Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Кепілді өтемді төлеу тәртібін жетілдіру

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк салымдарының қорғалуын және сақталуын қамтамасыз етеді. Ислам банктерін қоспағанда, жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдайтын қазақстандық банктердің барлығы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылады. Отандық қаржы реттеушісі банкті лицензиясынан айырған жағдайда ҚДКБҚ депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңда белгіленген тәртіпте және мерзімде салымшыларға кепілді өтем төлейді.  

 

Соңғы үш жылда өтем төлеу барысында айтарлықтай маңызды өзгерістер орын алды. Соның нәтижесінде өтем төлеу тәртібі сапалы түрде жетілдірілді.

 

Біріншіден:

Кепілді өтемді төлеу мерзімінің басталуы айтарлықтай қысқартылды.


Бұрын банк лицензиясынан айырылған соң, салымшылар өтем ақшаларын алу үшін 4-5 ай күтетін. Өйткені ҚДКБҚ банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот үдерісі аяқталғаннан кейін барып, өтем төлеу шарасын бастай алатын.   

 

Қазіргі уақытта өтем төлеу шарасы сот өндірісінің жүру барысына қарамастан, банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады. Мысалы, «Tengri Bank», «Asia Credit Bank (АзияКредит Банк)» және «Capital Bank Kazakhstan» салымшылары өздерінің өтем ақшаларына банктері лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде қол жеткізді. Бұл өтем төлеу саласында үздік әлемдік тәжірибелердің бірі болып табылады және Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (IADI, International Association of Deposit Insurers) Негіз қалаушы қағидаттарына сәйкес келеді. Бұл ретте алғашқы төлем аптасында аталған банктердің салымшылары алдындағы міндеттемелерінің жалпы сомасының 66%-дан 74%-ға дейінгі бөлігі төленді.


2021 жылы ҚДКБҚ өтем төлеуді жүзеге асыру үшін жарты жылдық негізде агент банктердің алдын ала тізімін белгілеу бойынша жүргізген шарасы да салымшылардың өз қаражаттарына тез қол жеткізуіне септігін тигізді. Осылайша сақтандыру жағдайы туындаған кезде агент банкті таңдау алдын ала бекітілген тізім бойынша тез жүзеге асырылады.

 

Екіншіден:

Енді өтем алуға өтініш беру мерзімі төлем басталған күннен бастап, 1 жыл уақытты қамтиды. Төлем мерзімін оңтайландыру арқасында өтініш беру тәртібі де оңайлатылды. Яғни қазір депозитор өзіне ыңғайлы форматты таңдай алады – өтінішті тікелей ҚДКБҚ-ға немесе агент банктің жақын маңдағы бөлімшесіне барып жазбаша түрде бере алады.


Осылайша салымшы өзінің алтын уақытын үнемдеуге мүмкіндігі бар.

 

Үшіншіден:  

2021 жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тарихында тұңғыш рет салымшылардың талап етпеген өтем ақшаларын олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аудару механизмі енгізілді.

 

Бұл механизм кепілді өтемді төлеу үдерісін оңтайландыру жолында маңызды қадам болды. Қазақстанның мұндай жасампаз әрекеті халықаралық тәжірибеде бірегей жоба болып табылады. Мысалы, Канада, АҚШ секілді елдерде талап етілмеген сомалар өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, орталық банкке немесе басқа мемлекеттік органға сақталуға аударылады. Ирландия, Ұлыбритания және Жапонияда талап етілмеген шоттарды басқару бойынша арнайы қорлар құрылады. Олар бұл қаражатты әлеуметтік қажеттіліктерге және қайырымдылық бағдарламаларына үлестіреді.

 

Қазақстанда енгізілген осынау бірегей тәртіптің арқасында 271 мыңдай салымшы өздерінің зейнетақы шоттарына 830,5 млн теңге алды. Атап өту керек, өтем сомалары БЖЗҚ-ға ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады, демек, салық төлеуден босатылады деген сөз. Оның үстіне зейнетақы шотына аударылған сомаға күн сайын инвестициялық табыс есептеледі.   

 

Іс-тәжірибе көрсеткеніндей, БАҚ арқылы кеңінен жария етілгенімен, өкінішке қарай, салымшылар өздеріне тиесілі өтем ақшаны алу үшін төлем мерзімі барысында өтініш беруге асықпайды. Негізінен бұлар шоттарында азын-аулақ қана ақшалары бар салымшылар. Бұл механизмді енгізу ең енжар деген салымшыларға өтем ақшаларын төлеуге және олардың жинақ ақшаларының сақталуын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

 

Төртіншіден:

Кепілді өтемді төлеу мерзімі аяқталып, талап етілмеген сомалар БЖЗҚ-ға аударылған соң да ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша төлем мерзімін өткізіп алған, ал ақшалары зейнетақы қорына аударылып кеткен салымшылардан өтініш қабылауды жалғастырады. Дәлелді себептерге мына мән-жайлар жатады:

  • салымшының әскери қызметке орналасуы;
  • шетелде болуы;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болуы;
  • салымшының мұрасын қабылдау, иемдену немесе ашу;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Жоғарыда аталған дәлелді себептердің бірі болған жағдайда, салымшы жазбаша өтініш пен растаушы құжаттарды ҚДКБҚ-ға тапсырады. Онда бұл құжаттар 5 жұмыс күні ішінде қаралып, шешім шығарылады. Егер оң шешім қабылданса, ҚДКБҚ өтем ақшаны салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады.   

 

Атап өту керек, ҚДКБҚ халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын уақтылы жүргізеді және өтем төлеу тәртібі туралы әрбір сақтандыру жағдайы туындаған кезде, төлемнің әрбір кезеңінде: төлем басталғанға дейін, төлем барысында және одан кейінгі уақытта, сондай-ақ талап етілмеген сомаларды БЖЗҚ-ға аудару туралы сапалы және уақтылы ақпараттарды баспа және электронды БАҚ-қа, ҚДКБҚ сайтында және оның әлеуметтік желілердегі парақшаларына орналастыру жолымен халықты міндетті түрде хабардар етеді.

   

ҚДКБҚ бұл жетістктерімен шектеліп қалмақ емес. Ол сондай-ақ Қазақстанды цифрлық түрлендіру аясында ғаламдық халықаралық үрдістерге ден қойып, соларға сәйкес болуға ұмтылады. Ақпараттық технологиялардың рөлі жыл санап артып келеді. Қағаз жеткізгіштегі ақпараттар, құжаттар цифрлық форматқа ауыстырылуда. Банктер онлайн-қызметтерді белседі түрде дамытуда және халықтың басым бөлігі қазір банк бөлімшелеріне бармай-ақ оның қосымшаларын пайдалану арқылы банктік қызметтерді толыққанды алуда.

 

ҚДКБҚ замана көшінен кейін қалып жатқан жоқ. Қор негізгі бизнес-үдерістерді одан әрі жетілдіру және автоматтандыруды өз дамуының басты факторы ретінде белгілеген. Мақсат – қағаз құжаттар айналымын азайту, салымшылармен және қатысушы банктермен өзара әрекеттестіктің сапасы мен жайлылығын барынша арттыру.

 

«Технологияларды дамыту және қажетті заңнамалық өзгерістер салымшыларға кепілдік берілген өтем ақшаларын барынша тез және ыңғайлы әдіспен қайтарудың тиімділігін арттыра түседі. Бұл салымшыларға қызмет көрсету уақытын азайтуға мүмкіндік береді», - деді ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев.

 

Одан басқа, ҚДКБҚ үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалана отырып, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігін арттыруға күш салады және    IADI Негіз қалаушы қағидаттарына сәйкес болуға ұмтылады. Осы жолда салымшылардың иглігі үшін өнімді еңбек етуін одан әрі жалғастырады.

 

Кепілді өтем төлеу механизмі туралы толығырақ ақпаратты ҚДКБҚ байланыс орталығының 1460 тегін нөміріне хабарласу арқылы алуға және www.kdif.kz сайтынан оқып білуге болады, сондай-ақ қажетті сауалдарды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask Тelegram-чат жолдауға толық мүмкіндік бар.