Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Халықтың теңгеге деген сенімі депозит нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуде

Ағымдағы жылдың үшінші тоқсаны қаржы нарығында әртүрлі уақиғаларға толы болды – инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуі және кейін соған байланысты ақша нарығында мөлшерлемелердің төмендеуі, тұтынушылық кредиттерге шектеу қою және тауарлардың бағасын бөліп төлеу мәселелеріне жіті көңіл бөлінуі, сондай-ақ теңгенің айырбас бағамының құбылмалылығы. Соңғысы қазақстандықтардың көпшілігінің жүйкесін жұқартты. Алайда АҚШ долларының жайғасымы нығайып, ұлттық валютаның уақытша әлсірегеніне қарамастан, бұл кезеңде салымшылардың іс-қимылы, ұстанымы таңданыс тудырды – халық бұл кезеңде өздерінің теңгелік жинақ ақшаларын валюталық депозиттерге аударған жоқ, керісінше ұлттық валютадағы депозиттерінің көлемін арттыра түсті. Бұл азаматтарымыздың ішкі валютаға деген адалдығы мен сенімін және ой-санасының өзгеріп жатқандығын білдіреді.


Нәтижесінде есепті тоқсанда жеке тұлғалардың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі жинақ ақшалары 628 млрд теңгеге артып (+3,5%), 2023 жылдың 01 қазанына қарай 18,6 трлн теңгеге жетті. Өсім жылдық есепте 27,0%-ды құрады. Депозиттердің көлемінің ұлғаюын бір жағынан халықтың атаулы табыстарының (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылдың 8 айында +16%[1]) өскендігіне, екінші жағынан салымдарға қатысты ағымдағы тартымды мөлшерлемелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің есептелуімен түсіндіруге болады.


1-сурет. Халық депозиттері тұрақты өсуін жалғастыруда

депозиты 3 квартал.png
Депозиты физических лиц в тенге – Жеке тұлғалардың теңгелік депозиттері
Квартальный прирост – Тоқсандық өсім (оң жақ шәкіл)
Депозиты физических лиц в валюте – Жеке тұлғалардың валюталық депозиттері
Годовой прирост (правая шкала) – Жылдық өсім (оң жақ шәкіл)

Есепті тоқсанда ұлттық валюта әлсірегенімен, теңгелік депозиттер тоқсан ішінде жоғары өсу қарқынын паш етті: тоқсан ішінде – 5,6%, ал жылдық тұрғыда – 37,9%. Осы ретте 2023 жылдың басынан байқалған, валюталық депозиттердің жылыстауы одан әрі жалғасты: III-тоқсанда 1,3%-ға, ал жыл басынан бері 6,1%-ға жетті. Валюталық депозиттер үлесінің төмендеуі теңгелік депозиттер бойынша ұлттық валютаның әлсіреу деңгейінен асатын жоғары табыстылықтың ғана емес, бұқара халықтың ой-санасының өзгеруінің нәтижесі болып табылады. Қазіргі уақытта ақша жинау бойынша валюта таңдауда айырбас бағамы халық үшін шешуші фактор болудан қалды.  


Валюталық депозиттердің жылыстауы нәтижесінде III-тоқсанның соңына қарай долларлану деңгейі кезекті рекордын жасады – 29,0%-ға дейін төменді (2022 жылдың III-тоқсанында – 34,6% болған еді). Бұл ретте айта кету керек, долларлану көбінесе ірі сегментте[1] шоғырланған – ол валюталық портфельдің 64%-ын құрайды. Есепті тоқсанда бұл сегментте валюталық депозиттердің үлесі 4,6 пайыздық тармаққа (п.т.), ал жылдық есепте 11,1 п.т-қа. төмендеді. Дейтұрғанмен долларлану деңгейі ірі сегментте әлі де жоғары болып қалуда – 57,8%. Ал орта сегментте оның көлемі 24,5%-ды және бұқаралық сегментте2 12,5%-ды құрайды.



2-сурет. Долларлану ірі сегментте шоғырланған

депозиты 3 кв - 2 рис.png

Долларизация всего – барлығы долларлану, Критический уровень долларизации – долларланудың сындарлы деңгейі*, Курс – бағам (оң жақ шәкіл), Массовый сегмент – Бұқаралық сегмент, Крупный сегмент – Ірі сегмент, Средний сегмент – Орта сегмент


Валюталық депозиттердің жылыстауын сегменттер бөлінісінде талдау мына жайтты көрсетеді: салымдарындағы қалдық ақшалары 5 млн теңгеге дейін болатын салымшыларда – 15,5 млрд теңгеге және салымдарында ірі қалдық ақшалары бар салымшыларда 105,4 млрд теңгеге қысқарды. Яғни бұқаралық сегментте валюталық депозиттердің бір бөлігі жоғары пайыздық табыс алу үшін теңгелік депозиттерге ауыстырылса, ірі сегментте салымшылар валюталық депозиттердегі қаражаттарын табысы жоғары шетел валютасындағы балама қаржы құралдарына инвестициялау үшін алады деп ой тұжырымдауға болады.  

Сонымен қатар депозиттердің жалпы құрылымында бұқаралық сегменттің үлесі төмендеп жатса, орта және ірі сегменттің үлестері керісінше арта түсуде. Сегменттердің бұлайша қалыптасуына тұтынушылық инфляция аясында халықтың әртүрлі топтарына тиесілі табыстардың өсу қарқынындағы ерекшеліктер себеп болуда. Айталық, ұдайы сұраныстағы тауарларға кететін шығындар халық табысының едәуір бөлігін ала бастады. Ал бұл табысы төмен қазақстандықтар үшін үлкен салмақ. Нәтижесінде олардың ақша жинау қабілеті төмендеуде. Соның салдарынан III-тоқсанның қорытындысы бойынша сомасы 3 млн теңгеге дейін болатын депозиттердің көлемі 2,4%-ға қысқарды. Ал қалған секторларда өсу байқалады – анағұрлым жоғары көрсеткіштер орта және ірі сегменттердегі депозиттер бойынша  (6,4%-дан 8,9%-ға дейін) тіркелді.    

 

3-сурет. Орта және ірі сегменттерге қарағанда бұқаралық сегменттің көлемі қысқаруда 

депоз. 3 кв - 3 рис.pngГодовое изменение - Жылдық өзгеріс; Изменение за 3 кв. 2023г. – 2023ж. 3-тқс. өзгеріс; Всего – Барлығы; Массовый – Бұқаралық; Средний - Орта; Крупный - Ірі


Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелеріне қатысты айтар болсақ – ҚДКБҚ шекті (максималды) мөлшерлемелері мен банктердің нарықтық мөлшерлемелері үшін бағыт-бағдар рөлін атқаратын ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі 2023 жылдың тамызында 16,75%-дан 16,5%-ға және қазанда 16,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде жекелеген банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарады. Қоғамда базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендейтіндігін күту сезімі нығайған сайын салымшылар кез келген уақытта шұғыл түрде алуға болатын депозиттері бойынша ағымдағы жоғары табыстылықты барынша ұзақ сақтап қалуға тырысуда. Осыған байланысты есепті тоқсанда банктерде мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі барынша икемді мерзімсіз салымдар мен максималды сыйақы мөлшерлемесін ұсынатын, 6 айға арналған мерзімді және жинақ салымдарға ақша салу көлемі едәуір ұлғайды. Осылайша 2023 жылдың III-тоқсанында мерзімсіз депозиттер бойынша орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемелер 0,2 п.т-қа, қысқа мерзімді тұрақты депозиттер бойынша – 0,2-0,7 п.т-қа жоғарылады.

Қысқа мерзімді депозиттер бойынша инфляциялық қысымның одан әрі төмендеуі нәтижесінде салымдардың нақты табыстылығы да өсе түсуде. ҚР Ұлттық Банкінің тиімді шаралары және сыртқы нарықтарда инфляцияның бәсеңдеуі Қазақстанда 2023 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляцияны (маусымдағы 14,6%-бен салыстырғанда)[3] 11,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ мерзімсіз салымдар бойынша нарықтық мөлшерлемелер 15,3%-ды құраса, мерзімді депозиттер бойынша 16,1%-ға, ал жинақ салымдар бойынша 17,5%-ға жетті. Соның арқасында 3-ші тоқсанда мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша орташа нақты табыстылық 3,3 п.т. деңгейінде қалыптасты. Бұл ақша жинау құралы ретінде депозиттердің тартымдылығын арттыра түседі. Айта кетелік, бұған дейінгі тоқсанда 0,3 п.т. болған еді.

ҚР Ұлттық Банкінің ресми мәлімдемесіне сәйкес «нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдейтін болса, базалық мөлшерлеменің де бірқалыпты төмендеуі жалғасады»[4]. Демек банктердің депозиттер бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемесі де төмендеуі әбден мүмкін деген сөз. Сондықтан қазір ҚДКБҚ[5] кепілдігінің арқасында депозиттер бойынша минималды кредиттік тәуекелдерді ескерсек, ағымдағы тартымды мөлшерлемелер бойынша жоғары табыстылықты сақтап қалу мақсатында ақшаны банк салымдарына салуға өте қолайлы уақыт туындап тұр.   

Жаңалықтарымызды жіберіп алмаңыз – жылды аяқтау қорытындысы бойынша ҚДКБҚ Сізге жеке тұлғалардың депозиттері нарығындағы үрдістер жайлы ақпарат беретін болады.



[1] Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы және нақты ақшалай табыстары (ай сайынғы) www.stat.gov.kz

[2 бұқаралық сегмент – қалдық ақшасы 15 млн теңгеге дейін болатын депозиттер, орта сегмент – қалдық ақшасы 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін болатын депозиттер, ірі сегмент – қалдық ақшасы 50 млн теңгеден асатын депозиттер

[3] Өңірлердегі инфляциялық үрдістер, www.nationalbank.kz

[4] ҚР Ұлттық Банкінің «Базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін төмендету туралы» 2023 жылғы 25 тамыздағы баспасөз релизі

[5] ҚДКБҚ кепілдік берген сомалары заңнамалық лимиттермен шектелген