Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Теңгедегі жинақ салымдардың көлемі 1 трлн теңгеге жетті

2021 жылдың соңына қарай екінші деңгейдегі банктердегі теңгелік жинақ салымдардың жиынтық көлемі 1 трлн теңгеден асты. Қолданысқа енгізілген сәттен бастап (2018 жылдың күзі) күні бүгінге дейін жинақ салымдардың көлемі 37 еседен артық өсті. Осы уақыт ішінде басқа ешбір депозит түрі мұндай нәтиже көрсеткен жоқ. Теңдесі жоқ мұндай өсім, азаматтардың депозит таңдауға жауапкершілікпен қарай бастағандығын және ұзақ мерзімге ақша салуға келгенде жинақ салымдарға басымдық беретіндігін көрсетеді.

   

Жинақ салымдар – депозит нарығындағы біршама жаңа қаржылық құрал. Бірақ соған қарамастан, қазақстандықтар оның барлық артықшылықтарын лайықты бағалап отыр.

 

Жинақ салым белгілі бір мерзімге ашылады. Осы уақыт ішінде одан ішінара ақша алуға болмайды. Алған жағдайда депозитке салған ақша толығымен қайтарылады. Бұл үшін салымшы банкке күнтізбелік 30 күн бұрын хабарласып, өтініш беруі тиіс. Бұл ретте есептелген сыйақы толық дерлік жойылады (сыйақы талап етілмелі салым мөлшерлемесі бойынша төленеді – 0,1%).

 

Теңгелік жинақ салымдар бойынша мұндай қатал талаптар көтеріңкі табыстылықпен өтеледі. Мұндай жоғары табыстылықты ешбір тәуекелсіз қаржы құралы ұсына алмайды. Бұл ретте инфляцияның жылдық деңгейі 8,5% екенін ескерсек, толықтыру құқығы жоқ, бір жылдық жинақ салымдар бойынша ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесі 14,9%-ға жетті. Айта кетелік, толықтыру, яғни үстінен ақша салып тұру құқығы бар жинақ салымды да таңдауға болады. Бұл жағдайда максималды мөлшерлеме - 13,7%-ды құрайды. Мұндай шарт салымшыға депозит бойынша жоғары мөлшерлемені айқындап алып, әрі қарай мерзімі аяқталғанша осы мөлшерлеме бойынша үстінен ақша салып тұруға мүмкіндік береді.

 

Жинақ салымның тағы бір айрықша ерекшелігі – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) тарапынан берілетін көтеріңкі кепілдік сомасы. Теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы басқа депозит түрлеріне қарағанда әуел бастан едәуір жоғары болды.

 

2022 жылдың 11 қаңтарына дейін максималды өтем сомасы 15 млн теңгені құраған болатын. Алайда жинақ салымдардың көлемінің тұрақты өсіп жатқандығы ескеріліп, сондай-ақ қазақстандықтардың жинақ ақшаларының сақталуын барынша қамтамасыз ету және оларды ақшаларын ұзақ мерзімді, тұрақты депозиттерге сақтауға ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап, кепілдік сомасы 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа бір банкте теңгедегі жинақ салымдармен қатар, басқа депозит түрлеріне де ақша салған салымшылар үшін Қордың кепілдік берілген максималды жиынтық өтем сомасы да 20 млн теңгеге дейін артты.  

 

Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысатын екінші деңгейдегі 20 банктің 12-сі жинақ салымдарды ұсынады. Ұсынылған шарттар бойынша толық ақпаратпен Қор сайтының «Баспасөз орталығы» - «Қатысушы банктердің мөлшерлемелеріне мониторинг» бөлімінде танысып шығуға болады.  

 

Еске саламыз, Қордың теңгелік депозиттер бойынша ай сайын бекітетін максималды мөлшерлемелері ұсыныстық сипатқа ие. Екінші деңгейдегі банктер депозиттік өнімдер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзінің ішкі саясатына қарай өз бетімен белгілейді.

 

Қор салымшыларға банк салымы шартын жасасу туралы шешім қабылдамас бұрын сол банкте тиісті ақпаратты міндетті түрде нақтылап алуға кеңес береді.

 

Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz. сайтында қол жетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы хабарласа алады.