Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуге байыппен қарай бастады – ҚДКБҚ

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев банктердің барлық санаты үшін шекті мөлшерлемелердің алынып тасталуы салымшыларға қандай артықшылықтар беретіндігі туралы әңгімеледі.


ayapov-041-028U0461.jpg



Өткен аптада Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді енді ешқандай банк үшін белгілмейтіндігі белгілі болды. Бұған қазақстандық банктер дайын ба? Қорда салымшыларды қорғайтын құрал қалды ма және қазақстандықтарға анағұрлым тиімді депозиттер күтуіне бола ма? Осылар жайында Қор Төрағасы Әділ Өтембаев түсіндіріп берді.    



– Әділ Нұрланұлы, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелер 2008 жылдан бері жарияланып келді. Неге одан бас тарттыңыздар? Нарық бұған дайын ба?

 

– Шын мәнісінде реформа кезең-кезеңнен тұрды. Банктердің басым бөлігі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді 2024 жылдың басынан бері өз бетімен белгілеп келді. Өткен аптада біз жариялаған шешім әдістемеміз бойынша капиталдануы жақсыдан төменірек санатқа жататын банктерге қатысты шекті мөлшерлемелерді алынып тастауға байланысты болды. Атап өту керек, бұл банктердің нарықтағы алатын үлесі қашанда шамалы әрі тұрақсыз сипатқа ие.     

 

Сондықтан бәсекеге қабілетті депозит нарығын қалыптастырудың негізгі кезеңі артта қалды: іс жүзінде отандық банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді белгілеу мәселесіне байыппен қарай бастады және банктердің көпшілігіне арналған шекті мөлшерлемелердің алынып тасталғанына қарамастан, жалпы нарықтық деңгейді ұстанды.

   


– Шекті мөлшерлемелерді дәл қазір алынып тасталуының негізгі уәждемесі қандай?

 

– Тағы да атап өткім келеді, бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын банктердің көпшілігі үшін олардың депозиттік өнімдерінің барлық түрі бойынша шекті мөлшерлемелер күшін жойды. Қазіргі кезеңде біздің міндетіміз – барлық қатысушыларға тең жағдай жасай отырып, депозит нарығының тұрақты және жан-жақты дамуына жаңа серпін беру.

 

Мысалы, тарихи тұрғыда дамыған және бәсекеге қабілеттілігі жоғары сегмент – бұл мерзімсіз салымдар. Осы ретте нарықтың кейбір бөліктері әлі де дамытуды талап етеді. Бұл бірінші кезекте мерзімі бір жыл, әсіресе екі жыл және одан жоғары уақытты қамтитын мерзімді және жинақ депозиттер сегментіне қатысты. Шекті мөлшерлемелердің алынып тасталуы банктерге нарықтың жаңа бөліктерін анықтауға және толтыруға, жаңа депозиттік өнімдерге деген сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір банк жаңа сегментте маркетмейкерге айнала алады.      

 

Нәтижесінде салымшылар ақшаларын қалаған мерзімдеріне орналастыру барысында таңдауға көп мүмкіндік алса, банктер «қысқа» және «ұзақ» мерзімдік ақшалай қор жасауды теңдестіре алатын болады.       

 


– Бірақ тежеуші құралдардан толығымен бас тарту қауіпсіз бе? Кейбір банктер депозиттерді тартуда басқыншы саясат жүргізуді бастауы мүмкін бе?


– Қазіргі кезеңде мөлшерлемелердің қатаң шегі секілді реттеу құралы шынында да келмеске кетті, бірақ Қордың қолында қаржылық тұрақтылықтың қалыптасуына жәрдемдесу бойынша міндетіміздің аясында салымшылардың ақшалары үшін банктер арасында жағымсыз бәсекелестікті (егер бола қалған жағдайда) шектеуге арналған құралдар бар.


Бұған дейін банк шекті мөлшерлемелерден асып түскен жағдайда, Қорға жоғарылатылған жарна төлейтін. Қазір Қорда мөлшерлемелердің бақылаусыз өсу тәуекелін тежеуші екі механизм бар. Біреуі – жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна бұдан бір жыл бұрын енгізілді және өзінің тиімділігін көрсетті. Ал жоғарылатылған жарна қазір реформаланды.   

 

Айталық, қаржы жүйесіндегі барлық банктер депозиттерді көптеп тартуға мүдделі болғандықтан, олар орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемеден асып кеткен жағдайда, жүйелік тәуекел үшін жарна төлейді, ал салымдарды нарықтық мөлшерлемеден төмен мөлшерлеме бойынша тартатын банктер керісінше, Қорға төлейтін жарнасы бойынша жеңілдік алады. Бұл құрал нарықтағы барлық ойыншылардың іс-әрекетін осындай шығындар арқылы тиімді реттейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша біз осы құралдың арқасында отандық депозит нарығында шектен тыс басқыншылық әрекеттердің болмағанын көріп тұрмыз. Барлық банктер бір өрісте жұмыс істеп жатыр. Біз бұл құралды қолдануды одан әрі жалғастырудамыз.   

 

Сонымен бірге Қордың әдіснамасы бойынша капиталдануы жақсыдан төменірек деп аталатын санатқа жататын банктер орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемеден және оған қоса рұқсат етілген, қосымша пайыздық спредтен де асып түскен жағдайда, жүйелік тәуекел үшін төленетін жарнаға қоса пропорционалды түрде жоғарылатылған жарна да төлейді. Бұл құрал теория жүзінде жеке тұлғалардың қаражаттары есебінен өздерінің өтімді активтерінің тапшылығын жоюға ерекше мүдделі болуы мүмкін белгілі бір санаттағы банктер арасында жағымсыз бәсекелестіктің туындауына жол бермейді. Бұл жарналардың механизмі – бұған дейін болған шекті мөлшерлемелердің қатаң шегімен салыстырғанда баптауы анағұрылм нәзік құралдар. Бұл жәй өтімділікті толтыруға ғана емес, нарықтық бәсекелестіктің дамуына және орнықты ақшалай қор жасауды қалыптастыруға жағдай жасайды.

 

Атап өту керек, бұл жаңа енгізілім және оның келешегін біз 2024 жылдың барысында банк секторымен, оның ішінде ҚДКБҚ Консультациялық кеңесі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және Ұлттық Банк аясында қызу талқыладық.  

 


– Сонда жүргізілген реформаның қорытындысы бойынша депозиттерге қатысты үстеме табысты күту керек емес пе?

 

– Теория жүзінде жоғары табысты инвестицияның қашанда үлкен тәуекелдермен астасатындығын жақсы білеміз. Осы тұрғыда банк депозиттері – ең сақтанымпазды қаржы құралы. 2018 жылы салымдарды жіктеу енгізілген соң, табыстылық мәселесі шартты күн тәртібінен алынды. Енді салымшының тәуекелі емес, ақшаны банкте мерзімі аяқталғанша тұрақты ұстап тұруға дайындығына сыйақы төленеді.  

 

Мысалы, ағымдағы жылдың ақпан айының орта шенінде ҚДКБҚ жүргізетін мөлшерлемелердің тұрақты мониторингісінің деректері бойынша салымшыларға ақшасын мерзімінен бұрын алуға болмайтын, толықтыру құқығы берілмеген, жылдық мөлшерлемесі 18,5%-ды құрайтын және толықтыру құқығы бар, жылдық мөлшерлемесі 16,5%-ды құрайтын алты айлық жинақ салымдар қолжетімді болды. Бұл ретте жоғары мөлшерлеме ақшаны мерзімінен бұрын алу бойынша шектеудің есесін әділ түрде қайтаратындығын және ол ең өнімді қаржы құралы – жинақ салымның өзіндік ерекшелігі болып табылатындығын дұрыс түсіну қажет.   

 

Сондықтан егер сіз жылдық мөлшерлемесі 16–18%-дық депозиттердің жарнамасын көретін болсаңыз, – бұл депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелердің алынып тасталуының салдары болмауы мүмкін. Бұл әдетте мөлшерлемесі анағұрлым икемді салымдарға қарағанда жоғары, ақшаны мерзімінен бұрын алуға шектеу қойылған жинақ салымның жарнамасы болуы ықтимал.     

 

Егер үстінен ақша салуға және одан кез келген сәтте азайтылмайтын қалдыққа дейін кез келген мөлшерде ақша алуға болатын, мерзімсіз немесе «мобильді» салымдар туралы айтар болсақ, оларда нарықтық мөлшерлеме 14,5%-ды құрады. Тіпті осындай қарапайым салымдар бойынша сыйақы инфляциядан едәуір жоғары. Жалпы тұрақты оң серпілісті байқаймыз: мерзімсіз салымдар бойынша мөлшерлемелер Қазақстанның Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің артынан ілесіп келеді.

 

Сондықтан шекті мөлшерлемелердің алынып тасталуының салымшыларға келіп-келіп-кетер артықшылықтың түп-төркіні басқада. Бұл жерде қазіргі қолданыстағы депозиттер бойынша көтеріңкі мөлшерлемелердің болуы міндетті емес. Әңгіме депозиттік өнімдер аз сегменттерді дамытуда жатыр. Мысалы, 2024 жылдың барысында кейбір банктер мерзімі 12 ай және тіпті 24 айдан асатын депозиттер бойынша тартымды шарттар ұсына бастады. Келешекте ойыншылардың көпшілігі жаңа сегменттерге еніп, сұранысты қалыптастыра алады. Нарық пен бәсекелестіктің дамуынан салымшылар тек ұтады.  

 


– Қазақстандықтар қазір қандай депозиттерге қызығушылық танытуда? Жинақ салымдарға ма әлде мобильді салымдарға ма? Қандай валютада?

 

– Бірінші кезекте ұлттық валютадағы депозиттерге қызығушылық танытуда. Жалпы депозит нарығы 20%-ға өссе, онда теңгелік депозиттердің алар үлес салмағы 17%-ды құрады, ал валюталық депозиттер бар болғаны 3%-ға тең болды. Теңгелік салымдардың өзі банктерде 2024 жылы, оның ішінде есептелген сыйақының есебінен 24%-ға жоғарылады. Өткен жылы ең жоғары өсім жинақ салымдарда байқалды – плюс 67,5%.

 


– Салымшылардың қаржылық сауаттылығы да жақсы тежеуші механизм рөлін атқаруы мүмкін. Өз салаңызда мұны қалай бағалайсыз? Жаңа жағдайда қазақстандықтарға қандай ұсыныстар айтар едіңіз?   

 

– Біздің деректер бойынша салымшылардың жартысы депозитті таңдай отырып, оның пайыздық мөлшерлемесіне көңіл бөледі. Алайда әрбір үшінші адам біз көңіл бөлуге кеңес беретін басқа факторға – банктің беделіне баға береді. Және де сонша салымшы депозитке қосымша ақша салу және одан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігінің бар болуына көз жеткізгісі келеді.  

 

Осыдан барып екінші ұсыным туындайды. Пайыздық мөлшерлемесі капиталдандырылатын, жоғары табысты жинақ салымдар – бұл жоғары деңгейдегі ақша жинау құралы. Бірақ бұл депозитке күнделікті шығындар үшін, оның ішінде күтпеген шығындарға жұмсауға қажет ақшадан артылған ақшаны салуыңыз керек. Өйткені жинақ салымдар бойынша ақшаны мерзімінен бұрын алуға болмайды. Егер алынса, салымшы жоғары мөлшерлемеден айырылады.    

 

Депозит бойынша мөлшерлемеге қатысты беруге болатын үшінші ұсыным: егер жинақ ақшаны молайтуды көздесеңіз, салымның келесі мерзімге қандай мөлшерлемемен ұзартылатынын алдын ала біліңіз. Сондықтан тіпті жаңа салым ашу тиімді болуы мүмкін.

 

ҚДКБҚ максималды кепілдік сомаларын да ұмытпаңыз: теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңгені, теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 млн теңгені, шетел валютасындағы салымдар бойынша – 5 млн теңгені құрайды. Ірі сомадағы ақшаны банкке саларда, сол ақшаны бір емес, бірнеше банкке болашақта есептелетін пайыздарды есепке ала алып, максималды кепілдік сомасы шегінде әртүрлі салымдарға орналастырған жөн. Еске саламын, кепілдік депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банк бойынша бөлек төленеді.

 

Қаржылық сауаттылыққа келер болсақ, жас аудиторияға да, ересек аудиторияға да «қауіпсіздік көпшігіне» ие болудың маңызды екендігін көреміз. ҚДКБҚ таяуда өткізген зерттеуінде банк салымшыларының шамамен 90%-ы теңгелік депозиттеді таңдайтынын атап өткен. Респонденттердің жартысына жуығы депозиттер бойынша кепілдік беру мәселесін жақсы түсінеді, шамамен үштен бірі банк депозиттеріне, оның ішінде жылжымайтын мүлік сатып алу және білім алу мақсатында ақша жинайды. Кейбір респонденттер қазірден бастап балаларының болашағы үшін ақша жинауды бастап жіберген.     

 

Дереккөз: Kapital.kz