Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Егер депозиттің сомасы Қордың кепілдігінен асатын болса, не істеуге болады?

Банк депозиттері әдетте ақшаны сақтаудың және молайтудың ең қауіпсіз әдісі болып саналады. Бұған әрине, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) беретін кепілдіктері де оң әсер етеді. Бірақ сол депозитіңіздегі ақша кепілдік берілген сомадан асып кететін болса, не істеуге болады?     


Тағы да еске саламыз, жинақталған ақшаға заңнама жүзінде белгіленген сомалар шегінде кепілді өтем төленеді:

- 20 млн теңге – теңгелік жинақ депозиттер бойынша;
- 10 млн теңге – теңгедегі басқа салымдар, карточкалар және шоттар бойынша;
- 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша.


Сонымен қатар өтем төлеу барысында банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақылар да есепке алынады.


Егер салымшының депозитіндегі жиналған ақша сақталуына кепілдік берілген максималды өтем сомасынан асып кететін болса, сол артық бөлігін салымшы банктің тарату комиссиясынан банк заңнамасында белгіленген кезектілік тәртібімен алады.   


МАҢЫЗДЫ! Салымшының бір емес, бірнеше банкте ашқан депозиттеріндегі ақшаларға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі. Міне, сондықтан да біз сізге жинақ ақшаларыңызды әртүрлі банктерде сақтауға кеңес береміз.  

  

Егер сіз бір банкте әртүрлі депозиттер: мысалы, теңгеде және шетел валютасында депозиттер ашқан болсаңыз, сондай-ақ ағымдағы және карточкалық шоттарда да ақшаларыңыз болса, онда сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілді өтемнің мөлшері әрбір депозит түрі бойынша белгіленген кепілдік сомаларын (5,10 немесе 20 млн) ескере отырып, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда жинақталған ақша қалдықтарына есептеледі. Бірақ түптеп келгенде депозиттеріңіздің арасында теңгелік жинақ салым болған жағдайда жалпы төлем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Осы ретте шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем сомасын есептеу үшін банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген нарықтық валюта айырбастау бағамы пайдаланылады және ол өзгермейді.


Мысалдар қарастырып көрелік. Сіздің теңгелік жинақ салымыңыз бар делік. Ол бойынша максималды кепілдік өтемі – 20 млн теңге. Бұл депозитте 11 млн теңгеңіз бар. Одан басқа, ағымдағы шотыңызда 10 млн теңге, валюталық депозитіңізде 10 мың доллар жинақталған. Көріп тұрғанымыздай, жинақ депозиттегі ақша белгіленген максималды кепілдік сомасынан аспайды, ағымдағы шотта жатқан ақша да кепілдік сомасынан (10 млн теңге) жоғары емес. Долларлық депозиттегі қаражат бойынша белгіленген шекті кепілдік сомасы – теңгелік баламада 5 млн теңгеге дейін. Алайда барлық депозиттер бойынша есептелген ортақ жиынтық кепілдік сомасы 20 млн теңгені ғана құрайды. Бұл мөлшерден асқан ақшаны алу үшін банктің тарату комиссиясына жүгіну қажет болады. Егер осы жоғарыда келтірілген мысалда депозиттеріңіздің арасында жинақ салым жоқ болса, онда ағымдағы теңгелік шот пен валюталық депозит бойынша төленетін жиынтық өтем сомасы 15 млн теңгені құрайтын еді.


Тағы бір мысал: жинақ салымыңызда 11 млн теңге, ал ағымдағы шотыңызда 9 млн теңге жинақталған. Бұл жағдайда да жалпы кепілді өтем сомасы 20 млн теңгені құрайды.


Назар аударыңыз! Жиынтық кепілді өтем банкте салымшының әрқалай түрдегі және валютадағы салымдары болған жағдайда ғана есептеледі.  

 

Мысалы, егер сіздің бір банкте теңгемен ашылған екі ағымдағы шотыңыз болса, олар бойынша төленетін максималды өтем сомасы 10 млн теңгені құрайды.


Депозит бойынша кепілді өтемді алдын ала мына сілтеме бойынша өтіп немесе Қор сайтының «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінде орналасқан арнайы калькуляторда есептеуге болады.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесі, банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтем төлеу тәртібі туралы ақпаратты ҚДКБҚ веб-сайтынан (kdif.kz) сайтынан таба аласыз. Сонымен қатар сауалдарыңызды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауыңызға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігіңіз бар.