Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ «Delta Bank» АҚ салымшыларына агент банк арқылы өтем төлеуді ұзартты

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) «Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту туралы «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен келісімге қол қойды. Еске саламыз, өтем төлейтін агент банк ретінде осы банк таңдап алынған болатын.


Көрсетілген мерзім ішінде «Delta Bank» АҚ салымшылары агент банктің жергілікті бөлімшелеріне жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы бере алады. Жеке өзі келген жағдайда салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті, ал егер сенім артылған тұлға келетін болса, салымшының атынан өтем алу құқығын растайтын құқық белгілеуші құжаттарды ұсынады (мысалы, нотариус куәландырған сенімхат).


«Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем агент банк арқылы 2018 жылдың 17 мамырынан бері төленіп келеді. Үш жыл ішінде жалпы сомасы 107,3 млн теңгеге өтем төленді. Бұл Қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 53 пайызын құрайды.


2021 жылдың 1 мамырына қарай кепілдік берілген өтемді алу үшін 328 салымшы ғана өтініш берген. Бұл олардың жалпы санының 12 пайызын құрайды. Агент банкке келушілер санының аз болуы «Delta Bank» АҚ-та ашылған шоттар мен депозиттердегі қалдық ақшалардың аздығына байланысты болып отыр. Нақты айтар болсақ, 963 салымшының әрбірінің шотындағы қалдық ақша 1000 теңгеден төмен, сондай-ақ 412 салымшының шоттарында – 1 000 теңгеден 5 000 теңгеге дейін болса, 158 салымшыда - 5 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін бар.


Дегенмен «Delta Bank» АҚ-тағы шоттарында 100 000 және 1 000 000 теңгеден астам қаражат жинаған салымшылардың да бар екенін айта кеткен жөн. Сондықтан Қор осы және кепілдік берілген өтемді алуға құқығы бар басқа да салымшылар үшін агент банк арқылы төлем алу мерзімін соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзартты.


2022 жылдың 1 мамырынан кейін «Delta Bank» АҚ салымшылары бұрынғыдай Қорға өтем алуға тікелей өтініш бере алмайды. Қор талап етілмеген кепілдік берілген өтемді Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына сәйкес депозитордың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.


Қор кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банктің бөлімшелеріне соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін жүгінуге табанды түрде кеңес береді. Салымшылар алдын ала 505 (ұялы телефоннан тегін) және 8 (727) 244 30 30 нөмірлері немесе банктің www.bcc.kz сайты арқылы бөлімшелердің жұмыс кестесі туралы ақпаратты нақтылап алуларына болады.


Еске саламыз, агент банк кепілдік берілген өтемді жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің шоттары, карточкалары және депозиттері бойынша төлейді. Кепілдік мөлшері:

ұлттық валютадағы қаражаттар бойынша – 10 млн теңгеден;

шетел валютасында қаражаттар бойынша («Delta Bank» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша) – 5 млн теңгеден аспайды.


Салымшылар кепілдік берілген өтемді алудың өздеріне ыңғайлы тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен немесе өтініш берушінің банк шотына аудару арқылы алуды таңдауға құқылы. Бұл ретте банк деректемелері салымшының өтінішінде нақты көрсетіледі.


Депозиттер бойынша кепілдіктер және төлемдерді жүзеге асыру туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электронды поштасына жазу арқылы өтініш білдіре алады.