымдар бойынша 14, ал шоттар мен карточкалар бойынша 5 ең маңызды талаптар. Бұл талаптар 2024 жылдан бастап, ҚДКБҚ мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мінез-құлықтық қадағалау саласындағы ортақ бастамасының нәтижесі ретінде заңнама деңгейінде бекітілді. Ал одан басқа, банктер депозиттер бойынша кепілдіктің қалай және қандай жағдайда жұмыс істейтіндігі туралы қосымша ақпараттар да береді.
Бұл бастамалардың барлығы депозиттер бойынша кепілдіктер туралы хабардарлықты арттырып қана қоймайды, сонымен қатар банктердің клиенттеріне ең қолайлы қаржы құралын таңдауға көмектеседі.
«Банктердегі консультациялар ресми, тексерілген ақпаратпен алмасудың тиімді нысаны. Айталық, біздің деректер бойынша депозиттерге қатысты кепілдіктер туралы хабары бар салымшылардың үштен бірі ақпаратты банктің менеджерінен алған. Сауалнамаға жауап берген әрбір үшін адам депозиттер бойынша кепілдіктер туралы ақпаратты банктің өкілінен алғанды жөн көреді», – дейді Қордағылар.
Күн тәртібіне цифрландыру және технология шықты
2024 жылы ҚДКБҚ өтем төлемеді – ешбір банк лицензиясынан айырылған жоқ.
Өтем төлеу жоқ кезде Қор технологиялық әлеуетті күшейтуге күш салды. Қор Ұлттық Банкпен бірлесіп, озат цифрлық технологияларды қолдана отырып, өтем төлеу тәртібінің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк сарапшыларының тұжырымдарын есепке ала отырып, проблемалық банктерді реттеу саласында да жұмыстар жүргізуде. Бір мезгілде Қорда банктерде кепілдік берілген депозиттер бойынша мәліметтердің сапасын тексеру үдерісі оңтайландырылуда.
Мұндай бастамалардың барлығы шапшаңдықты арттыруға және банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға өтем төлеу мерзімін кезең-кезеңмен қысқартуға мүмкіндік береді. Еске саламыз, қазіргі уақытта заңнамада 35 жұмыс күні белгіленген. Ал Қор 6-8 жұмыс күніне ұмтылуда – бұл мерзім халықаралық стандарттарға сай келіп қана қоймайды, сондай-ақ іс жүзінде АзияКредит Банк, Tengri Bank және Capital Bank Kazakhstan банктерінің салымшыларына өтем төлеу барысында қол жеткізілген.
«Депозиттерді сақтандырушылардың қауымдастығы арқылы бізге бүкіл әлем бойынша 99 депозиттерді сақтандырушылардың тәжірибелері қолжетімді. Бұл ретте 25 жылдық қызметіміз барысында өзіміз де тәжірибе жинақтап, өз пайымдарымызды қалыптастырдық. Біз қазақстандық салымшылар, отбасылар үшін үздік әлемдік стандарттар мен тәжірибелерді іске асыруға ұмтыламыз», – деп атап көрсетті ҚДКБҚ басшысы.
Еске саламыз, 9 банкте, олардың ішінде Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank және Астана Банкінде мәжбүрлеп тарату үдерісі жүргізілуде.
Қор барлық банктердің салымшылары алдындағы өз міндеттемелерін толық көлемде орындады: 113,5 миллиард теңге төленді, 830 миллион теңге өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, БЖЗҚ-ға салымшылардың ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылды. Бұл ретте Қор төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшыларға өтемдерін төлеуді жалғастыруда.
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшы-жеке тұлғалардың өтем алу құқығы заңда көрсетілген. ҚДКБҚ кепілдіктерінің максималды сомасы салымдардың түрі мен валютасына тікелей байланысты:
-
теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
-
теңгедегі басқа депозиттер, сондай-ақ төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 млн теңге;
-
шетел валютасындағы барлық депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 млн теңге.
Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы біліңіз: kdif.kz | 1460 (қоңырау шалу тегін).
2024 жылдың 30 желтоқсанында Forbes.kz порталында жарияланды.