ҚДКБҚ өкілдері депозиттерді сақтандыру саласындағы халықаралық қағидаттарды жаңартуға қатысуда
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының делегациясы Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының Токио қаласында өткен Жылдық жалпы жиналысы аясында «Депозиттерді сақтандырудың тиімді жүйелеріне арналған негіз қалаушы қағидаттардың» жаңартылған жобасын талқылауға қатысты.
Нақтылай түссек, депозиттерді сақтандырушылар қаржы технологиясы мен мобильді банкингтің дамуына байланысты 2014 жылғы редакцияда қолданыста жүрген тиімділік стандарттарын жаңартуда. Сонымен қатар сарапшылар осы халықаралық стандарттарды дайындауда Silicon Valley Bank, Signature Bank және First Republic Bank, сондай-ақ ірі ғаламдық ойыншы Credit Suisse-ке қатысты жағдайларға байланысты алынған тәжірибелер мен тұжырымдарды да есепке алды. Депозиттерді сақтандырушы, қаржы реттеуші және соңғы сатыдағы кредитор ретінде орталық банктен тұратын қаржы қауіпсіздігі желісіне қатысушылардың өзара әрекеттестігі мәселесіне айрықша көңіл бөлінді.
Бұл тақырып бойынша ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев баяндама жасау барысында өз пікірін білдірді. Қордың басшысы Қазақстанда Қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) барысында алынған, Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банктің ұсынымдарын енгізу аясында алдағы жоспарлармен бөлісті. Бұдан басқа, ҚДКБҚ Төрағасы шетелдік әріптестерін Қазақстанның Ұлттық Банкінің цифрландыру саласындағы бастамалары туралы хабардар етті. Бұл бастамалар шешімдерді үйлестіреді және ақпарат алмасуды тездетеді. Атап айтар болсақ, Цифрлық Ұлттық Банк аясында цифрлық ақпарат кеңістігі жасалады, «Деректер фабрикасы» жобасы дамытылуда.
«Біз өтемді кез келген сәтте және уақтылы төлеуге дайын болу жолында үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз, ал дағдарыс туындаған кезде біз банктердің салымшыларының мүдделері үшін әрекет етеміз. Цифрландыру бізге күнделікті жұмыста және дағдарысқа жауап ретінде қабылдайтын шешімдеріміздің жеделдігі мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Әділ Өтембаев.
ҚДКБҚ басшысы сондай-ақ IADI-дің қаржы технологиясы бойынша техникалық комитетінің отырысында шақыртылған баяндамашы ретінде сөз сөйледі. Бұдан басқа, Әділ Нұрланұлы қауымдастықтың жоғарғы органы – Атқарушы комитеттің немесе EXCO жұмысына қатысты. Қауымдастық аясында қазақстандық тарап (саясатты, талдаманы, зерттеулерді және т.б. әзірлеу бойынша) бірқатар консультативтік және техникалық комитеттердің, сондай-ақ Азия-Тынық мұхит, Еуропа және Еуразия аймақтық комиттерінің құрамына кіреді. Мұндай алаңдарда болу әлемдік тәжірибелерді ескеруге және олардың үздік үлгілерін еліміздегі депозиттерді қорғау саласына енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар барысында алдыңғы қатарлы ұйымдардың бірі – Филиппиннің депозиттерді сақтандыру корпорациясымен (PDIC) өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әріптестік аясында тараптар жинақталған тәжірибелермен және білімдермен бөлісуге, үздік халықаралық іс-тәжірибелер мен стандарттарды талқылауға, бірлескен зерттеушілік бастамаларды өткізуге келісті. Қазақстандық тарап банктердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне төлейтін жарналарының сараланған немесе тәуекелдерді бағалауға негізделген жүйесін дамыту саласындағы тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін білдірді.
2024 жылдың 21 қарашасы