Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

«Халық депозиттерінің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті». ҚДКБҚ депозит нарығы бойынша 2023 жылдың басындағы оң үрдістер туралы

АҚШ пен Еуропадағы банк дағдарысы туралы жаңалықтар бүкіл қаржы секторы үшін күтпеген жағдай болды: біршама ірі үш банк бірінен соң бірі төлемге қабілетсіз болып шыға келді: Silvergate Bank, Signature Bank және Silicon Valley Bank (SVB). Орын алған жағдайға банктердің қаражатты инвестициялау бойынша өктем саясаты, өтімділік қорының мардымсыздығы және жүзеге асырылмаған залалдардың шоғырлануы себеп болды. Көп ұзамай салымшылар депозиттеріндегі ақшаларын жаппай ала бастады. Нәтижесінде жоғарыда аталған банктер банкротқа ұшырап, әлемдік банк жүйесіне деген сенімге сызат түсті.


Алайда АҚШ пен Еуропаның қаржы нарықтарында орын алған сілкіністер мен банк саласына қатысты үрей отандық қаржы жүйесіне әсер еткен жоқ. Отандық банк секторы өтімділіктің айтарлықтай қорына ие. Ал бұл АҚШ-тың банкорт болған банктерінде болмаған еді. Сонымен қатар кепілдіктің жоғары деңгейі және онымен екінші деңгейдегі дәстүрлі банктердегі барлық депозиттік өнімдердің қамтылатындығы салымшылардың сенімін нығайта түседі. Осылайша 2023 жылдың 1-тоқсанына қарай бөлшек саудалық депозиттерде оң өсім байқалуда – өсім 231,8 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде халық депозиттерінің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті. Бөлшек саудалық депозиттердің одан әрі өсуіне инфляция деңгейінің тұрақталуы және Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжамдардың жақсы сипатқа ие болуы оң әсер етуде.


График1 каз.JPG


Халықтың теңгелік депозиттерінің өсімі 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 367,8 млрд теңгені құрап, олардың үлесі жеке тұлғалардың бүкіл депозиттерінің 67,3%-ына жетті. Ал халықтың валюталық депозиттері 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 135,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі бірінші рет ең төмен көрсеткіштерге жетті: ағымдағы жылдың 1-тоқсанының соңына қарай 1,2 п.т. төмендеп, 32,7%-дық үлесті көрсетті. Валюталық салымдардың көлемі мен жалпы долларлану деңгейінің төмендеуі шетел валютасына деген сұраныстың жоқтығын және теңгелік депозиттерге деген қызығушылықтың жоғары екендігін білдіреді. Бұған теңгенің айырбас бағамы қозғалысының тұрақтылығы және болжауға келетіндігі, сондай-ақ теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелердің тартымдылығы септігін тигізуде.


График 2 каз.JPG



* долларланудың «психологиялық деңгейі» туралы сараптамалық пікірді білдіреді. Одан асып кету банктің ақшалай қор жинауына белгілі бір қауіп төндіреді

  Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері 1-тоқсан барысында өзгерген жоқ. Мұның бір себебі сол, ҚР Ұлттық Банкі инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені әлі де 16,75% деңгейінде сақтап тұр.  


Ұлттық Банктің болжамы бойынша инфляция деңгейі 2023-2024 жылдары төмендеп, 2024 жылы 9-11%-ға дейін төмендейді. Осылайша депозиттер бойынша мөлшерлемелердің ағымдағы мәні инфляцияның біртіндеп түсіп жатқанын ескерсек, нақты табыстылықтың біртіндеп өсетіндігін көрсетеді Оның үстіне мұнда қор нарығындағы секілді тәуекелдер жоқ десе де болады. Есте сақтаған жөн, салымдардың нақты табыстылығын инфляцияның бұған дейінгі немесе нақты мәнін емес, оның алдағы мәні туралы болжамды шегергендегі ағымдағы мөлшерлеме негізінде есептеу қажет.


Әдеттегідей, инфляция төмендей бастаған шақта шекті мөлшерлемелер де, банктердік нақты сыйақы мөлшерлемелері де біртіндеп төмендей бастайды. Осыны ескере отырып айтарымыз, қазіргі уақытта ұзақ мерзімді теңгелік депозиттер анағұрлым тиімді қаржы құралы болып табылады. Депозиторлар сол арқылы ағымдағы жоғары табыстылықты мейлінше ұзақ уақытқа соза алады. Мысалы, қазіргі уақытта теңгелік жинақ депозиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері 18,3%-ға жетеді. Депозит нарығының көрсеткіштері де халықтың ұзақ мерзімді салымдарға деген қызығушылығын паш етуде: 2023 жылдың 01 сәуіріне қарай мерзімі 1 жылды құрайтын мерзімсіз салымдардың үлесі 93,4%-ды құрайды. Бұл ретте жинақ салымдар бойынша көрсеткіш – 68,0%, ал мерзімді салымдар бойынша – 42,7%. Нәтиже бойынша халықтың 1 жыл және одан да жоғары мерзімге ашқан салымдарының көлемі 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай 6,7 трлн теңгені құрады.