Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстанның банк секторының орнықтылығы – ҚДКБҚ пікірі

Қазақстан банктерінің активтері 58,5 трлн теңгеге жетті

 

ҚДКБҚ сарапшылары Қазақстанның қаржы ортасын және тәуекел факторын мынадай маңызды көрсеткіштер: банк секторын капиталдандыру деңгейі, активтердің сапасы мен құрылымы, пайдалылық және өтімділік құрылымы бойынша талдау жасады.


Ғаламдық дүрлікпелер: пандемия, әртүрлі геосаяси жағдайлар және қаржы әлемінің Credit Suisse және Silicon Valley Bank секілді алпауыттарының күйреуі... Осылардың барлығына Қазақстанның банк секторы төтеп бере алды және сыртқы дүрлікпелер ел экономикасына кері әсерін тигізе алмады. Алайда олар халықаралық деңгейде кең көлемді талқылаулар жүргізудің қозғаушы күшіне айналды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) хабарлағанындай, Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы тиімділік қағидаттарына белсенді ревизия жүргізіп, депозиттерді сақтандырушылардың банктердегі тұрақтылыққа және тәуекелдер деңгейіне баға беру секілді жұмыстарына басымдық беруде. Депозиттерді сақтандырушылар тек санаулы ғана елдерде банктердің тәуекелдеріне баға береді және бұл жерде Қазақстан солардың үлгілі қатарында. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банктердің орнықтылығын бағалауға арналған заманауи модельді әзірлеп шығарған және оны ойдағыдай пайдаланып келеді. Айталық, депозиттерді сақтандырушы резервтердің барабар деңгейін қамтамасыз етеді және депозиттерді тиімді қорғайды.


2024 жылы банк секторының жоғары деңгейде капиталдануы жалпы Қазақстанның қаржы секторы мен банктерінің тұрақты болуының ең өзекті көрсеткіші болып қалуда

Банктердегі капитал деңгейі банктік операциялардың тиімділігін және банктердің қаржылық күйзелістерді еңсерудегі әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте минималды нормативтік талаптар, пайда (тұрақты пайдалалық капиталды еселендіруге мүмкіндік береді) және активтердің сапасы (сапаның төмен болуы пайданы резервке ығыстырады) – банктердегі капиталдың жеткіліктігінің негізгі көрсеткіштері болып табылады.


Қазақстанда банктердің көпшілігінде капиталдың жеткіліктілік деңгейі минималды нормативтік талаптарды айтарлықтай басып озады. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері сақталып келеді.


KDIF-Banking-Sector-3.jpg



Банк секторы үшін капитал қорын қамтамасыз етуге 2017 жылы басталған және бірнеше кезеңде жүзеге асырылған бірқатар алдын алушы реттеу шаралары көмектесті. Мысалы, соңғы жылдары банктік тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты бақылау мен талаптар механизміне банк секторы активтерінің сапасын бағалау нәтижелері (AQR), сондай-ақ Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP - Financial Sector Assessment Program) аясында алынған ұсынымдары енгізілуде.


2023 жылғы экономикалық жағдай және жоғары деңгейдегі іскерлік белсенділік банктік капиталды нығайту жолында қосымша жағымды факторларға айналды. Пандемиядан кейінгі тұтынушылық сұраныс және геосаяси оқиғалар аясында қаржылық активтердің ағылуы банктік операциялардың ауқымды бола түсуіне және осы кезеңде айтарлықтай пайда табуға септігін тигізді. Бұл тұрғыда 2023 жыл рекордтық сипатқа ие болды, банк секторының капиталы үштен бір есеге дерлік көбейді.     


Ағымдағы жыл да банктер үшін қолайлы болуда: тоғыз ай ішінде банк капиталы 20,3%-ға өсіп, 9,0 трлн теңгені құрады, оның ішінде резервтік капитал 30,1%-ға өсті. Отандық банктердегі капиталдың ағымдағы деңгейі экономика аумалы-төкпелі құбылмалы болған кезде банктердің оған ойдағыдай төтеп бере алатындығын көрсетеді.

   

Банктерде капиталдандыру деңгейінің жоғары болуы оларға өздерінің кредит беру функциясын барлық сегменттер бойынша орындауларына мүмкіндік береді

 

Банктік активтер жыл басынан бері 7 трлн теңгеге өсіп, 1 қарашадағы жағдай бойынша 58,5 трлн теңгеге жетті. Банк секторы активтерінің құрылымы әртараптандырылған, бірақ әртараптандыру дәрежесі банктен банкке қарай бизнес-модельдерге байланысты өзгеріп отырады. Активтердің басым бөлігі пайыздық табысты қалыптастыратын активтерде – кредиттік портфельде (53,2%) және бағалы қағаздар портфелінде шоғырланған (20,4%).


Банк секторында кредитке деген сұраныс тұрақты түрде жоғары деңгейде. 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша банктердің қарыздық портфелі 33,8 трлн теңгені құрады. Бұл бұдан бір жыл алдыңғы көрсеткіштен 20,4%-ға жоғары. Мұндай өсімге бөлшек саудалық секторда да, корпоративтік секторда да кредит беру көлемінің артқандығы арқасында қол жеткізілді. Өз кезегінде банк секторының бизнеске берген қарыз ақшалары көлемінің жылдық өсімі 2 трлн теңгені (+17,4%) құрады, ал бөлшек саудалық портфель 3,9 трлн теңгеге өсті (+24,6%). Бөлшек саудалық кредит беру саласында әлі де көш басында – тұтынушылық қарыздар. 2024 жылдың он айы ішінде олар 27,1%-ға өсті. Белсенді түрде дамып жатқан екінші сегмент – ипотека. 2024 жылдың басынан бері ипотекалық портфель 10,6%-ға өсті. Корпоративтік қарыздардың құрылымында негізгі көлем өнеркәсіп саласындағы клиенттерге тиесілі (40,2%).


KDIF-Banking-Sector-4.jpg

Банк секторы активтерінің сапасы жақсы деген бағаға ие: тәуекелдер бірқалыпты, ал несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде


Қазақстанның банк секторының активтеріне байланысты тәуекел деңгейі туралы несие портфелі сапасының көрсеткіштері бойынша мынадай тұжырым жасауға болады: шоғырлану деңгейі (қарыз алушының тұрпаты бойынша 25 ірі қарыз алушыға арналған), мерзімі өткен берешек көлемі және резервтердің жеткіліктілік деңгейі. 


Бөлшек саудалық несие беру сегментінде шоғырлану деңгейінің жоғары болуын екі түрлі жолмен қарастыруға болады. Бұл бір жағынан, осы банктік көрсетілетін қызметтерге деген сұраныстың артқандығын білдірсе, екінші жағынан – халықтың кредиттелу деңгейі артып жатыр деген сөз. Қарыз алушы алған әрбір кредит оның табысын азайта түседі және борышты өтеу қызметінің сапасын төменедетеді. Мұндай жағдай байқалмай қалмайды. Елімізде бірқатар шаралар жүзеге асырылды: жеке қолға берілетін кредиттерінің үлесі жоғары банктер үшін капиталдың жеткіліктілігіне деген талап күшейтілді; қаржы реттеушісі орындауға міндетті коэффициентті – қарыз алушының табысына қарай борыш коэффициентін енгізді. Нормативтің мақсаты – азаматтардың борыштық жүктемесінің шектен тыс өсуін шектеу және қарыз алушыға несиені өтей алу мүмкіндігінен де жоғары несие беруге жол бермеу. Банк секторының тәуекелдерін жүйелік деңгейде шектеу мәселесін және капиталдың қарсы циклдік буфері сынды құралын Қазақстанның Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық бойынша кеңес деңгейінде зерттеп, талқылауда. Бұл ретте 25 ең ірі қарыз алушылардағы тәуекелдер шоғырланымының деңгейі бірқалыпты болып бағаланады және сектор бойынша орта есеппен 37%-ды құрайды.


Мерзімінің өткендігі 30 күннен асатын (NPL30+) берешектердің көлемі банк секторы бойынша 2024 жылдың 1 қарашасына қарай 4,4%-ды құрады. Мерзімі 90 күннен асатын (NPL90+) проблемалық берешектердің үлесі 3,3% деңгейінде қалыптасты. Несиелік портфельдің жылдық өсімі 20,4%-ды құрағанымен, NPL90+ деңгейі өзгермеді. 90+ проблемалық берешектерді провизиялармен қамтамасыз ету деңгейі жоғары деңгейде қалуда – 68,9%.


Банк секторының ағымдағы өтімділік қоры жоғары деңгейде сақталуда


Өтімділік деңгейі тұрғысынан алып қарайтын болсақ, банк секторының жағдайы жақсы. Яғни қаражаттардың салымшылар «алып қояды-ау» деген бөлігін өтеуге шамасы келеді деген сөз. Айталық, қысқа мерзімді өтімділіктің нормативтік деңгейі талап етілетін ең төменгі шектен айтарлықтай басып озады және 2024 жылдың 1 қарашасына қарай, сектор бойынша 233,1%-ды құрайды. Банк секторының жиынтық активтерінде жоғары өтімді активтердің үлесі 2024 жылдың қараша айының басына қарай тұрақты көрсеткіште – 30,3% деңгейінде болды. Бұл ретте банк секторында жоғары өтімді активтердің жалпы жылдық өсімі 3,1 трлн теңгені құрады (+21,5%).


Алайда өтімділік тәуекелі өтімді активтердің көрсеткішіне ғана тәуелді емес. Егер ақшалай қор жинау көзі шоғырландырылған немесе тұрақты емес қаржыланлдыру көздерінің үлесі айтарлықтай болса, бұл өтімділіктің жетіспеуіне әкеп соғуы мүмкін. Бүгінде қазақстандық банктер үшін әртүрлі қарызға ақша алу көздері қолжетімді. Яғни отандық банктердің меншікті қаражаттарының көлемі лайықты деңгейде. Бұл ақшалай қор жинаудың теңгерімді құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі уақытта банктеріміз негізінен ресурстық базаны қалыптастырудың ішкі қаржы көздеріне икемделген: салымшылардың қаражаттары бүкіл банктік пассивтердің 67,3%-ын құрайды. Мұндай қорландыру құрылымы сыртқы экономикалық дүрлікпелердің зардабын дарытпайды. Ағымдағы жылдың қараша айының басына қарай, клиенттердің салымдары 39,3 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 18,7%-ға артық.


Депозиттердің долларлану деңгейі қазан айының қорытындысы бойынша 25,4%-ды құрады. Экономиканың долларлануына қарсы күрес сонау 2016 жылы басталған еді. Нәтижесінде теңгелік салымдардың үлесі 2016 жылдан бері 21,0%-дан 74,6%-ға дейін өсті. Теңгедегі қорланымның жоғары басымдыққа ие болуы банктердің жалпы шығыстарын арттырады. Өйткені теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер тарихи тұрғыда ең жоғары деңгейде. Алайда айырбас бағамының құбылмалылығына қарай, валюталық тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді.   


Өз кезегінде клиенттердің жиынтық қаражаттарының 57,7%-ы бөлшек саудалық салымдардан құралады. Бұл өз кезегінде банк секторының тек ірі корпоративтік клиенттерге (депозиттерге) негізделу тәуекелін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Банк секторындағы ақшалай қор жинаудың тұрақтылығы мерзімді және жинақ депозиттердің арқасында қамтамасыз етілуде. Бұл депозиттер бойынша ақшаны мерзімінен бұрын алу бойынша шектеулердің бар екендігі белгілі. Депозит портфелінің бұл сегменті 2024 жылдың басынан бері 15,5%-ға өсті. Бұл ретте жалпы өсім 3,9 трлн теңгені құрады. 


Жоғары табыстар – банк қызметі тиімділігінің белгісі


2022 жылдан бері банк секторы пайда қалыптастыруда. 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қаржылық нәтиже 2,1 трлн теңгені көрсетті. Бұл өткен жылдың нәтижесінен 18,2%-ға жоғары. Қаржылық нәтиженің негізгі құраушы бөлігі – пайыздық табыстар. Олардың жылдық өсімі 24,3%-ға жетті.  Провизиялар қалыптастыруға жасалған шығындар бір жыл ішінде 3,4%-ға өсіп, жиынтық пайыздық емес шығыстардың құрылымында 3,8%-ды құрады. Табыстылықтың басқа көрсеткіштеріне келер болсақ, 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша активтердің пайдалылығы (ROA) 4,6%-ды құрады (2023 жылдың сәйкес кезеңінде – 4,6%), капиталдың пайдалылығы (ROE) – 33,3% (36,6%). Таза пайыздық маржаның көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда с 6,4%-дан 6,6%-ға көтерілді. 


 Жалпы алғанда, Қазақстанның банк секторы сын-қатерлерге, әлемдік дағдарыстарға және жағымсыз ішкі экономикалық факторларға төтеп бере алады


Бұл капиталдың жоғары көлемдегі қорымен, жаңа технологшияларды енгізумен және сауатты қадағалау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар секторды одан әрі кеңейтуге және дамытуға алғышарттар жасалды – жеткілікті беріктік запасы қамтамасыз етілді және қажетті ресурстық база қалыптастырылды. Мұның барлығы халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағаларымен расталып отыр. 2024 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет Moody’s халықаралық агенттігінің шәкілі бойынша – Baa1 рейтингіне ие болды. Болжам «Тұрақты». Экономиканың тұрақты өсу қарқынымен бірге үйлестікте институционалдық негіздердің де жақсара түсуі – Қазақстанның кредиттік рейтингінің артуына септігін тигізді.


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өзінің сараланған жарналар моделінде банктердің орнықтылық көрсеткіштерін ескереді. Бұл модель деректердің үлкен пулын сапалы талдауға мүмкіндік береді. Осы деректер арқылы банктердің қаншалықты сенімді екендігін анықтап, оларды жеткілікті дәрежеде саралап, тиісті топтарға жіктеуге болады (барлығы 5 топ бар – әрқайсысының өзіне тән тәуекел дәрежесі және, сәйкесінше жүйеге төлейтін жарна мөлшерлемесі бар). Осылайша ҚДКБҚ арнайы резервті қалыптастыру үшін банктердің жарналарын әділ түрде белгілейді. Қазіргі уақытта арнайы резервте триллионнан астам теңге жинақталған. Оның кепілдік берілген депозиттерге қатынасы немесе арнайы резервтің жеткіліктілік коэффициенті 5,1%-ды құрайды (заңнамалық минимум – 5%).


2024 жылдың 9 желтоқсанында Kapital.kz Іскерлік порталында жарияланды