Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Әрқашан байланыста: қандай сұрақтар бойынша ҚДКБҚ-ға жиі қоңырау шалынады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) байланыс орталығы салымшылар мен Қор арасындағы алтын көпір іспеттес. Күн сайын call-орталықтың қызметкерлері өздерінің жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз етуді көздеген отандастарымыздың көптеген сұрақтарына жауап береді. Біз бұл мақалада жиі қойылатын және өзекті сұрақтарды қарастыратын боламыз. Сонымен қатар депозиторларды негізінен қандай мәселелер мазалайтынын және Қазақстанның банк жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету жолында Қор өз миссиясын қалай атқарып жатқандығын талдаймыз.  

 

Ең танымал сауалдар депозиттер бойынша кепілдік тәртібі, өтем төлеу, кепілдіктер сомасы және сыйақы мөлшерлемелеріне қатысты болып келеді. Соларды тағы да бір рет қарап шығалық.

 


Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қандай банктер қатысады?


Қазақстанда ислам банктерін қоспағанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, шоттарын ашу және жүргізуге лицензия алған әрбір банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің (ДКБЖ) қатысушысы атанады. ДКБЖ қатысушы банктері тізіліміне енгізілген сәттен бастап, депозиторлардың банк шоттарында жатқан қаражаттары да ҚДКБҚ кепілдігінің нысанына айналады.   

2023 ж. қыркүйегіне қарай ДКБЖ қатысушы банктер:


банки-участники.png

 

Кепілдік сомасы қандай?

 

ҚДКБҚ әрбір депозит түрі бойынша бекітілген максималды кепілдік сомасын ескере отырып, салымшыларға кепілді өтем төлейді. Бірақ жиынтық кепілдік сома кепілдік берілген барлық депозиттер бойынша 20 миллион теңгеден асырылмайды. Депозиттердің түрлері бойынша максималды кепілдік сомалары:


·         теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша – 20 миллион теңгені;

·         теңгедегі басқа салымдар, карточкалар мен шоттар бойынша – 10 миллион теңгені;

·         шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар мен шоттар бойынша – 5 миллион тенгені (қатысушы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша теңгелік балама) құрайды.

 

Салымшылардың шоттарының 99,8%-ы, яғни барлығы дерлік ҚДКБҚ кепілдігімен толық көлемде қамтамасыз етілген.


Осылайша, мысалы, сақтандыру жағдайы туындаған кезде:


1)      25 миллион теңгелік жинақ салым бойынша оған есептелген сыйақыларды ескере отырып, ҚДКБҚ тарапынан 20 миллион теңгеге кепілдік беріледі (осы депозит түрі бойынша бекітілген максималды кепілдік сома сондай). 20 млн теңгеден қалған артық ақша, яғни 5 миллион теңгеге Қор тарапынан кепілдік берілмейді. Бұл соманы банктің тарату комиссиясынан кезектілік тәртібімен алуға болады;                      

                            

2)      пайыздық сыйақысын қоса есептегенде мөлшері 10 миллион теңгені құрайтын мерзімсіз депозит сомасына толығымен кепілдік беріледі. Өйткені бұл сома депозиттің осы түрі бойынша Қор тарапынан берілген максималды кепілдік сомасынан аспайды;


3)      АҚШ долларында ашылған карточкалық шотта сыйақысымен қоса есептегенде (қатысушы банкті лицензиясынан айыру күніне қарай бекітілген нарықтық айырбас бағамы бойынша теңгелік баламада) 8 миллион теңге жинақталған. Оған Қор тарапынан тек 5 миллион теңгеге ғана кепілдік беріледі. Қалған 3 млн теңге банктің тарату комиссиясынан кезектілік тәртібі бойынша алынуы мүмкін.      

 

Егер салымшы бір банкте ашылған, жоғарыда аталған депозиттердің барлығының иесі болып табылса, онда жиынтық кепілдік сома – 20 миллион теңгені құрайды.

 


Кепілді өтем қалай төленеді? Агент банк деген кім?

 

Сақтандыру жағдайы туындаған кезде, яғни қатысушы банк лицензиясынан айырылған жағдайда, ҚДКБҚ мен агент банк өтем төлеуді жүзеге асырады.


Агент банк – бұл ҚДКБҚ мен арадағы жасалған келісім негізінде лицензиясынан айырылған банктің салымшыларынан кепілді өтемді төлеуге өтініш қабылдауға және оларға өтем төлеуге уәкілетті, істеп тұрған банк. Ол агент банктердің тұрақты негізде бекітілетін алдын ала тізбесінен таңдап алынады.


Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, ҚДКБҚ 30 жұмыс күні ішінде оның салымшыларына кепілді өтемді төлеу күнін және сол өтемді төлейтін агент банктерді көрсете отырып, ақпараттық хабарлама таратады. Қор оны ресми баспасөз басылымдарында және өз сайтында жариялайды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерге таратады.     


Кепілді өтем банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді. Бұл ретте ҚДКБҚ немесе агент банк салымшыдан өтініш пен растаушы құжаттарды алған күннен бастап, 5 жұмыс күнінен кешіктірмей өтем төлеуді жүзеге асырады. Кепілді өтемді төлеуге өтініштер төлем басталған күннен бастап, 1 жыл бойы қабылданады.

 


Депозитте максималды кепілдік сомасынан артық қалған ақшаны алу үшін қайда жүгінуге болады?


Депозиттерінде ҚДКБҚ кепілдік берген мөлшерден артық ақшасы бар салымшыларды Тарату комиссиясы автоматты түрде төртінші кезекке қосады. Бұл туралы оларға қосымша хабар беріледі. Өтем сомасын және төлемнің басталу күнін нақтылау үшін салымшы банктің тарату комисиясына жүгіне алады. Тарату комиссияларының байланыс нөмірлерін ҚДКБҚ сайтының мәзіріндегі «Тарату процесіндегі банктер» - «Төлемдер бойынша ағымдағы мәртебе» бөлімінен және таратылатын банктің батырмасын басу арқылы білуге болады.



Егер салымшы өтем ақшасын алуға дер кезінде өтініш бермесе, ақшасының тағдыры не болады?


Төлем мерзімі аяқталған соң, салымшылардың, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің талап етпеген өтем ақшалары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) таратылатын банктердің салымшыларының атына ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.


Сондай-ақ заңнамада дәлелді себептер тізбесі қарастырылған. Егер олар бар болса, салымшының төлем мерзімі өтіп кетсе де кепілді өтемді алуға өтініш беруіне мүмкіндігі бар. Дәлелді себептерге мына мән-жайлар жатады: әскери қызметке кіру; Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу; депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер; бас бостандығынан айыру орындарында болу; сот анықтаған өзге де мән-жайлар.


Толығырақ мына сілтемеде баяндалған: https://www.kdif.kz/kz/press-tsentr/press-relizy/d-leldi-sebepter-boyynsha-alay-tinish-beruge-bolady-zh-ne-kepildi-temdi-aludy-zholdary-anday/



ҚДКБҚ депозиттер бойынша мөлшерлемелерді жариялайды. Не үшін? Қор депозит қабылдай ма?


ҚДКБҚ екінші деңгейдегі банк емес және банк шоттарын ашуға, клиенттермен банк салымы шартын жасасуға құқығы жоқ. ҚДКБҚ депозит нарығындағы ахуалдарды ескеріп, есептеулер жүргізіп, өзінің ресми сайтында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша максималды (шекті) сыйақы мөлшерлемелерін ай сайынғы негізде жариялап отырады. Бұл банктер үшін ұсыныстық сипатқа ие.


Мерзімсіз салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін, ал мерзімді және жинақ салымдар бойынша – қатысушы банктердің мөлшерлемелері негізінде айқындалатын нарықтық мөлшерлемелерді ескере отырып, белгіленеді. Бұл мөлшерлемелер банктер үшін олар өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді белгілеу барысында бағыт-бағдарлық қызмет атқарады. Алайда банктер осы жоғары шекті ескеріп, депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді өздерінің ішкі депозиттік саясаты мен қаржыландыру бойынша қажеттіліктеріне қарай қайта қарау туралы өз бетімен шешім қабылдайды. Яғни максималды (шекті) мөлшерлемелер өзгерген жағдайда банктер алдағы айға өздерінің депозиттік өнімдері бойынша басқа мөлшерлемелерді белгілеуге – оларды көтеруге/төмендетуге құқылы.

    


ҚДКБҚ байланыс арналары


Депозитерге кепілдік беру жүйесі туралы кез келген сұрақтар бойынша ақпарат алу үшін info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына, сондай ақ Қордың Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларына сауал жолдауға не болмаса 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуға болады.


ҚДКБҚ байланыс орталығы Қор қызметі бойынша сауалдар қабылдауды және ақыл-кеңес беруді жұмыс күндері таңғы сағат 09:00- дан 18:30-ға дейін жүзеге асырады. 1460 қысқа нөмірі Қазақстан аумағында ұялы және қалалық байланыс нөмірлері арқылы тегін.