Депозиттердің түрлері. Қорғалғандығы және табыстылығы
Қаржыны саналы түрде басқару – оны лайықты дәрежеде жоспарлаудың негізгі тетігі. Тұрақтылықты сақтауды және қаражатыңыздың өсуін қамтамасыз ету әдістерінің бірі – оларды депозитке орналастыру.
Депозиттер – бұл капиталды сақтаудың сенімді құралы ғана емес, сонымен қатар табыс көзі. Алайда қаржы әлемі алуан түрлі болып келетіндіктен, жеке тұлғаның депозитті дұрыс таңдауы оның қаржылық жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.
Біз бұл мақалада депозиттердің түрлерін және олардың қорғалу деңгейін қарастыруды ұсынамыз және табыстылық туралы әңгімелемейміз. Оқып шыққан соң, көздеген мақсатыңызға, тәуекел деңгейіне және табыстылық бойынша қажеттілігіңізге қандай депозит лайықты екендігі туралы дұрыс шешім қабылдайсыз деген үміттеміз.
Жинақ депозиттер
Жинақ депозиттер – бұл сыйақы мөлшерлемелері жоғары депозиттер. Алайда олардың жоғары табыстылығы қатаң шектеулерге негізделген: егер салымшы ақшасын мерзімінен бұрын алатын болса, алдымен банктен талап етеді, содан кейін ақшасына күнтізбелік 30 күннен кейін ғана қол жеткізеді. Ал сыйақы мөлшерлемесінен толық дерлік айырылады. Мұндай салым ақшасын ұзақ мерзімге салатын және сол мерзім аяқталғанша оны алмайтындығына сенімді адамдар үшін өте тиімді.
Егер ақшаңызды жинақ депозитке салуды ұйғарсаңыз, ең алдымен оның мерзімін және толықтыруға болатын-болмайтындғын анықтап алуыңыз қажет. Өйткені сыйақы мөлшерлемесі бұған тікелей байланысты. Айтпақшы, банктер мөлшерлемені өтімділікке деген қажеттілікке және ішкі депозиттік саясатқа қарай өз бетімен белгілейді.
· Әдетте толықтырылатын салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері толықтырылмайтын салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерінен төмен болады.
Салымшылардың көпшілігі бір жыл және одан да жоғары мерзімге арналған, толықтыруға болмайтын жинақ салымдарды таңдайды.
Есіңізде болсын: жинақ салымдағы ақшаны мерзімінен бұрын алу қисынға келмейді – сіз есептелген табыстан айырыласыз. Мәселе мынада, салымшы жинақ салымын белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап еткен жағдайда, салым бойынша сыйақы талап етілмелі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді, яғни ол жылдық 0,1 пайыздан аспайды. Банктер өз кезегінде бұл соманы одан әрі азайтуға құқылы.
Мерзімсіз депозиттер
Мерзімсіз депозиттер – Қазақстандағы ең танымал салым түрі. Олар бойынша сыйақы мөлшерлемелері әдетте Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне жақын болады. Бұл ретте сіз ақшаңызға кез келген уақытта иелік етуге және оны кез келген уақытта толықтыруға немесе (азайтуға болмайтын қалдықты ескере отырып) алуға мүмкіндік аласыз. Мерзімсіз салымдар бойынша айыппұлдар өте аз немесе тіпті жоқ.
Мерзімсіз салымдардың маңызды жақтары:
Мерзімі нақты белгіленген: «мерзімсіз» деп аталғанымен бұл салымдардың нақты белгіленген мерзімі бар. Сыйақы мөлшерлемесі сол мерзімге тағайындалады. Мысалы, салым бір жылдық мерзімге салынған жағдайда, мөлшерлеме бір жыл ішінде тұрақты сипатта болады. Банк үшін тәуекелдерді теңестіру мақсатында ұзақ мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері төмен болуы да мүмкін.
Алуға икемді: шарттық мерзіміне қарамастан, сіздің кез келген уақытта ақшаңызды алуға мүмкіндігіңіз бар.
Капиталдандырылу: банктер сыйақы есептеудің екі нұсқасын ұсынады: пайызды бөлек шотқа аудару немесе капиталдандыру. Капиталдандыру барысында есептелген пайыздар салымның сомасына қосылады және келесі кезеңде банк пайызды осы ұлғайтылған сомаға есептейді. Бұл депозит сомасының біртіндеп көбеюіне септігін тигізеді.
Банктердің көпшілігінде салымшылар шоттарындағы ақшаларын азайтылмайтын қалдық шегінде ешқандай шектеусіз, мерзімінен бұрын ала алады. Бірақ мерзімсіз депозит – бұл ағымдағы шот емес. Сондықтан ірі соманы алу үшін уақыт және банкті алдын ала ескерту қажет болуы мүмкін. Азаматтық заңнамаға сәйкес бұл күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмейді.
Егер ақша депозитте аз уақыт (әдетте бір айға дейін) жатқан болса, банк сыйақы есептемеуі мүмкін немесе төмендетілген мөлшерлеме бойынша естептеуі ықтимал.
Сонымен қатар нарықта мерзімді депозиттер бар. Аты айтып тұрғандай, олар бойынша қаражат белгілі бір мерзімге (бірнеше айдан бірнеше жылға дейін) орналастырылады. Мұндай салымдар бойынша ақша мерзімінен бұрын алынатын болса, айыппұл салынады. Бірақ олар жинақ салымдардағы секілді қатаң емес: ақшаны толығымен немесе ішінара алуға болады, бірақ бұл ретте жойылатын сыйақы көбінесе есептелген пайыздық мөлшерлеменің жартысын құрайды.
Депозиттердің қорғалғандығы
Келесі бір маңызды тақырып - депозиттеріңіздің қорғалғандығы. Депозиттерді сақтандыру жүйесі көптеген елдерде жұмыс істейді, яғни банк банкрот болған жағдайда салымшылардың ақшаларының кепілдік берілген белгілі бір мөлшері қайтарылады. Демек банк қаржылық қиындықтарға тап болса да, депозитіңіздегі ақшаңыздың белгілі бір мөлшері мемлекет тарапынан қорғалады деген сөз.
Біздің елде мұндай қызметті ҚДКБҚ - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры атқарады. Ол депозиторлардың салымдарына белгілі бір сомаға дейін кепілдік береді (20 млн теңге – теңгедегі жинақ депозиттер (салымдар) бойынша; 10 млн теңге – теңгедегі басқа депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша; 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер және ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы қалдық ақшалар бойынша).
Мынаны ұмытпаған жөн: егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті, ағымдағы және карточкалық шоттарында ақшалары, сондай-ақ шетел валютасында салымы болса, өтем төлеу барысында бұл сомалар жинақталып, олар бойынша жиынтық кепілдік өтем төленеді және ол 20 млн теңгеден асырылмайды. Бұл ретте әрбір салым бойынша кепілдік берілген шекті сомалар ескеріледі.
Тұжырым
Депозит түрін таңдау өзіңіздің қаржылық мақсатыңызға, тәуекел деңгейіне және өтімділікке деген қажеттілікке, яғни қаражаттың қолжетімділігіне тікелей байланысты. Бұл жерде салымның қорғалғандығын және табыстылығын да ескеру қажет.
Инвестициялау ережесінің базалық қағидасына сүйене отырып, ақшаңызды бір емес, бірнеше банкке орналастырыңыз. Өйткені ҚДКБҚ кепілдіктері әрбір банк бойынша жеке-жеке қолданылады.
Егер салымыңыздағы ақшаңызды мерзімінен бұрын алмайтындығыңызға сенімді болсаңыз, онда сыйақы мөлшерлемесі жоғары депозитті, мысалы, жинақ салымды қарастырып көріңіз.
Жинақ және мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері жоғары болғанымен, ақшаңыздың бір бөлігін мерзімді салымда қалдырыңыз. Өйткені күтпеген жағдайларға ақша керек болып қалуы мүмкін. Мерзімсіз салым – резерв, ал жинақ салым – инвестиция.
Сондай-ақ салымның мерзімі ұзартылған жағдайда, банк ҚДКБҚ-ның шекті мөлшерлемелеріне сүйене отырып, ол бойынша сыйақы мөлшерлемесін өзгертуі мүмкін екендігін ұмытпаңыз. Шарт бойынша мөлшерлеме салымның нақты мерзіміне белгіленеді.
Депозит ашу туралы шешім қабылдаған соң, қателікке бой алдырмас үшін банктің менеджерімен ақылдасып алуыңызға болады.
Міне, осындай ақыл-кеңестерді ескере отырып, сіз қаражаттарыңызды тиімді басқара аласыз және тәуекелдерді барынша азайтасыз.
Сізге қосымша ретінде оқып шығу пайдалы:
· Жүйеге қатысушы банктердің депозиттік өнімдері
· Қатысушы банктердің мөлшерлемелеріне мониторинг
Депозитерге кепілдік беру жүйесі туралы қосымша ақпаратты ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан білуге болады немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға не болмаса 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.