Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Банк лицензиясынан айырылса не істеу керек? Кепілдік алу тәртібі туралы маңызды мағлұматтар

Қаржылық тұрақтылық – әрбір адамның өміріндегі маңызды мәселелердің бірі. Ал банктің лицензиясынан айырылуы – сирек болса да орын алатын күрделі уақиға. Ендеше мұндай жағдайда кепілді өтем алу қалай қамтамасыз етілетіндігін және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) салымшы-жеке тұлғалардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қалай қорғайтындығын толығырақ қарастырып көрелік.  


ҚДКБҚ лицензиясынан айырылған банктің депозиторларына олардың ағымдағы шоттарда, төлем карточкаларында және салымдарда орналастырылған қаражаттарын депозиттің түрі мен валютасына қарай заңнамада белгіленген максималды кепілдік сомалары шегінде қайтарады.    


ҚДКБҚ төлемнің басталу күні, оның ішінде ҚДКБҚ атынан өтем төлеуді жүзеге асыратын агент банк, төлемнің мерзімі мен орындары туралы хабарландыруды ресми баспасөз басылымдарында, сондай-ақ ҚДКБҚ мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) сайттарында орналастыру арқылы алдын ала хабарлайды (банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күнінен кеш емес). Сонымен қатар бұл ақпарат телеарналардың жаңалықтар қызметінде, интернетте және әлеуметтік желілерде жарияланады.


Өтем төлеуге өтініштер қабылдау ҚДКБҚ тиісті хабарламаны жариялаған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде басталады.


Салымшы өтем алуы үшін белгіленген нысан бойынша өтініш толтырып, жеке басын куәландырушы құжатты ұсынуы қажет.


  • Егер салымшы қандай да бір жағдайға байланысты өтінішпен тікелей өзі жүгінуіне мүмкіндігі болмаса, өтем алуға басқа тұлғалар жүгінуге құқылы, айталық: салымшының сенімхат бойынша өкілдері;
  • салымшының заңды өкілдері (ата-анасы, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы);
  • салымшының мұрагерлері;
  • кепілді өтемді алуға құқығы бар басқа да тұлғалар (мысалы, сот шешімі бойынша).

Мұндай жағдайларда өкілдер (өтініш берушілер) өздерінің кепілді өтемді алу құқықтарын белгілейтін қосымша құжаттарды ұсынулары тиіс.   


Өтінішті қарау мерзімі 5 жұмыс күнінен аспайды.

Өтініштерді қабылдау төлем басталған күннен бастап 1 жыл өткен соң аяқталады.

ҚДКБҚ төлем мерзімінің аяқталатыны туралы салымшыларды аталған мерзімнен жарты жыл және 30 күн бұрын хабардар етеді.


Есте болсын, егер салымшы белгіленген мерзім ішінде (1 жыл барысында) өтем алу үшін өтініш беруге мүмкіндігі болмаса, онда оның талап етпеген сомасы төлем мерзімі аяқталған соң, күнтізбелік 30 күн ішінде оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ, зейнетақы қоры) ашылған зейнетақы шотына аударылады.    


Қаражатты аудару Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда көзделген талаптарға сәйкес ҚДКБҚ мен БЖЗҚ арасында салымшының деректерін өзара салыстыру қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте қаражатты БЖЗҚ-ға аудару үшін салымшы тарапынан қандай да бір іс-әрекеттер жасау қажет емес.


Бұдан басқа, аударылған ақша ерікті зейнетақы жарналары болып танылады және салық салудан босатылады. Кейін бұл ақшаға күн сайын инвестициялық табыс есептеліп отырады.


Егер салымшы кепілді өтемді алу мерзімін дәлелді себептерге байланысты өткізіп алған болса, онда ол өтем алу үшін тікелей ҚДКБҚ-ға жүгінуге құқылы. Дәлелді себептердің тізбесі Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда белгіленген және оларға мына мән-жайлар жатады:


  •  әскери қызметке кіру;
  •  Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
  •  депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  •  бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  •  сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Осылайша төлем мерзімін өткізіп алған салымшы кепілді өтемді алу үшін арнайы нысан бойынша (ҚДКБҚ сайтынан көшіріп алуға болады) өз қолымен өтініш толтырады, сондай-ақ оған дәлелді себептің бар екендігін растайтын құжаттарды және кепілді өтемді алу құқығын айқандайтын өзге де құжаттарды (бар болса) қоса тіркейді. ҚДКБҚ аталған құжаттарды алған соң, 5 жұмыс күні ішінде кепілді өтемді салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады немесе салымшыға нақты себептерді көрсете отырып, өтем төлеуден бас тартады.


Өтем ақшасы БЖЗҚ-ға әлдеқашан аударылып кеткен салымшылар да ҚДКБҚ-ға өтініш беруге құқылы. Бұл жағдайда ҚДКБҚ салымшының дәлелді себебінің бар екендігін растаушы құжаттар арқылы көз жеткізген соң, БЖЗҚ-ға тиісті хабарлама жолдайды. БЖЗҚ оны алған соң, аударылған қаражатты ҚДКБҚ-ға кері қайтарады. Бұл ретте салымшыға кепілді өтем төлеу мерзімі өзгермейді – өтініш пен растаушы құжаттарды ұсынғаннан кейін 5 жұмыс күнін құрайды.    


Атап өту керек, ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша өтініштерді мына мерзімдерге дейін қабылдайды:


  •  банк бойынша тарату үдерісі толығымен аяқталғанға дейін немесе
  •  Әлеуметтік кодекске сәйкес (қаражат салымшының зейнетақы шотына аударылған жағдайда) салымшының зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін.

Сөз соңында тағы да еске салғымыз келеді, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің салымшыларына сақтандыру жағдайы туындаған кезде: «Ақшамызды қалай қайтарып аламыз?, - деп уайымдауларына ешқандай негіз жоқ. ҚДКБҚ кепілді өтемді төлеу тәртібі, мерзімі, орындары, сондай-ақ әрбір сақтандыру жағдайы мен әрбір төлем кезеңінде: төлемнің басталу күніне дейінгі, төлем мерзімі барысындағы, төлем аяқталғаннан кейінгі, сондай-ақ талап етілмеген өтем ақшалардың БЖЗҚ-ға аударылған кезеңде талап етілетін құжаттарға қатысты түсініктеме бере отырып, өтініш беру әдістері жайлы халықты міндетті түрде хабардар етеді.

            

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтемді төлеу тәртібі туралы ақпаратты ҚДКБҚ веб-сайтынан (kdif.kz) таба аласыз. Сонымен қатар сауалдарыңызды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауыңызға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігіңіз бар.