Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Егер менің банкім лицензиясынан айырылса не істеуім керек?

Ақшаңызды сеніп тапсырған банкіңіз лицениясынан айырылса, әрине, бұл көңіліңізде өкініш, үреу тудыруы мүмкін. Алайда уайымдауға еш негіз жоқ. Ақшаңыз сенімді қорғалған және салымдарыңыз бойынша заңнамада белгіленген сомалар шегінде кепілді өтем алуға үміт арта аласыз.   


Ендеше осындай жағдайда салымшылар қандай жайттарға тап болатындығын қарастырып, не істеу керектігі туралы нақты ақыл-кеңестер ұсынамыз.   

 

Төлемнің басталатындығы туралы хабарлама

 

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ 30 жұмыс күні ішінде салымшыларды төлемнің басталатын күні, ҚДКБҚ атынан төлемдерді жүзеге асыратын агент банк, төлемнің кезеңі мен орындары туралы салымшыларға алдын ала хабарлайды. Бұл ақпарат Қазақстанның ресми баспасөз басылымдарында, ҚДКБҚ және қаржы нарығының реттеушісінің (ҚНРДА) және агент банктің интернет-ресурстарында орналастырылады. Сонымен қатар аталмыш ақпарат телеарналарда және әлеуметтік желілерде жарияланады.


Өтініштер ҚДКБҚ хабарламасы жарияланғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде қабылдана бастайды.


Яғни, банк лицензиясынан айырылғаннан кейін кепілді өтемді ұйымдастыруға заңнама жүзінде белгіленген мерзім – 35 жұмыс күні.


Іс жүзінде ҚДКБҚ төлемдерді әлдеқайда ерте бастайды. Мысалы, 2020-2021 жылдары орын алған сақтандыру жағдайлары бойынша лицензиясынан айырылған банктердің салымшылары өздерінің қаражаттарына 6-8 жұмыс күні ішінде қол жеткізді.

 

Өтемді қалай алуға болады?

 


Кепілді өтемді алу үшін салымшы белгіленген нысандағы өтінішті (ол сайтта орналастырылған, оны сондай-ақ агент банктер де береді) және жеке басын куәландыратын құжатты ҚДКБҚ-ға немесе агент банкке ұсынса жеткілікті.


Егер салымшы қандай да бір өмірлік жағдайларға байланысты тікелей өтінішпен жүгінуге мүмкіндігі болмаса, өтем алуға:  

·                      салымшының сенімхат бойынша өкілдері;

·                      салымшының мұрагерлері;

·                      салымшының депозиті бойынша кепілді өтемді алу құқығына ие өзге де тұлғалар (мысалы, сот шешімі бойынша) өтініш береді.


Мұндай жағдайда өкілдер (өтініш берушілер) өздерінің салымшы атынан кепілді өтемді алу құқығын растайтын қосымша құжаттар ұсынулары тиіс.   


Мысалы:

салымшының мұрагері жүгінген жағдайда – растаушы құжаттар ретінде өтінішке мұра алу құқықтарын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын (мұраға құқық туралы куәлік) немесе нотариус куәландырған көшірмелерін және мұрагердің жеке басын куәландыратын құжатты қоса тіркеу қажет;

сенімхат бойынша жүгінген жағдайда – өкілдің (өтініш берушінің) жеке басын куәландыратын құжат пен нотариус куәландырған сенімхат қажет.

Салымшының орнына өтініш беру тәртібі туралы толығырақ мына сілтеме бойынша оқыңыздар.

 

Өтініш беру мерзімі

 

Салымшылар немесе олардың өкілдері төлем басталған күннен бастап, 1 жыл ішінде өтем алуға өтініш бере алады. Оларды қарау мерзімі және өтем төлеу туралы шешім қабылдау 5 жұмыс күнінен асырылмайды.

 

Төлем мерзімі өтіп кеткен болса

 

Егер таратылатын банктердің салымшылары өтем алуға дер кезінде жүгінбесе, онда талап етілмеген сомалар олардың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Бұл үшін салымшы тарапынан қандай да бір әрекет жасау талап етілмейді.


Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген ақша сомалары салымшының ҚДКБҚ мен БЖЗҚ-дағы деректерімен салыстыру қорытындысы бойынша күнтізбелік 30 күн ішінде аударылады. Бұл үшін:   


салымшының таратылатын банктің депозиторлар тізіліміндегі дербес деректері оның жеке тұлғалар туралы ақпаратты тіркеу және сақтаудың бірыңғай жүйесіндегі деректермен толығымен сәйкес келуі;

салымшының қолында жеке басын куәландыратын куәлігінің болуы;

салымшыда зейнетақы жинақтары бар зейнетақы шотының болуы қажет.

Бұл ретте аударылған қаражат салық салудан босатылады және кейін оған инвестициялық табыс есептелетін болады.

 

Дәлелді себептер

 

Егер салымшы төлем мерзімін дәлелді себептерге байланысты өткізіп алған болса, ол өтем алу үшін тікелей ҚДКБҚ-ға жүгіне алады.  


Депозиттерге кепілдік беру туралы Заңда дәлелді себептердің толық тізбесі келтірілген:

•        әскери қызметке кіру;

•        Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;

•        депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;

•        бас бостандығынан айыру орындарында болу;

•        сот анықтаған өзге де мән-жайлар.


Өтем алу үшін салымшы белгіленген нысан бойынша өз қолымен өтініш толтырып, белгіленген төлем мерзімін өткізіп алуға жоғарыда аталған дәлелді себептердің бірінің бар екендігін растайтын құжаттарды қоса тіркейді.


ҚДКБҚ мұндай өтінішті қарауына 5 жұмыс күні қарастырылған. Осы мерзім ішінде өтем сомасы салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады немесе уәжді бас тарту себептері көрсетіліп (яғни, қай жерде қателік кеткені, қосымша қандай құжаттар керек ендігі түсіндіріледі), өтініш беруге өтем төлеуден бас тартылады.


Еске саламыз, төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшылар ақшалары БЖЗҚ-ға аударылып кетсе де, ҚДКБҚ-ға келіп, тікелей жазбаша өтініш бере алады.


Мұндай жағдайда ҚДКБҚ БЖЗҚ-ға тиісті хабарлама жолдайды, ал БЖЗҚ бұрын аударылған қаражатты ҚДКБҚ-ға кері қайтарады. Атап өту керек, бұл жағдайда да салымшы үшін өтем алу мерзімі өзгермейді – ҚДКБҚ депозитордан өтініш пен растаушы құжаттарды алған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде өтем төлеуді жүзеге асырады.  


Атап өту керек, дәлелді себептер бойынша төлем алу жөніндегі өтініш ҚДКБҚ-ға мына мерзім ішінде, яғни:

•        банк түпкілікті таратылғанға дейін;

•        Әлеуметтік кодекске сәйкес (талап етпеген өтем сомалары зейнетақы қорына аударылған жағдайда) БЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналары есебінен зйнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін берілуі тиіс.


Төлем мерзімі аяқталғаннан кейінгі өтем төлеу тәртібі туралы толық ақпаратпен мына жерден танысып шығуға болады.


Сөз соңында тағы да атап өткіміз келеді: отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің салымшыларына банк лицензиясынан айырылған жағдайда «Ақшамызды қалай қайтарамыз?», - деп уайымдауларына еш негіз жоқ.


ҚДКБҚ әрбір кезеңде: төлем басталғанға дейін, төлем мерзімі барысында, төлем аяталғанға дейін және одан кейін кепілдік төлеудің барлық рәсімдері туралы халықты міндетті түрде хабардар етіп отырады.


Депозиттер бойынша кепілдіктер және банк лицензиясынан айырылған жағдайда өтем төлеу рәсімі туралы ақпаратпен ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан білуге болады немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға не болмаса 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.