Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Бір айдан аз уақыт қалды: клиенттер таратылатын банктер бойынша өтем алуға онлайн-өтініш бере алады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) 2021 жылдың қыркүйегінен бастап сынамалы режімде Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын (ТЭП) іске қосты. Соның арқасында таратылатын банктердің салымшылары көрсетілетін қызметті онлайн алуға қол жеткізді. Жүйе іске қосылған сәттен бері салымшыларға онлайн-өтініштер бойынша 7 млн теңге шамасында төледі, ал агент банктер ТЭП арқылы жалпы сомасы 77 млн теңгені құрайтын өтініштерді өңдеп шықты.


Қазіргі уақытта Қазақстанда тоғыз банкте тарату үдерісі жүргізіліп жатыр. Олардың салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамы төленді. Қор мамандарының айтуынша, кепілдік берілген өтем сомасының басым бөлігі алғашқы айда төленеді. Бірақ соған қарамастан салымшылардың көпшілігінің шоттарында аздаған қалдық ақша қалған. Көрсетілген соманы «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшылары соңғы күнін қоса алғанда ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ала алады.


«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының өтем ақшаны соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін алуға мүмкіндіктері бар.   


Таратылатын банктердегі салымдарды агент банк арқылы дәстүрлі тәсілмен де, ТЭП арқылы онлайн тәсілмен де алуға болады. Өтінішті онлайн түрінде қалай жылдам беруге болатындығы жайында Қордың Төрағасы Әділ Өтембаев әңгімелеп берді:


«Салымшы онлайн-өтініш беруі үшін Қор сайтына кіріп, арнаулы порталға өтуі керек немесе оған мына сілтеме бойынша кіруге болады. Авторлану үшін өзекті электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) енгізіп, әрі қарай бейне-тексеру (биометриялық сәйкестендіру) немесе SMS-код арқылы анықтап тану рәсімінен өту қажет. Бұдан кейін төленуге жататын соманы таңдап, өзіңізге тиесілі банк деректемелерін толтырып, ЭЦҚ-ның көмегімен өтінішке қол қойыңыз. Салымшының бір емес, бірнеше банкте депозиттері болған жағдайда, олар бойынша төленуі тиіс өтем сомаларын бір ғана өтінішпен ала алады. Растаушы құжаттар тек салымшының сәйкестендіруші деректері өзгерген жағдайда жүктеледі. Кепілдік берілген өтем қолма-қол ақшасыз жолмен салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді. Толыққанды нұсқаулық пен бейнероликтер Қор сайтында орналастырылған».


Атап өту керек, онлайн-өтініш беру тек банк шоттарының, төлем карточкалары мен салымдарының иелеріне ғана қолжетімді. Ал салымшының заңды өкілдері (сенім білдірілген тұлға, мұрагерлері немесе басқа да құқық иеленушілері) Қор сайтындағы тізімге сәйкес растаушы құжаттарды ұсына отырып, тікелей агент банктерге жүгінулері тиіс.


Қор еске салады, «Қазинвестбанк» АҚ пен «Эксимбанк Қазақстан» АҚ салымшыларының заңды өкілдері тікелей Қорға, ал «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары мен олардың заңды өкілдері өтем алу үшін Қорға немесе банктің тарату комиссиясына мына мекенжай бойынша жүгінеді: Қарағанды қ., Бұхар жырау даңғ., 51/4.


Маңызды: кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі заңнамалық деңгейде бекітілген. Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын қабылдауға арналған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады.


Өтем төлеу мерзімі барысында қандай да бір дәлелді себептермен өтем алып үлгермеген салымшылар жазбаша өтініш пен растаушы құжаттарын ұсына отырып, ақшасын Қордан алуға құқылы. Дәлелді себептерге әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұра қабылдауы және мұра ашуға қатысты себептер, сондай-ақ сот анықтаған өзге де мән-жайлар жатады.


Мұндай өтініштер Қорға банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе  өтем сомасы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде салымшының жеке зейнетақы шотына аударылған жағдайда зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы алу құқығы туындағанға дейін берілуі мүмкін. 


Толық ақпаратты 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасына сауал жіберу немесе @kdif_ask Телеграм-чатына сұрақ қою арқылы алуға болады.