Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Тәуекелді қалай басқаруға болатындығы

Тәуекелді басқарудағы басты қағида – салымдарды әртараптандыру.

Әртараптандыру – бұл, тәуекелдерді азды-көпті табысы бар, сенімділігі күмән тудырмайтын, қысқа және ұзақ мерзімге әр түрлі қаржы құралдарына үлестіру деген сөз. Қарапайым тілмен айтқанда «жұмыртқалардың барлығын бір себетке салмау».


Бұл тәсіл тек инвестициялық басқарушыларға ғана тиесілі емес. Тәжірибелі салымшылар ақшаларын әр түрлі банктерге, әр түрлі депозиттерге салады. Толықтыруға болатын депозиттерге қызығушылық танытады.



Қазақстанда салымдарды әр түрлі мақсат-мүдделерге қарай таңдауға мүмкіндік бар. Алайда мүмкіндіктердің ішінде артықшылықтар мен тәуекелдер қатар жүретіні белгілі. Барлық ақша салымдарына тән негізгі тәуекел, ол – ақшаның қайтарылмай қалу қаупі. Бұл тәуекелді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген ең жоғары сома көлемінде өз жауапкершілігіне алады.



Тәжірибелі салымшылар банк пен салымды таңдағанда мүмкін болатын 4 тәуекелге баға береді.


  1. Кредиттік тәуекел: банктің қаржылық орнықтылығы әлсіреуі ықтимал.
  2. Пайыздық тәуекел: депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері төмендеп кетуі мүмкін. Сөйтіп ақшаны бұрынғы мөлшерлемемен салу мүмкін болмай қалады.
  3. Валюталық тәуекел: айырбас бағамына тәуелді, алдын ала жоспарланған шығындар. Мысалы, еңбек демалысын шетелде өткізу немесе машина сатып алу шығыны.
  4. Өтімділік тәуекелі: жинақ ақша мерзімінен бұрын алуға болмайтын салымға жоғары пайызбен салынған. Ал Сізге күтпеген шығындарға қолда бар ақшадан да көп ақша керек болып қалды.

Дұрыс таңдау жасау дегеніміз – сенімділікті, табысты, салымның валютасы мен мерзімін өзара үйлестіре білу.



Кредиттік тәуекел: басты назарда – сенімді банктер

Заң бойынша әрбір салымшының банктегі салымы қорғалады. Салымнан, банк шотынан немесе төлем карточкасынан ақшаның қайтарылмай қалу тәуекелін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз мойнына алады. Егер банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылар болса, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемдерді төлейді.



Қордан ең жоғары төлем сомасы депозиттің түрі мен валютасына байланысты.


  • Шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге;
  • Теңгедегі депозиттер: мерзімсіз, мерзімді салымдар, банк шоттары мен төлем карточкаларындағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңге.
  • Теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңге.
  • Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай әр түрлі бірнеше депозиті бар болса, олар бойынша – 20 миллион теңге.


Депозиттер бойынша кепілдік бар болғанның өзінде, басты назарда - сенімді банктер.


Салымға ақша салуда ең бастысы – сенімді банкті іздеу. Біріншіден, банк істеп тұрса да шоттан ақша алуға шектеу қойылуы мүмкін. Қаржы жағынан қиындыққа душар болған кейбір банктер лицензиясынан айырылмай тұрып-ақ, депозиттерден ақша беруді уақытша тоқтатады. Екіншіден, банкті лицензиясынан айырған күннен бастап ақша ҚДКБҚ есебінен төлене бастаған кезең бойынша сыйақы есептелмейді және төленбейді. Қор ақша төлеуді 35 күн ішінде бастайды. Сондықтан ірі салымдар бойынша алынбай қалған ақша әжептеуір қомақты болуы мүмкін.



Банктің сенімді екендігін қалай бағалауға болады?


Салымдар бойынша жоғары пайыздар, бонустар, акциялар, тиімді айырбас бағамы және белсенді жарнамалар – банктің қашанда табысты екендігін білдірмейді. Мұндай жетістіктердің артында нағыз өміршең бизнес-модель тұруы керек.

Банкті дұрыс таңдау – бұл мұқият тексеріп, зерделеп, сенімділігіне көз жеткізіп барып қабылданатын шешім. Егер Сіз банктің тарихы: маңызды уақиғалары, ұзақ мерзімді даму векторы, басшылығы мен акционерлері құрамындағы ауыс-түйістер жайында білетін болсаңыз, бұл дұрыс шешім қабылдауыңызға септігін тигізеді. Мұндай маңызды мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен де алуға болады. Бұл жерде тәуелсіз аудиторлардың пікірлері мен тұжырымдары, сарапшылар мен талдаушылардың пікірлері және қаржы-талдау ұйымдарының инвесторлар үшін әзірлеген шолуларымен танысып шыққан пайдалы.



Қажетті минимум: нақты, өлшенімді және бір мағынада түсінуге болатын мәліметтер


  1. Банк пруденциялық нормативтерге қатысты қаржы реттегішінің талаптарын қаншалықты сақтайтындығын тексеріңіз.
  2. Танымал рейтингтік агенттіктердің пікірлеріне назар аударыңыз.
  3. Аудиторлық фирмалардың қорытынды тұжырымдарымен және ерекше ескертпелерімен танысып шығыңыз.


Пруденциялық нормативтер – негізгі көрсеткіштер – капитал мен өтімділіктің ең төменгі мәндеріне қатысты заң жүзінде бекітілген талаптар. Капиталдың жеткіліктілігі банктің қаржылық тұрақтылығын және тәуекелдерді еңсеретіндігін білдіреді, ал жеткілікті өтімділік – төлемдерді үздіксіз орындау үшін ақшалай сақтық қорының бар екенігін білдіреді. Бұл жемісті жұмыс атқаратын банктің базалық көрсеткіштері. Пруденциялық нормативтер бойынша көрсеткіштер талап етілген ең төменгі деңгейге жақындаған сайын банктің қаржы тұрақтылығынан айырылу қаупі де өсе түседі.




Табысты банкте нақты көрсеткіштер пруденциялық нормативтердің ең төменгі көрсеткіштерінен жоғары: жоғары болған сайын жақсы.

Кредиттік рейтингтер — банктің қаржылық орнықтылығы туралы тағы бір маңызды да сапалы ақпарат көзі.


Қазақстандық банктерге рейтингтерді атақты халықаралық агенттіктер: Standard & Poor’s, Fitch Ratings және Moody’s Investor Services компаниялары береді. Рейтингтік агенттіктер бағаны өздерінің әдістемесі бойынша қояды, жағдайдың дамуын бақылайды, рейтингтерді қайта қарайды және жағдайдың тұрақты болатындығына, жақсару немесе нашарлау мүмкіндігіне болжам жасайды.


Moody’s агенттігінің негізін қалаушы 1909 жылы кредиттік рейтингтердің алғашқы шәкілін әзірледі. 2009 жылға қарай, яғни 100 жылдан кейін, агенттік әр түрлі инвестициялар бойынша негізге алатын бағалау жүйелерінің саны 32-ге жетті. Одан басқа Standard & Poor’s агенттігінің тарихы 150 жылға созылады.


Банк бір немесе бірнеше халықаралық агенттіктердің рейтингіне ие болуы мүмкін. Рейтингтік агенттіктердің есебі – бұл ашық ақпарат, ал қорытынды сөзі қарапайым тілмен жазылған және қаржы бойынша арнайы білімді талап етпейді.

Ұзақ мерзімді рейтингті тауып, халықаралық шәкіл бойынша салыстырыңыз. Ең жоғары деңгей – «А» санаты, «ААА» рейтингі. Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі - «ВВВ–»: осы рейтингке лайықты болу – қазақстандық компаниялар мен банктер үшін сенімділік эталоны.


Қазақстан Рспубликасының «ВВВ–» рейтингіне жақындған сайын сенімділік жоғары бола түседі.



«А» — Үздік сенімділік деңгейі


«B» — Жоғары сенімділік деңгейі


«C» — Тұрақсыз қаржылық жағдай


«D» — Дефолт – міндеттемелерді орындай алмау




AAA (S&P, Fitch) /
Aaa (Moody’s) 
Ең төмен кредиттік тәуекел: ең жоғары сенімділік
AA+ / Aa1 
AA / Aa2 
AA– / Aa3 
Өте төмен кредиттік тәуекел: жоғары сенімділік
A+ / A1 
A / A2 
A– / A3 
Төмен кредиттік тәуекел: қолайлы экономикалық жағдай барысында жоғары сенімділікке ие
BBB+ / Baa1 / 
BBB /  Baa2 
Бір қалыпты кредиттік тәуекел:
BBB– / Baa3 қолайлы экономикалық жағдай барысында жоғары сенімділікке ие
BB+ / Ba1 
BB / Ba2 
BB– / Ba3
Елеулі кредиттік тәуекел: қысқа мерзімді кезең ішінде біршама тұрақтылық, болашақта - айқынсыздық. Қаржы тұрақтылығы экономикалық жағдайға айтарлықтай тәуелді
B+ / B1 
B / B2 
B– / B3
Жоғары кредиттік тәуекел: экономикалық жағдай қолайлы болып тұрса, міндеттемелер орындалады
CCC+ / Caa1 
CCC / Caa2 
CCC– / Caa3
Жоғары кредиттік тәуекел: міндеттемелер одан әрі орындалуы үшін қолайлы экономикалық жағдайдың болуы өте маңызды
CC / Ca Міндеттемелердің орындалмай қалу тәуекелі айқын
C Ең төмен рейтинг: инвесторлар бұл рейтингті алып-сатарлық деп атайды
D / DDD Дефолт – міндеттемелердің орындалмауы




Валюталық тәуекел: ұлттық валюта құнының өзгеру тәуекелі

Шетел валютасында шығындар болатындығы жоспарланған жағдайда валюталық тәуекел туындайды


Егер шығындардың негізгі бөлігі теңгемен болса, онда ақшаның басым бөлігін теңгедегі депозитке салып, тұрақты, болжамды табыс алып тұрған тиімді. Айырбас бағамы әр түрлі факторларға байланысты жоғарылуы немесе төмендеуі мүмкін – бұл сәйкесінше пайдаға кенелтуі немесе шығынға әкеп соқтыруы ықтимал. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша шетел валютасындағы жинақ ақшалар табысты болмады, ал жыл басында теңгемен ашылған депозиттер 9,8 және одан да жоғары пайызға өсті. Сондықтан валюталық тәуекел жинақ ақшаға әсер етпес үшін депозит ашуда валюталардың бірінің тым басымдыққа ие болуына жол беруге болмайды.


Ұзақ мерзімге салынған валюталық депозиттер ұлттық валютаның құнсыздануына едәуір ықпал ететін жағымсыз факторларға қарсы көмекші сақтандыру резерві іспеттес болуы мүмкін. Сонда негізгі шығындар қай валютада жұмсалатын болса, ақшаның басым бөлігі осы валютадағы салымға салынады. Ал шетел валютасында салынған азғантай бөлігі сақтық қоры қызметін атқарады.


Шығындар валютасы - бұл жинақ валютасы



Пайыздық тәуекел: депозиттер бойынша мөлшерлемелердің өзгеру тәуекелі

Уақыт өте келе депозиттер бойынша мөлшерлемелер әр түрлі экономикалық факторлардың ықпалымен де өзгереді – бұл үдерістер ұзақ мерзімге болжам жасауға келмейді. Сондықтан салымға ақша салып жатып, пайыздық тәуекелді де ескеріңіз.


Бірінші – салымға ақша салынған соң, депозит нарығында мөлшерлемелер өсіп кетуі мүмкін. Яғни, салымшы біраз табыстан қағылды деген сөз. Егер ол ақшасын депозитке қазіргі жоғары пайызбен салғанда табысы да жоғары болар еді. Әсіресе бұл тәуекелге жинақ салымдар бейім келеді.


Ең жоғары мөлшерлемелердің болашақта өзгеру-өзгермеуін алдын ала болжау өте қиын. Сондықтан ағымдағы жағдайға қарап шешім қабылдаған жөн. Мерзімді және жинақ салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері екі ай алдын – ағымдағы және алдағы айға дайын болады. Мерзімсіз салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме Ұлттық Банктің жылына бірнеше рет қайта қарайтын базалық мөлшерлемесіне тәуелді. Мысалы, 2022 жылы 8 рет қайта қарау жоспарланған.


Екінші – салымның мерзімі аяқталғанша депозит нарығында мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін. Сөйтіп ақшаны депозитке бұрынғы жоғары пайызбен салу мүмкін болмай қалады.


Толықтыруға болатын салымдарды іздестіріңіз: оларға депозит ашқан сәттегі пайызбен қосымша ақша салуға болады.


Ақша салуды жоспарлаңыз. ҚДКБҚ сайтында шекті мөлшерлемелердің өзгеруін қадағалап отырыңыз.



Өтімділік тәуекелі: ақша ерте немесе жоспардан тыс үлкен көлемде керек болып қалады.


Жинақ салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесі тартымды болғанымен, ақшаның бір бөлігін ұтқыр да икемді депозитке салыңыз. Мерзімінен бұрын шектеусіз ақша алуға болатын салымға салынған ақша – күтпеген жағдайлар үшін Сіздің «қауіпсіздік көпшігіңіз» болып табылады. Азайтуға болмайтын ең төмен қалдығы бар мерзімсіз салымды таңдаңыз.


Өтімділік тәуекелін азайту үшін жинақ ақшаңызды мерзіміне қарай: ағымдағы, қысқа және ұзақ мерзімдер бойынша әртараптандырыңыз. Осылайша ақшаңызды мерзімділігі әр түрлі салымдарға сала отырып, тәуекелі төмен өтімділік пен жоғары табыстылықты өзара ұштастыра, теңдестіре біліңіз.


  1. Ағымдағы қаржы – күнделікті шығындар мен сатып алуларға арналған. Мұндай жинаққа мерзімсіз салымдар тура келеді. Шығындар мен табыстарды өзара теңдестіріп алған соң, ағымдағы қажеттіліктерден артылатын ақшаны едәуір тиімді ұзақ мерзімді салымға орналастыруға болады.
  2. 6 айдан 1 жылға дейінгі қысқа мерзімді шығындарға арналған сақтық қоры – қомақты сатып алуларға арналған. Шығындарды қай мерзімге жоспарласаңыз, сол мерзімге депозит ашыңыз. Толықтыруға болатын болса тіпті жақсы. Артық ақшаны едәуір жоғары пайызбен ұзақ мерзімді салымға орналастыруға болады.
  3. Бір жылдан асатын ұзақ мерзімді шығындарға арналған жинақтар – ең маңызды мақсаттарға арналады. Сақталуына кепілдік берілген сомасы және сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары жинақ салымды таңдаңыз.

Әр түрлі мерзімге арналған салымдар сатысы:

  • ағымдағы қаржы
  • қысқа мерзімді жинақ ақша
  • ұзақ мерзімді жинақ ақша