Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ: салымшылар 2022 жылы 114 млрд астам теңгеге өтем алды

Барлық таратылатын банктердің салымшыларына кепілді өтем төлеудің аяқталуы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры үшін 2022 жылдың басты уақиғасына айналды. Бұған бүкіл бір дәуірдің аяқталуы деп баға беруге болар. Өйткені кейбір жекелеген сақтандыру жағдайлары бойынша өтем ақшалар соңғы 15 жыл бойы төленіп келген еді. Лицензиясынан айырылған банктерде депозиттері бар 419 мыңға тарта салымшы жалпы сомасы 114 млрд теңгеден астам сомаға заңнама жүзінде кепілдік берілген өтем ақшаларына қол жеткізді.     


Бірегей тәжірибе


Осы жұмыс аясында есепті жылы Қор отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тарихында тұңғыш рет салымшылардың талап етпеген ақшаларын олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зенетақы жарналары ретінде аудару шарасын жүзеге асырды. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық тәжірибе жүзінде де бірегей механизм. Мысалы, шетелде әдетте салымшылардың талап етпеген сомалары муниципалдық бюджетке немесе әлеуметтік, сондай-ақ қайырымдылық мақсаттарға жұмсалатыны белгілі. Ал Қазақстанда мұндай ақшаларды тікелей депозиторлардың шоттарына аудару мүмкіндігі жасалды. Бұл ретте салымшылардың тарапынан ешқандай бір әрекет қажет емес.


Осылайша 2022 жылы 271 мыңдай салымшы өздерінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде жалпы сомасы 830 млн астам теңгеге кепілді өтем алды. Түптеп келгенде аталған шаралар Қорға өзінің депозиторлар алдындағы кепілді өтем төлеу бойынша міндеттемелерін 99%-ға орындауға мүмкіндік берді. Бұл қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігін тағы да дәлелдей түседі және Қордың қазақстандық банктердің салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға барынша күш жұмсап келе жатқандығын паш етеді.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне (ДКБЖ) қатысушы банктер


2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін, екінші деңгейдегі 21 банктің 19-ы ДКБЖ-ға қатысады. Қалған «Al-Hilal» Ислам Банкі» АҚ және «Заман-Банк» Ислам Банкі» АҚ бұл жүйеге
қатыспайды.

банки-участники.png

Еске саламыз, ислам банктерін қоспағанда, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, шоттарын ашу және жүргізуге лицензия алған әрбір банк автоматты түрде ДКБЖ-ға қатысушы атанады. Сондай-ақ депозит ашқан немесе банктегі шотында не болмаса төлем карточкасында ақшасы бар салымшылар да автоматты түрде аталмыш жүйенің қатысушысы болып шыға келеді.


Кепілдік берілген максималды сома депозиттің түрі мен валютасына тікелей тәуелді:

·        теңгелік жинақ депозиттер – 20 000 000 теңге;

·        жинақтан басқа, кез келген теңгелік депозиттер – 10 000 000 теңге;

·        шетел валютасындағы депозиттер – 5 000 000 теңге.


Депозит нарығы


Егер жалпы Қазақстанның депозит нарығы туралы айтар болсақ, 2022 жыл – бүкіл отандық қаржы жүйесінің мықтылығы тексерілген, кезекті сындарлы жылға айналды. Жыл басталғаннан-ақ орын алып, әрі қарай шиеленісе түскен геосаяси жағдайлар, артынша ішкі және сыртқы қиындықтар банк секторын да шарпып өтті. Алайда Үкімет пен қаржы реттеушісінің дер кезінде қолданған шараларының арқасында бұл есеңгіретулерді залалсыздандыруға және жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, депозит нарығының оң серпінін қайта қалпына келтіруге қол жеткізілді.


Осы үдеріс барысында халықтың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеу аясында Қордың жүзеге асырған жұмыстары елеулі рөл атқарды. Айталық, Қор 2022 жылдың барысында депозит нарығындағы өзгерістер мен құбылыстарды жіті бақылап, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің өзгеруін де ескере отырып, шекті мөлшерлемелерді 19 рет қайта қарады. Жинақ салымдар бойынша кепілдік сомасының, сондай-ақ жиынтық кепілдік сомасының 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы депозит нарығының орнықтылығы мен тұрақтылығын сақтауға қосымша ықпал етті. Бұл сонымен қатар салымшылардың ақша жинауға деген құлшынысын арттыра түсті. 2022 жылы ақпан айында халықтың теңгелік салымдарын қорғау бойынша мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуы да қаржы жүйесіне түскен қысымды айтарлықтай жұмсартты және салымдардың сақталуын, сәйкесінше екінші деңгейдегі банктердің қорландыру базасын қамтамасыз етті. Аталмыш мемлекеттік шараға Қор оператор ретінде тікелей қатысып, салымшылардың банк жүйесіне деген сенімін арттыруға атсалысты. Бағдарламаның мерзімі аяқталған соң, мемлекет тарапынан шамамен 2,6 млн салымшының депозиттеріне ондағы ең төмен қалдық ақшаларға 10%-дық өтемақы ретінде 300 млрд астам теңге есептелді.


Мұндай шаралар оң әсерін тигізді: алғашқы тоқсанда төмен нәтиже көрсеткен отандық депозит нарығы кейінгі үш тоқсанда тұрақты түрде өсіп отырды. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың шоттарының саны 2022 жылдың барысында 21,7%-ға көбейсе, халықтың депозиттері 26,1%-ға артып, 2022 жылдың соңына қарай 16,9 трлн теңгеге жетті.


Салымдардың долларлану деңгейі - қазақстандық банк секторының орнықтылығының тағы бір көрсеткішіне айналды. Ол жыл соңына қарай рекордтық дәрежеде ең төмен - 33,9% деңгейінде тіркелді. Депозит нарығының долларсыздану құбылысы мемлекеттің жүргізіп жатқан қазыналық саясатының арқасында қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сенімінің сақталғандығының айқын дәлелі бола алады. Бұл ретте ҚДКБҚ тарапынан беріліп жатқан кепілдік мөлшерінің жоғарылығы және теңгелік депозит бойынша тартымды сыйақы мөлшерлемелері де депозиттердің шетел валютасына айырбасталуын тоқтатуға және халықтың қалың бұқара топтарының ұлттық валютада ақша жинауға деген қызығушылығын қолдауға ерекше үлес қосты.     

    

Жалпы 2022 жылы нарықтың дамуы депозиттердің халық үшін анағұрлым қарапайым және сенімді инвестициялау құралы екендігін, ал банк секторы үшін анаұрлым тұрақты және әртараптандырылған қорландыру көзі екендігін көрсетіп берді.  


Активтерді инвестициялау


Қор активтерін инвестициялауда басты мақсат – олардың сақталуын қамтамасыз ету. Қордың активтері 2022 жылдың 31 желтоқсанына қарай, рейтингі «ВВ-/Ва3»-тен төмен емес, жоғары өтімді бағалы қағаздарға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің облигацияларына, ҚРҰБ ноталары мен депозиттеріне, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Еуразия даму банкінің, Азия даму банкінің, халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларына, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ облигацияларына орналастырылған.

Бұл ретте Қордың активтер базасы жыл барысында өсуін жалғастырды. ДКБЖ-ға қатысушы банктердің күнтізбелік жарналары 2022 жылы 32,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға (+1,4 млрд теңге) жоғары. 2022 жылы Қордың активтерін инвестициялау арқасында жалпы 113,0 млрд теңге көлемінде табыс түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 31,7%-ға (+27,2 млрд теңге) жоғары. Енді осы жалпы табыстың ішінде арнайы резерв активтерінің есебінен түскен табыс – 89,0 млрд теңгені, ал меншікті активтер есебінен түскен табыс – 24,0 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың 31 желтоқсанына қарай, Қордың инвестициялық қоржынының жиынтық мөлшері 1 212,5 млрд теңге болды. Оған дейінгі жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 14,5%-ға (+153,2 млрд теңге) жетті. Қоржынның ішінде 260,6 млрд теңге – меншікті активтер және 951,9 млрд теңге – арнайы резерв есебінен жиналды.

 

Халықаралық қызмет


Қор қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігін арттыру және ең үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында халықаралық ұйымның жұмысында белсенді ұстанымға ие. Осы ретте ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаевтың Депозиттерді сақтандырушылардың Халықаралық Қауымдастығы (IADI) Атқарушы кеңесінің мүшесі болып сайлануы Қор үшін осы саладағы маңызды уақиғаға айналды. Аталмыш Қауымдастық депозиттерді сақтандыру саласында маңызды стандарттарды қалыптастырушы бірлестік болып табылады. IADI басқарушы органына Қордың тікелей қатысуы үлкен мәртебе ғана емес, бұл сонымен қатар осы стандарт қалыптастырушы ұйымның жұмысына белсене араласуына және шет елдердің депозиттерді сақтандырушыларымен тығыз қарым-қатынас жасауына септігін тигізеді.

Қордың алға қойған мақсаты салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін барынша қорғау жолында жаңа жетістіктерге жету. Сондықтан салымшылармен де, қатысушы банктермен де өзара ынтымақтасудың сапасы мен тиімділігін арттыру үшін негізгі бизнес-үдерістерді барынша жетілдіруге және автоматтандыруға ден қоюда. Отандастарымыздың мүдделерін қорғау жолында Қордың атқарып жатқан жұмыстары Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға зор үлес қосатындығына қашанда сенімдіміз.      

Жылдық есепті Қордың www.kdif.kz сайтында мына сілтеме бойынша ашып, оқып шығуларыңызға болады.