ҚДКБҚ «Табыс тарихы: Ресейдің салымдарды сақтандыру жүйесіне 20 жыл» атты Халықаралық конференцияға қатысты
ҚДКБҚ ақпан айының басында «Табыс тарихы: Ресейдің салымдарды сақтандыру жүйесіне 20 жыл» атты Халықаралық конференцияға қатысты. Оны ұйымдастырған – РФ «Салымдарды сақтандыру жөніндегі агенттік» мемлекеттік корпорациясы (ССА). Аталмыш шара заң шығарушы және атқарушы биліктің, банктік және сараптамалық ортаның, сондай-ақ 20 мемлекеттің, олардың ішінде ЕЭО-ға мүше мемлекеттер, сондай-ақ Индонезия, Иран, Малайзия, Сербия секілді елдердің депозиттерді сақтандырушы-ұйымдары өкілдерінің басын қосты. Айта кетелік, олардың арасында БҰҰ тарапынан танылмаған Абхазия республикасының өкілдері де болды.
Салымшылардың салымдарын қорғау механизмдерін жетілдіру – конференцияның басты тақырыбына айналды. «Салымдарды сақтандыру жөніндегі ұйымдардың қызметін цифрлық түрлендіру» деп аталатын алғашқы сессия аясында жасанды интеллектіні дамыту және оны қаржы секторында пайдалану бойынша пікірсайыс өтті. Сессия барысында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) Төрағасы Әділ Өтембаев баяндама жасады. Өз сөзінде ҚДКБҚ басшысы салымдарды сақтандырушыларға арналған цифрлық сервистер, ҚР Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясының әзірлемесі – цифрлық теңгені қосқанда, орталық банктердің цифрлық валюталары және салымдарды сақтандырушы ұйымдарға олардың әсері, сондай-ақ жасанды интеллект пен машиналық оқытудың депозиттерді сақтандырушыларға қалай көмектесуі мүмкін екендігі туралы әңгімеледі. Қатысушылар жасанды интеллектіні дамытудың, сондай-ақ әсіресе қаржы секторының бүгінде инновациялық технологияда көшбасында келе жатқандығын ескеріп, оны енгізу және реттеу бойынша бірлесе әрекет ету қажет екендігін атап өтті.
«Болашаққа көз тігу – салымдарды сақтандыру жүйелері және қаржы реттеушілері жетекшілерінің панелі» панельдік сессиясында пікірсайысқа қатысушылар салымдарды сақтандырушылар және қаржы реттеушілерінің алдында тұрған сын-қатерлер туралы өз ойларымен, пікірлерімен бөлісті, салымдарды сақтандыру, банктік реттеу, кредиттік ұйымдардың дәрменсіздігін реттеу салаларында жоспарланған және жүзеге асырылып жатқан реформаларды, сондай-ақ салымдарды сақтандыру жүйелерінің қорғайтан қаржы құралдарының аясын кеңейту мүмкіндігін талқылады.
Осы панельдік сессия барысында ҚДКБҚ Төрағасы Қазақстанда кепілдік мөлшерін ұлғайту – соңғы жылдары жеке тұлғалардың салымдарын міндетті сақтандыру жүйесін дамыту саласында маңызды оқиғалардың біріне айналғандығын атап өтті. Жинақ ақшалардың сақталуын қамтамасыз ету және халық тарапынан ұзақ мерзімді салымдарға деген қызығушылықты арттыру үшін 2022 жылдың басында теңгелік жинақ салым бойынша максималды кепілдік мөлшері 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ бір банкте түрі мен валютасына қарай әрқалай бірнеше депозиті, оның ішінде теңгелік жинақ депозиті бар салымшы үшін ҚДКБҚ тарапынан кепілдік берілген максималды жиынтық өтем сомасы да 20 млн теңгеге дейін арттырылды. Осылайша, 2024 жылдың 01 қаңтарындағы ахуал бойынша салымшылардың шоттарының 99,8%-ы ҚДКБҚ кепілдіктерімен толық көлемде қамтылған.
Өз сөзінде Әділ Нұрланұлы сақтандыру жағдайын анықтауды өзгерту – заңнамаға енгізілген маңызды түзетулердің бірі болғандығын атап өтті. ҚДКБҚ 2020 жылдан бері кепілді өтемді төлеудің басталу мерзімін қысқартуға, дәлірек оны қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап емес, банкті барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айыру күнінен бастап есептеу арқылы қысқартуға бағытталған шараларды жүзеге асырып келді. Бұл шаралар кепілді өтем сомаларын төлеуді бастау мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді – егер бұған дейін салымшылар банк лицензиясынан айырылған соң, өздерінің өтем ақшаларын алу үшін 4-5 ай күтетін. Ал 2020 жылдан бері кепілді өтемді төлеу шарасы банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады. Іс жүзінде үш соңғы сақтандыру жағдайы барысында салымшылар өздерінің қаражаттарына банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде қол жеткізді. Мұны үздік әлемдік тәжірибелердің бірі деуге болады. Бұл ретте сол банктердің салымшыларына алғашқы төлем аптасының ішінде ҚДКБҚ-ның кепілді өтемді төлеу бойынша міндеттемелерінің жалпы сомасының 74%-ына дейін төленді.
Сонымен қатар салымшылардың төлем мерзімі барысында талап етпеген өтем сомаларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аудару механизмі ҚДКБҚ үшін маңызды уақиға және әлемде теңдесі жоқ тәжірибе болды. Бұл жүйе, яғни салымшылардың талап етпеген өтем сомаларын олардың БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аудару механизмі 2021 жылы енгізілді. Бұл ретте зейнетақы қорына аударылған өтем ақшалар салық салудан босатылады және инвестицияланады. Сәйкесінше оларға инвестициялық табыс есептеліп отырады деген сөз. Осы механизмді енгізудің арқасында белсенділігі төмен 271 мыңдай салымшы өздерінің зейнетақы шоттарына 830,5 млн теңге алды.
Конференцияда қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің моделіне және ҚДКБҚ-ның өтем төлеу үдерісін жүзеге асыру және салымшыларды хабардар ету бойынша атқарған жұмыстарына жоғары баға берілді.