Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозит бойынша сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілді өтемді есептеу ерекшеліктері

Жеке тұлғалардың барлық қазақстандық банктерде және (ислам банктерін қоспағанда) шетелдік банктердің филиалдарында орналастырылған ақшаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін елімізде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. Қандай да бір банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) ондағы жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттері бойынша, лицензиядан айыру күніне есептелген сыйақыны ескере отырып кепілді өтем төлейді. Бұл ретте депозиттер бойынша жинақталған сыйақылар да есепке алынады. ҚДКБҚ кепілдігі ағымдағы және карточкалық шоттардағы ақшаларға да қолданылады.


Кепілді өтемді төлеу «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген лимиттер шегінде жүзеге асырылады және ол депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты:     


          - 20 миллион теңге – ұлттық валютадағы жинақ депозиттер (салымдар) бойынша;

          - 10 миллион теңге – ұлттық валютадағы өзге депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша;

          - 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша.

 

20 миллион теңгелік максималды кепілдік сомасы жинақ салымы үшін белгіленген. Мұндай салым белгілі бір мерзімге ашылады және одан ішінара ақша алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Бірақ мұндай депозиттен мерзімінен бұрын тек толығымен ақша алуға болады. Бұл үшін банкті ақша алардан күнтізбелік 30 күн бұрын ескерту қажет. Мұндай жағдайда жинақ салымы бойынша жинақталған сыйақы толығымен дерлік жойылады және шот жабылады.  

 

Депозиттердің басқа түрлері бойынша (талап етілмелі салымдар, шартты салымдар, мерзімді салымдар, мерзімсіз салымдар, ағымдағы және карточкалық шоттардағы қаражаттар) бойынша максималды кепілдік сомасы 10 миллион теңгені құрайды. Бұл ретте мерзімді салымдар жинақ салымдарға қарағанда өздерінің икемділігімен ерекшеленеді. Оларды толықтыруға және олардан азайтуға болмайтын қалдық шегінде ішінара ақша алуға болады. Бұл ретте шот жабылмайды және есептелген сыйақылар толығымен емес, ішінара жойылады. Шартты салымдар банк салымы шартында белгіленген мән-жайлар туындағанға дейін салынады, ал талап етілмелі салымдағы ақшаны салымшы кез келген уақытта толықтыруға және одан толығымен немесе жартылай ақша алуға құқылы.    

 

Есте сақтау қажет, шетел валютасындағы депозиттерге банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген валюта бағамы бойынша 5 миллион теңге шегінде кепілдік беріледі және мұндай депозиттер бойынша кепілді өтем тек теңгемен төленеді.  

 

Егер сіздің ақшаларыңыз бір банкте түрі мен валютасына қарай бірнеше теңгелік депозитте, оның ішінде жинақ салымында орналастырылған болса, онда барлық депозиттері бойынша, оның ішінде жинақталған сыйақыларды қосқанда жиынтық кепілді өтем сомасы 20 миллион теңгеден асырылмайды. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген кепілдік сомасы ескеріледі.

 

Егер банкіңіз лицензиясынан айырылса, барлық жинақ ақшаларыңыз бойынша кепілді өтемнің мөлшерін қалай есептеуге болатындығын мына төмендегі мысалдарда түсіндіреміз:

 

Картадағы қаражат және теңгелік салым: банкте сіздің ағымдағы шотыңыз бар, оған карточка және кәдімгі теңгелік мерзімді депозит байланыстырылған. Мұндай жағдайда ағымдағы шотыңыз бен депозитіңіздегі қалдық ақшаларыңызға және оларға есептелген сыйақыларға 10 миллион теңгеден асырылмайтын көлемде кепілдік беріледі. Мысалы, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай ағымдағы теңгелік шотыңызда 700 мың теңге, ал мерзімді депозитіңізде 9,5 миллион теңге бар болса, жиынтық кепілдік өтем 10 миллион теңгені құрайды.

 

Теңгелік шот пен салым және шетел валютасындағы депозит: егер теңгелік шот және салымнан басқа, шетел валютасында да салым ашқан болсаңыз, онда жиынтық максималды (шекті) кепілдік сомасы 15 миллион теңгеден асырылмайды: 10 миллион теңге ағымдағы шот және салым бойынша және 5 миллион теңге шетел валютасындағы салым бойынша. Мысалы, теңгелік депозиттегі жинақ сома 2 миллион теңге, ағымдағы теңгелік шотыңызда – 500 мың теңге және шетел валютасындағы депозитіңізде 25 мың доллар бар делік (банк лицензиясынан айырылған күнге қарай шартты бағам 480 теңге болған жағдайда – 12 миллион теңгені құрайды). Бұл жағдайда кепілді өтемнің жалпы сомасы 7,5 миллион теңгені құрайды: теңгелік депозит бойынша – 2 миллион теңге, ағымдағы шот бойынша – 500 мың теңге және шетел валютасындағы депозит бойынша – 5 миллион теңге.    


Теңгелік жинақ салым және шетел валютасындағы салым: енді сіздің теңгелік жинақ салымыңызда 18 миллион теңге және шетел валютасындағы салымыңызда 10 мың доллар бар. Мұндай жағдайда жиынтық кепілдік өтем 20 миллион теңгені құрайды: жинақ салым бойынша 18 миллион теңге және шетел валютасындағы салым бойынша 2 миллион теңге. Өйткені шетел валютасындағы депозиттер бойынша максималды өтем сомасы 5 миллион теңге болғанымен, жиынтық кепілдік өтем бәрібір 20 миллион теңгеден асырылмайды.

 

Егер жинақ сома сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан асатын болса, салымшы банктің тарату комиссиясына жүгінуі керек. Ол кредиторлардың талаптарын (кепілдіктен тыс сомаларды да қосқанда) банк заңнамасы белгілеген кезектілік тәртібімен жүзеге асырады.

 

Бұл ретте атап өту керек, банкте орналастырылған ақшалардың қайтарылмай қалу қаупін жою үшін оларды әртүрлі банктерде кепілдік берілген өтем сомасы шегінде орналастырған жөн. Өйткені әртүрлі банктерде орналастырылған ақшаларға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі.


Тағы да назар салыңыз, егер салымшыда депозиттері мен ағымдағы шоттарындағы жинақ ақшаларынан басқа, лицензиясынан айырылған банкте кредиті бар болса, яғни салымшы бір мезетте әрі салымшы әрі борышкер болса, кепілді өтем сомасын есептеу барысында салымшының банк алдындағы кредиті, қарызы ескеріледі.

 

Мысалы, сіздің 20 миллион теңгеге жинақ салымыңыз, сондай-ақ міндеттемеңіз бар: жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін ипотека рәсімдегенсіз. Банкті лицензиясынан айыру күніне қарай кредит бойынша берешегіңіз 8 миллион теңгені құрады. Бұл жағдайда жинақ салымыңыздағы ақшаңызға толық көлемде кепілдік берілгенімен, кредит бойынша берешегіңіз ескеріле отырып, сізге төленетін кепілді өтем 12 миллион теңгені құрайды.


Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілді өтемді төлеу рәсімдері туралы толыққанды ақпаратты ҚДКБҚ-дан 1460 тегін нөмірі және ҚДКБҚ-ның www.kdif.kz сайты арқылы алуға болады, сондай-ақ сауалдарды info@kdif.kz электронды поштасына немесе @kdif_ask Тelegram-чат жолдауға толық мүмкіндік бар.

 

Одан басқа, сіз ҚДКБҚ сайтындағы калькуляторды кез келген уақытта пайдалана аласыз. Соның көмегімен есептелген пайыздарды, депозиттің түрі мен валютасын, айырбас бағамын және кредиттердің бар-жоғын ескеріп, депозиттеріңіз бойынша кепілдік берілген өтем сомасын оп-оңай есептеп шығаруға болады.