Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Банктер үшін ақшалай қор жинауда халық депозиттерінің рөлі қандай, ҚДКБҚ түсіндіреді

Соңғы жылдары банк қызметінің өсуі мен дамуын қаржыландыруда халық депозиттері заңды тұлғалардың депозиттерімен бірге негізгі қаржы көзіне айналды. Жалпы соңғы онжылдықта банктердің қор жасау құрылымында айтарлықтай өзгеріс орын алған – «қаржылық делдалдардың» міндеттемелері құрылымында депозиттер - негізгі қаржы тарту көзі. Банктерді дамытуда, олардың орнықтылығын нығайтуда депозиттердің неге маңызды рөл атқаратындығы және қаржыландыру көздерінің басқа да қырлары туралы біз бүгін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Төрағасы Әділ Өтембаевпен сұхбаттасқан едік.

- Әңгімені базалық негізгі ұғымдардан бастасақ, банк қызметі қалай қаржыландырылады және банктердегі қор жасау құрылымы дегеніміз не?

Банк алдымен өзінің меншікті капиталын қалыптастырады. Ол банктің тұрақтылығын және қаржылық әлеуетін қамтамасыз етеді. Оның жеткіліктілігі пруденциялдық нормативтерге сәйкес келуі тиіс. Кейін банк дами бастаған шақта, клиенттердің қаражаттары қалыптасады: ағымдағы және ұзақ мерзімді салымдар ашылады. Одан әрі басқа банктермен банкаралық операциялар мен несиелер үшін корреспондентік қатынас орнатылады.

Банк дамуын жалғастырып, әртүрлі сауда алаңдарына қол жеткізген соң, артық қаражатын бағалы қағаздарға сала бастайды. Кепілзат ұсынып, ақша қаражаттарын тартып, өзге де операцияларды жүзеге асырады. Бұл банкке өтімді активтерді тиімді басқаруға және ақша легін үйлестіруге көмектеседі.

Ал өтімді активтердің жоғары деңгейде болуы әртүрлі тосын операциялық ауыртпалықтарды еңсеруге және клиенттердің салымдарын қайтарып алу және төлемдер бойынша талаптарын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Атап өту керек, банктердің ақшалай қор жинау ісін ішкі және сыртқы қаржыландыруға бөлуге болады. Бұл жерде сыртқы қаржыландыруға тоқтала кетпесе болмайды. Кезінде оған ден қою отандық банк жүйесі үшін үлкен сабақ болды. Ақыр аяғында банктер өздерінің қор жасау стратегиясын қайта қарап, ішкі қаржы көздеріне мән бере бастады. Олардың ішінде халық депозиттері де бар.

- Осы бір тарихи кезең туралы, банктердің қаражат жинау бойынша сыртқы қаржыландыру көздерінен ішкі қаржыландыру көздеріне өту себептері мен факторлары туралы толығырақ тоқтала кетсеңіз.

2000 жылдардың басында Қазақстан экономикасы қарқынды түрде дами бастады. Ал бұл қомақты қаражатты талап етті. Тиісті институционалдық инфрақұрылым мен қолайлы инвестициялық климат банк ісін тиімді дамытуға мүмкіндік берді. Осы кезеңде отандық банктер трансшекаралық операциялар мен әлемдік капитал нарығына қол жеткізді. Капитал нарығында пайыздық мөлшерлемелердің төмен болуы тамаша қаржы көзіне айналды. Бұл халықаралық нарықтарда қарыз алудың оң үрдісін қалыптастырды.

Алайда 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысы жағдайды өзгертіп жіберді. Бұл уақытқа дейін қазақстандық банктер негізінен сыртқы қаржы көздері есебінен қаржыландырылып келген еді. Кей кездері сыртқы қарыздар банктердің міндеттемелер құрылымының жартысынан астамын алып жатты.

Салыстырар болсақ, сол кезеңде халық депозиттерінің үлесі бар болғаны 14%-15%-ды құрайтын.

Атап өту керек, бұл кезеңде әсіресе дамушы нарықтар үшін пайыздық мөлшерлемелер өсе бастады. Әлемдік қаржы нарықтарында өтімді активтер дағдарысы етек алды. Сол себептен халықаралық капитал нарықтарында қарыз алу қымбатқа түсе бастады. Ал ішкі қаржы көздері банктердің сұранысын әлі қанағаттыра алмайтын.

Осылайша банк секторы жаңа қиындықтарға тап болды. Орын алған жағдайды зерделеп, одан сабақ алу керек болды. Нәтижесінде бұл банктердің қаржы тарту бойынша саясатын қайта қарап, енді ішкі қаржыландыру көздеріне ден қоюға серпін берді. Халық пен бизнестің депозиттері сырттан қарыз алудың орнын бастады.

Қазіргі уақытта сыртқы қор жасау деңгейі немесе банктердің бейрезиденттер алдындағы міндеттемелерінің үлесі тарихи тұрғыда ең төмен мәнге жетті. Бүгінде банктер қаржы жинауда негізінен ішкі нарыққа, әсіресе халық депозиттеріне ден қоюда. Қазіргі уақытта банк секторының міндеттемелер құрылымында халық депозиттерінің үлесі 43-44%-ға жетеді. Ал егер заңды тұлғаларды да ескеріп, бүкіл депозиттік базаны қарайтын болсақ, оның үлесі бүкіл банктік міндеттемелердің 80% пайызын құрайды (1-сурет).

1-сурет. Банк секторы негізінен жеке және заңды тұлғалардың депозиттері есебінен қорландырылады

Депозитный рынок 1 каз.PNG

  - Ендеше халық депозиттеріне оралсақ. Банктер үшін олардың тартымдылығын қандай факторлар айқындады? Бұл жерде тұрақты қор жасау тұрғысынан алғанда қандай тәуекелдер бар?

Ілеспе шығындар мен ілеспе пайдалар туралы айтатын болған соң, экономикалық негіздерден бастайын. Тәуекелдерді, яғни қауіп-қатерлерді басқара білу, оған қоса құралдарды қолдана отырып, оны төмендету әдістері банк үшін өте маңызды. Активтерге секілді, қор жасау құрылымын қалыптастыра отырып, банк қауіп-қатерлердің жиынтық деңгейін оңтайлы үлестіре білуі керек. Бұған инвестицияның классикалық ережесі - әртараптандыру қағидасы септігін тигізеді. Бұл ретте халық депозиттері анағұрлым әртараптандырылған және тұрақты қаржы көзі болып табылады. Айталық, халық депозиттері қор жасау базасын мерзімділігі, валютасы және депозиттердің түрлері бойынша әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Салыстыру үшін егер шетелдік қор жасауды алатын болсақ, оған тарихи тұрғыда міндеттемелердің бір немесе бірнеше қаржы көзіне шоғырланғандығы тәуекелі қатар жүретін. Бұл кредитор ақшаларын мерзімінен бұрын талап еткен немесе кредит беру желісін ұзартудың тоқтатылуын талап еткен жағдайда банктердің өтімді активтерінің жетпей қалу қаупіне ұшырағыштығын арттыра түседі. Одан басқа, активтердің валютасы мен міндеттемелердің валютасы арасындағы сәйкессіздік валюталық қауіп-қатерге ұшырағаштықты арттырады.

Депозиттерге қатысты айтар болсақ, жоғарыда аталған қауіп-қатерлер толығымен дерлік жойылған. Бұл банктердің қорлар бойынша баға белгіленімін айқындауды және ұзақ мерзімді стратегияларды жүзеге асыру мүмкіндігін арттыра түседі.

Банктер үшін бөлшек саудалық жолмен қор жинаудың тағы бір ерекше айртықшылығы – оның қолжетімділігінде. Уәкілетті органның тиісті лицензиясынан алған кез келген банк азаматтардың ақшалай қаражатын тарта алады. Егер алғашқы кезеңде банктер клиенттерді салымдар бойынша жоғары мөлшерлемелермен қызықтырып келген болса, қазір банктер бәсекелі ортада клиенттерді ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру, мобильді қосымшаларын ыңғайлы ету және жетілдіру
жолымен қызықтырады.

Депозиттердің қаражат тартудың басқа да нысандары алдындағы экономикалық артықышылығына шолу жасай келе мынаны атап өткім келеді: халықтың депозиттеріне, әсіресе сақталуына кепілдік берілген депозиттеріне пруденциалдық нормативтер мен базалық стандарттарға сәйкес ең төмен тәуекел-фактор беріледі.

Әрине, депозиттер мінсіз қаржы құралы немесе банктер үшін абсолютті тәуекелсіз міндеттеме болып табылмайды. Мысалы, банктің қаржылық орнықтылығына қатысты халықтың күдігі арта бастаған шақта салымшылардың өз салымдарын жаппай ала бастау (bank run) қаупі бар. Бірақ бұл қауіпті жою үшін кезінде халық депозиттеріне кепілдік беру институты құрылды.

- Салымшылардың банк жүйесіне деген сенімін нығайту және ақша жинау мәдениетін арттыру үшін Қор қандай жұмыстарды жүзеге асырып жатыр?

Халықтың сенімін нығайтуда депозиттерге кепілдік беру жүйесі ерекше рөл ойнайды. Ол ең алдымен азаматтарымыздың жинақ ақшаларын қорғауға бағытталған.

Айталық, банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылардың сол банктегі депозиттерде, шоттарда және төлем карточкаларында жатқан ақшалары мына заңнамада белгіленген шекті мөлшерде клиенттерге қайтарылады:

- 20 млн теңге – теңгедегі жинақ депозиттер бойынша;
- 10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;
- 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша.

Өз кезегінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтем лимитін тұрақты негізде қайта қарап, олардың мөлшерін арттыру бойынша дер кезінде шара қолданып отырады. Мысалы, депозиттергке кепілдік беру жүйесі құрылғалы бері күні бүгінге дейін максималды кепілдік сомасы 100 есеге артты.

Қосымша айтар болсақ, Қор депозит нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті (максималды) сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу саясатын жүзеге асырады. Қор екінші деңгейдегі банктердегі депозиттердің тартымдылығын арттыру және жеке тұлғалардың депозиттерін тарту бойынша банктердің өктем әрекеттеріне шектеу қою мақсатында ай сайынғы негізде, сонда-ақ ҚР Ұлттық Банкінің жүргізіп жатқан монетарлық саясатының талаптары өзгерген жағдайда депозиттер бойынша олардың түрі мен мерзіміне қарай максималды сыйақы мөлшерлемелерін белгілейді.

Осылайша қазіргі уақытта халықтың банк депозиттеріне деген сенімі жоғары деңгейде деп айтуға болады. Жеке тұлғалардың депозиттерінің оң серпіні отандық банк секторының сеніміділігіне, халық табыстарының деңгейіне және банк салымдарының тәуекелсіз инвестициялау құралдарының бірі болып танылғандығына негізделген. Бұған мына статистикалық көрсеткіштер дәлел бола алады: соңғы 4 жылда халықтың депозиттік базасы 2 еседен астамға ұлғайды және екінші деңгейдегі банктердің жиынтық міндеттемелеріндегі үлесі 44%-ға жетті. Алайда халық депозиттерінің көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 17 трлн теңгеден асса да, халықтың бірқатары ақшаларын әлі де «жастықта» сақтайды. Демек қаржыландырудың осы түрі бойынша әрі қарай өсуге әлеует жетеді деген сөз (2-сурет).

2-сурет. Экономиканы халық депозиттерімен қамтуды арттыру әлеуеті айтарлықтай жоғары*

Депозитный рынок 2 каз.PNG

  * Мысал үшін, 2023ж.01.01 қарай Бельгияда бұл көрсеткіш 82%-ы, Францияда 72%-ды, Германияда 71%-ы, Италияда 69%-ы, Грузияда 36%-ды, Арменияда – 30%-ды, Ресейде – 24%-ды, Қырғызстанда – 14%-ы, Өзбекстанда – 7%-ды құрайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтарымыз, банктерде ақшалай қор жинау жағдайы көп жағдайда халықтың отандық банк жү йесіне деген сенімінің арқасында қалыптасты деп айтуға болады. Ал қаржылық сауаттылықты арттыру және кепілдік сомаларының мөлшері және қолданылу механизмі туралы халықтың хабардарлығы банк жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға септігін тигізеді.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес халықтың депозиттер бойынша кепілдіктің бар екендігі туралы жеткілікті хабардар болуы салымшылардың ақшаларын жаппай алу қаупін сейілте түседі. Біздің пікірімізше бұл бағытта Қор Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы нәтижелі ақпарат беру-түсіндіру саясатын жүргізуде.

Атап айтсақ, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы мақалалар мен баспасөз хабарламалары таратылады. Оларда депозиттерге кепілдік беру жүйесінің әр қыры ашып көрсетіледі. Сонымен қатар салымшыларға арналған жадынмалар да шығарылады.

Еске саламыз, депозитерге кепілдік беру туралы қосымша ақпаратты ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан білуге болады немесе қосымша сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға не болмаса 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.