Егер депозит ҚДКБҚ кепілдігінен асып кетсе, салымшыға не істеу керек?
Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКБҚ) шоттарында кепілдендірілген сомадан артық қаражаты бар салымшылар үшін қандай тәуекелдер бар екенін түсіндірді. Сақтандыру жағдайы басталған кезде, яғни реттегіш банктен барлық операцияларды жүргізуге арналған лицензияны қайтарып алған кезде жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге олардың депозиттері бойынша белгіленген мөлшерде өтем төленеді. Ал кепілдік лимиттерінен асатын бөлігінде салымшылармен есеп айырысуды банктердің тарату комиссиялары банк заңнамасында көзделген кезектілік тәртібімен жүргізеді. Тәуекелдерді қалай болдырмауға болады және депозиттерге кепілдік беру жүйесі қалай жұмыс істейді, материалдан оқыңыз.
Қазақстандықтардың жинақтары заңнамалық белгіленген кепілдік беру сомасы шегінде ҚДКБҚ-мен толық қорғалған:
-
20 млн теңгеге дейін – теңгедегі жинақ депозиттері (салымдары) бойынша;
-
10 млн теңгеге дейін – карточкалар, шоттар және теңгедегі басқа депозиттер бойынша;
-
5 млн теңгеге дейін – карточкалар, шоттар және шетел валютасындағы депозиттер бойынша.
Ал лицензиядан айырылған банк депозиторларына кепілдіктен тыс сомаларды төлеуге тарату комиссиясы жауап береді. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (АРРР) тағайындайды. Комиссия банктің істерін аяқтау үшін іс-қимылдарды жүзеге асырады және оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Олардың арасында депозиттерде кепілдік берілген өтемнің ең жоғары мөлшерінен асатын соманы ұстаған жеке тұлғалар бар.
Несие берушілердің талаптары қалай қанағаттандырылады?
Үдеріс "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңында айқындалған кезектілік тәртібімен жүреді. Барлығы 10 кезек бар. Банк тарататын ерекше қатынастармен байланысы жоқ жеке тұлғалардың депозиттері бойынша талаптар кепілдіктен тыс сомалар бойынша төртінші кезекте қанағаттандырылады.
Сақтандыру жағдайы басталған кезде кепілдіктен асатын сомасы бар салымшыларға осы тізімге қалай кіруге болады?
Тарату комиссиясы олардың талаптарын кредиторлар тізіліміне дербес енгізеді және бұл туралы хабарлайды. Депозиторларға тарату комиссиясына депозит бойынша кепілдік берілген сомадан артық қайтару туралы талабымен жеке өтініш жіберудің қажеті жоқ.
Тарату комиссиялары төлемдерді қалай жүзеге асырады?
Таратылатын банктің қолда бар активтерін негізге ала отырып, бұрын берілген заемдар бойынша банктің мүлкін өткізу шамасына қарай алынатын ақша есебінен, оның ішінде мәселелі қарыз-клиенттермен кінәрат-қуыным жұмысы қаражаты есебінен.
Несие берушілер алдындағы қарызды өтеу мерзімі бар ма?
Белгіленген күндер жоқ, өйткені таратылатын банктер активтерінің мөлшері мен сапасы өзгешеленеді.
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда тәуекелдерді азайту және төлемді күтпеу үшін салымшылар қазір не істеуі керек?
ҚДКБҚ ақша жинақтарын қорғау үшін әртүрлі банктерде жинақтарды кепілдіктің ең жоғары мөлшері шегінде орналастыруды ұсынады. Бірден бірнеше банктегі шоттардағы қаражатқа олардың әрқайсысы үшін бөлек кепілдік беріледі. Айтпақшы, салымшының бір банкте бір-бірінен түрі мен валютасы бойынша ерекшеленетін бірнеше депозиттері бірден ашылған кезде, сақтандыру жағдайында барлық депозиттер бойынша соманың жиынтық қалдығы өтеледі, бірақ салымның әрбір түрі бойынша шектерін ескере отырып, 20 млн теңгеден асырылмайды.