Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ кепілдіктері қандай қаржы құралдарына қолданылады және қолданылмайды

2023 жылдың 01 қарашасына қарай Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі 18.7 трлн теңгені құрады. Оларды ішінде ұлттық валютадағы депозиттер – 13,5 трлн теңгеге жетсе, шетел валютасындағы депозиттер – 5,2 трлн теңге болды. Қазақстандықтардың көпшілігі ақшаны жинау және арттыру құралы ретінде банк салымдарын таңдайды. Мұның бір себебі – олардың сенімділігі. Оның үстіне оларға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) тарапынан кепілдік берілген.      ҚДКБҚ қандай қаржы құралдарына кепілдік беретіндігін және бермейтіндігін тағы да еске саламыз.  

 

ҚДКБҚ кепілдік беретін қаржы құралдары

 

Сонымен жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне (ДКБЖ) қатысушы банктердегі шоттарында жатқан ұлттық және шетел валютасындағы қаражаттары ҚДКБҚ кепілдік объектілері болып табылады. Жеке тұлғалардан депозиттер қабылдау және олардың банк шоттарын ашу және жүргізуге ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен лицензия алған екінші деңгейдегі банктердің барлығы (ислам банктерін қоспағанда), олардың ішінде шетелдік банктердің филиалдары ДКБЖ-ға қатысады. Қазіргі уақытта олардың саны – 21 (толығырақ осында).

 

ҚДКБҚ кепілдіктері депозиттерден (салым) басқа, олар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыларға да қолданылады. Сонымен қатар жеке тұлғалардың ағымдағы шоттары мен карточкалық шоттарындағы ақшалары да ҚДКБҚ қорғауына алынған.  

 

Егер жинақ ақша теңгеде сақталатын болса, онда банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшы жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңге, өзге депозиттері, шоттары және карточкалары бойынша – 10 млн теңге шегінде кепілді өтем алуға үміт арта алады. Егер жинақ ақша шетел валютасындағы депозиттерде, ағымдағы шоттар мен карточкаларда сақталған болса, олар бойынша максималды өтем сомасы – банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша баламасында 5 млн теңгені құрайды.

 

Мына маңызды жайтты есте сақтаңыз:


егер бір банкте түрі мен валютасына қарай бірнеше депозит орналастырылған болса, олар бойынша жалпы жиынтық өтем сомасы әрбір депозит түрі бойынша есептелген максималды өтем сомасын ескере отырып, 20 млн теңгені құрайды және одан асырылмайды. Егер жинақ ақшаңыз бұл сомадан асып кетсе, ҚДКБҚ басқа банктен қосымша депозит ашуға кеңес береді. Сіз ақшаңызды осылай қорғай аласыз. Өйткені әртүрлі банкте орналастырылған ақшаларға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі.


Алайда қандай да бір себеппен жинақ ақшаңыз банк лицензиясынан айырылған күнге қарай кепілдік берілген максималды өтем сомасынан асып кеткен жағдайда, сол артық ақшаны лицензиясынан айырылған банкіңіздің тарату комиссиясынан алуыңызға мүмкіндігіңіз бар.

 

ҚДКБҚ қандай қаржы құралдарының сақталуына кепілдік бермейді

 

ҚДКБҚ кепілдіктері мына қаржы құралдарына қолданылмайды:

 

•         жеке тұлғалардың металл шоттары;

•         банк ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;

•         депозиттік сертификаттар;

•         заңды тұлғалардың депозиттері;

•         ислам банктерінде, олардың ішінде Қазақстан аумағында ашылған, шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналасқан депозиттер.

 

Егер сұрақтарыңыз болса, қашанда kdif.kz сайтынан қосымша ақпарат таба аласыз. Сонымен қатар сауалдарыңызды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауыңызға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігіңіз бар.