Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Ислам банктеріндегі депозиттерге кепілдік беріледі ме?

Исламдық қаржыландыру – әлемдік банк секторы мен Қазақстанда негізгі қаржылық даму бағыттарының бірі. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда[1] ислам дінін ұстанушылар санының артуы, сондай-ақ мұсылман елдерінде жаңа технологиялардың енгізілуі Азия, Еуропа, Африка, Америка мемлекеттерінде исламдық қаржыландырудың дамуына негіз болды.


Ислам банкингі дәстүрлі банкингке қарағанда бірқатар ерекшеліктерге ие. Өйткені ол шариғат қағидаларына негізделген. Солардың ішінде маңызды қағидаларға атап өтер болсақ:  


1) ақшаны саудалауға және пайыз алуға тыйым салынғандығы;

2) ақшаны жұмсауға қатысты тәуекелдің капитал иесі (инвестор) мен капитал берілген тұлғаға (кәсіпкер) үлестірілуі;

3) шариғат қағидаларына сәйкес белгілі бір қызмет түрлерін (темекі, спирттік ішімдіктер, қару-жарақ өндірісі және т.б.) қаржыландыруға тыйым салынғандығы;

4) бөгденің мүлігін иемденуге және борышты сатуға тыйым салынғандығы.


Сәйкесінше ислам банкингінде өзіне тиесілі қаржы құралдары бар. Солар арқылы қаржылық операциялар орындалады.


Салымдарға келетін болсақ, негізгілері:

1) талап етілгенге дейінгі пайызсыз салым (вадиа);

2) «Мудараба» (болашақ пайданы бөлу пропорциясына қатысты шарт);

3) «Вакала» (күтілетін пайда немесе табыстылық мөлшерлемесінің мөлшеріне қатысты шарт);

4) тауарлық Мурабаха (ақша алу мақсатында жасалған мәміле, ол екі шарттан тұрады: банктің тауарды төлемін кейінге қалдыра отырып сатып алуы).  


Осылайша банктердің ақша тартудағы исламдық құралдарын кәдімгі, классикалық түсініктегі депозиттер деуге болмайды. Оны керісінше қаражатты банк пен клиенттің қандай да бір жобаға бірлесіп инвестициялауы деуге саяды. Бұл ретте тәуекел капиталдың иесі (инвестор) мен капитал берілген тұлға (кәсіпкер) арасында бөлінеді.    


Бүгінде ислам банктері әлемнің 43 мемлекетінде жұмыс істейді. Бұл ретте олардың мұсылман мемлекеттерінде (Сауд Арабиясы, Иран, Түркия және т.б.) және мұсылман емес мемлекеттерде де (Ұлыбритания, Уругвай, Канада және т.б.) қызметтер атқаратындығын атап өткен жөн. Оларда ислам банктері активтерінің және/немесе халық депозиттерінің үлесі 1%-дан (Канаде және Германия) 100%-ға (Сауд Арабиясы, БАӘ, Иран) дейін барады. ТМД елдерінде ислам банктері Қазақстанда, Қырғызстанда, Ресейде, Өзбекстанда, Әзірбайжанда және Тәжікстанда жұмыс істейді. Бұл ретте әрбір мемлекеттің банк секторында олардың активтері бойынша ықпалы 1%-дан аспайды.

 

Ислам банктеріндегі кепілдіктер

 

Исламдық қаржыландыру жүйесі жұмыс істейтін елдердің барлығында дерлік исламдық депозиттерге кепілдік беру бағдарламалары қолға алынған. Иордания, Малайзия, Нигерия, Филиппин, Судан секілді бірқатар елдерде мемлекет тарапынан исламдық депозиттерді сақтандыруға арналған мамандырылған қорлар құрылған. Басқа мемлекеттерде (35 ел, олардың ішінде Сауд Арабиясы, Түркия, Ұлыбритания, Уругвай, Канада және т.б.) исламдық салымдар жалпы негізде сақтандырылған. Сонымен қатар бұл елдерде, депозиттерді сақтандырумен айналысатын ұйымдарда исламдық депозиттермен айналысатын өз алдына бөлек бөлімшілер жұмыс істейді. Ал Аустралия, Норвегия, Испания және басқа елдерде исламдық салымдар сақтандырылмаған. ТМД елдеріне келер болсақ, Армения, Қырғызстан және Тәжікстанда жұмыс істейтін ислам банктеріндегі депозиттерге жалпы негізде кепілдік беріледі.   

 

Қазақстандағы ислам банкингі

 

1995 жылы Қазақстан Ислам даму банкінің қатысушысы атанды. Сол жылдан бастап елімізде ислам банкингі қолға алынды. Алайда заңнамалық база 2009 жылы әзірленді. Қазақстанда исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша жұмыс істейтін екі ислам банкі бар. Олар: «Al-Hilal» АҚ және «Заман-Банк» АҚ. Соңғы 5 жылда (2019-2023 жылдары) ислам банктері активтерінің орташа өсімі 19,4%-ды құрады, ал басқа дәстүрлі банктер бойынша орташа өсім – 13,7% болды. Өсімінің жоғары екендігіне қарамастан, ислам банктері активтерінің үлесі барлық қазақстандық банктердің жиынтық активтерінің 0,4%-ынан, ал жеке тұлғалардың салымдарының үлесі - 0,01%-дан аспайды.    аспайды. Ислам банктерінің депозиттік портфелінің құрылымында да, кредиттік портфелінің құрылымында да корпоративтік клиенттер басымдыққа ие.


Қазақстанда қызмет атқаратын ислам банктеріндегі депозиттерге кепілдік берілмейді. Неге? Біздің пікірімізше мұның негізгі себептері мыналар:

1) Қазақстанның банк жүйесінде ислам банктері үлесінің аз болуы және олардың негізінен корпоративтік шетелдік компаниялармен жұмыс істеуге бейімделгендігі;

2) ислам депозиттері бойынша білікті және кәсіпқой кадрлардың жетіспеуі, сәйкесінше бұл сақтандыруды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді;

3) ислам банктерінде бөлшек саудалық, яғни жеке клиентке қатысты бағыттағы жұмыстар, оның ішінде халыққа арналған қаржылық өнімдер туралы халықты хабардар ету механизмі әлсіз дамыған.


Атап өту керек, жалпы Қазақстанда ислам банкингін дамыту келешегі бар бағыт болып саналады. Бұл бір жағынан халықтың бір бөлігінің ерекше, өзіндік бір қаржы құралдарына деген қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталса, екінші жағынан Қазақстанның қаржылық қызметтер көрсету нарығында бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді.    


Сонымен қатар Қазақстанда ислам банкингінің қалыптасу үдерісі бірізді стратегиялық іс-әрекет жоспарын әзірлеуге және шешім қабылдауда жүйелік тәсілді және талқылауға мемлекеттік органдарды (Қорды, ҚР Ұлттық Банкін, ҚНРДА, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы), ислам банктерін және Исламдық қаржылық қызметтер бойынша кеңесті (IFSB) тартуды талап етеді.

     

   


[1] Статистика бойынша агенттіктің деректеріне сәйкес қазақстандықтардың шамамен 69%-ы өздерін мұсылман санайды