Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Егер банкіңіз лицензиясынан айырылса, сізге қанша ақша төленетіндігін қалай білуге болады?

Банк депозиттерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі елдің қаржылық тұрақтылығы мен клиенттердің сенімін нығайтуда өте маңызды рөл атқаратыны белгілі. Депозиттердің сақталуын қамтамасыз етуге қатысты салымшылардың алаңдаушылық білдіретіндігін түсінуге болады. Бүгін біз банк лицензиясынан айырылған кезде салым бойынша кепілді өтемді есептеу тәртібін қарастырамыз және бұған қандай жағдайлардың әсер ететіндігін айқындаймыз.   

Салымшылардың мүдделерін қорғауға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) тартылған. Егер банк лицензиясынан айырылуына байланысты өз міндеттемелерін орындай алмайтын болса, салымшыларға кепілді өтем төлеу міндеті осы Қорға жүктеледі.


Бұл жерде кепілді өтемнің сомасы депозитіңіздің түрі мен қай валютада ашылғандығына тікелей байланысты. ҚДКБҚ кепілді өтемді заңнамада белгіленген шекте жүзеге асырады:


·                    ұлттық валютадағы жинақ депозиттер бойынша – 20 миллион теңге;

·                    ұлттық валютадағы өзге депозиттер, ағымдағы шоттар және карточкалар бойынша – 10 миллион теңге;

·                    шетел валютасындағы депозиттер, ағымдағы шоттар және карточкалар бойынша – 5 миллион теңге.


Белгілі бір мерзімге ашылған жинақ депозиттер үшін ең максималды кепілдік деңгейі қарастырылған. Оларды мерзімінен бұрын жартылай алуға болмайды. Ал егер бәрібір алатын болсаңыз, бұл үшін банкті алдын ала күнтізбелік 30 күн бұрын ескертуіңіз қажет. Бұл жағдайда шот жабылады және жинақталған сыйақыдан толығымен дерлік айырыласыз.    

  

Ал депозиттердің басқа түрлері анағұрлым икемді. Айталық, мерзімді депозиттер де белгілі бір мерзімге ашылады, бірақ одан мерзімінен бұрын толығымен немесе ішінара ақша алуға болады және шот жабылмайды. Дегенмен жинақталған сыйақының белгілі бір бөлігі жойылады. Мерзімсіз депозиттерді кез келген уақытта толықтыруға және одан азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады. Ағымдағы және карточкалық шоттарды ақшалай операциялар жасау үшін кез келген уақытта пайдалануға мүмкіндік берілген.      


Есіңізде болсын, егер сіздің бір банкте түрі мен валютасына қарай, бірнеше депозиттік өнімдеріңіз, оның ішінде жинақ салымыңыз да бар болса, онда барлық депозиттеріңіздің жиынтық сомасына, жинақталған пайыздарымен қоса кепілді өтем беріледі. Бірақ ол әрбір депозит түрі бойынша белгіленген максималды кепілдік сомасын ескере отырып, 20 миллион теңгеден асырылмайды.  


Қане, мысалдар келтірейік:


Теңгелік депозиттер: банкте ағымдағы теңгелік шотыңыз бар делік. Оған карточкаңыз байланыстырылған. Сондай-ақ кәдімгі теңгелік мерзімді депозитіңіз де ашылған. Бұл жағдайда кепілдік сіздің ағымдағы шотыңыз бен депозитіңізге және оларға есептелген сыйақыларға қолданылады, бірақ жалпы кепілдік сомасы 10 миллион теңгеден асырылмайды.


Теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер: егер теңгедегі ағымдағы шотыңыз бен депозитіңізге қоса, шетел валютасында да салымыңыз болса, онда кепілдік берілген максималды сома 15 миллион теңгеден асырылмайды: теңгелік депозитке 10 миллион теңге және валюталық шотқа 5 миллион теңге.


Теңгелік жинақ салым және шетел валютасындағы депозит: теңгедегі қарапайым депозиттің орнына жинақ депозитіңіз ашылған делік. Онда 13 миллион теңге жинақталған. Бұған қоса валюталық шотыңызда 10 мың долларыңыз және бар. Бұл жағдайда қаражаттарыңыздың 100% сақталуына кепілдік беріледі: жинақ салым бойынша 13 миллион теңге және валюталық шотыңыз бойынша 4,8 миллион теңге (егер банкті лицензиясынан айыру күніне қарай нарықтық бағам 480 теңгені құраған болса). Осылайша қолыңызға барлығы 17,8 миллион теңге аласыз.


Егер жинақ ақшаңыз максималды кепілдік сомасынан жоғары болса


Егер сіздің жинақ ақшаңыздың сомасы максималды кепілдік сомасынан асатын болса, сіз банкіңіздің тарату комиссиясына жүгінуіңіз қажет. Ол банк заңнамасында анықталған кезектілік тәртібі бойынша кредиторлардың талаптарын (кепілдіктен асатын сомаларды қосқанда) өтеу жұмыстарын жүргізеді.     


Осындай жағдайларға тап болмас үшін ақшаны бір емес, бірнеше банкте сақтаған жөн. Өйткені Қордың кепілдігі әрбір банк бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады. Сондықтан жинақ ақшаларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәуекелдерді барынша әртараптандыру мақсатында ҚДКБҚ салымшыларға қаражаттарын әртүрлі банкте кепілдік берілген максималды сома шегінде сақтауға кеңес береді.  

 

Егер лицензиясынан айырылған банкте кредитіңіз бар болса


Кепілді өтемді төлеу барысында салымшының банк алдындағы берешегі, мысалы несие бойынша берешегінің бар-жоғы ескеріледі. Енді сіздің 20 миллион теңге мөлшерінде жинақ салымыңыз бар және сіз жылжымайтын мүлік сатып алу үшін осы банктен кредит алдыңыз делік. Банк лицензисынан айырылған күні сіздің кредит бойынша берешегіңіз 6,3 миллион теңгені құрады. Жинақ депозитіңіздегі 20 миллион теңге мөлшеріндегі ақшаңызға толығымен кепілдік берілгендігімен, берешегіңізді ескере отырып, сізге 13,7 миллион теңге ғана өтем беріледі.   


Егер валюталық депозитіңіз бар болса


Егер сіздің шетел валютасында депозитіңіз бар болса, ол бойынша кепілді өтем теңгемен төленеді. Өтем сомасы банк лицензиясынан айырылған күнгі нарықтық айырбас бағамы бойынша жүзеге асырылады. Бұл бағам кепілді өтем төленгенге дейін өзгермейді. Мысалы, валюталық депозитіңізде 10 мың АҚШ доллары бар делік және банкті лицензиясынан айыру күні айырбас бағамы 1 АҚШ доллары үшін 470 теңге болды. Сонда кепілді өтем сомасы 4,7 миллион теңгені құрайды.  


Егер жинақ ақшаңыздың сомасы жоғарыласа


Банктердің бірінде сіздің 15 миллион теңгелік жинақ салымыңыз бар. Бес жыл ішінде сол жинақ ақшаңыз есептелген пайыздарды қосқанда 19 миллион теңгеге жетті. Жинақ салымыңыз бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы 20 миллион теңгені құрайды. Демек сіз шотыңыздағы бүкіл сомаңызды ала аласыз. Егер жинақ салымыңыздағы ақшаңыз оған есептелген сыйақыларды қосқанда 20 миллион теңге болатын кепілдік сомасынан асатын болса, жинақ ақшаңыздың сақталуын барынша қамтамасыз ету үшін оны бөліп, екі түрлі банкке орналастыруға кеңес береміз. Ал екі банктегі жинақ ақшаларыңыз үшін берілетін кепілдік мөлшері 40 миллион теңгені құрайды. Депозитіңіз бойынша кепілдік мөлшері және банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтемді төлеу рәсімі туралы толыққанды ақпарат алу үшін сіз ҚДКБҚ веб-сайтына (https://www.kdif.kz/kz/) кіре аласыз, сондай-ақ 1460 қысқа тегін нөмірі арқылы қоңырау шалуға және info@kdif.kz поштасы немесе @kdif_ask Telegram-чаты арқылы сауал жолдауға мүмкіндік бар.


Одан басқа, сіз ҚДКБҚ сайтындағы калькуляторды пайдалана аласыз. Соның көмегімен пайыздарды есептеу әдісін, салымның түрі мен валютасын, валюта айырбастау бағамын және банкте кредитіңіздің бар-жоғын ескере отырып, депозитіңіз бойынша кепілді өтемді оңай есептей аласыз.