Небәрі 2 миллион қазақстандық теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы алуға өтініш білдірген
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қазақстандық банктер салымшылардан 261,5 млрд теңге көлеміндегі депозиттер бойынша өтемақы (сыйақы) алуға өтінішін қабылдады деп хабарлайды.
2022 жылғы 23 қарашадағы жағдай бойынша тек 2 миллион салымшы банктерде өтемақы алуға келісімін растады, бұл теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін салымшылардың жалпы санының 39%-ын құрады. Негізінен, басым көпшілігі депозиттерінде ірі сомадағы қаражаты бар тұлғалар болды.
«Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейін депозитте болған ең төменгі сома бойынша төленетін болады. 10% сыйақы салым бойынша сыйақы мөлшерлемесінің сыртында төленетінін атап өткім келеді. Өтемақы төлеуге жататын депозиттердің негізгі үлесін 1 миллион теңгеге дейінгі салымдар құрайды. Өтеуге болатын ең жоғары сома – 20 миллион теңге. Өтемақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін депозит ашылған банкке өтініш беруі қажет екенін еске саламын», - деді ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмаз Құдайбергенов.
Банктер өтемақы алуға өтініштерді қабылдауды жалғастыруда. Мұны банк бөлімшесінде де, ресми мобильді қосымшалар арқылы да онлайн жасауға болады.
Жинақ салым, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдары, және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салым иелері өтемақы ала алады.
Банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін тиісті ережелерде белгіленген мерзімде төлемдерді жүзеге асыра бастайды.
ЕДБ мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылғы 23 қарашадағы жағдай бойынша 5 миллионнан астам салымшының шамамен 336 миллиард теңге сомадағы салымдары өтемақы төлеуге жатады.