ҚДКБҚ «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары алдындағы өз міндеттемелерін 85%-ға орындады
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) агент банк ретінде таңдап алынған «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына 1,4 млрд астам теңге төледі. Бұл банк салымшылары алдындағы міндеттемелердің жалпы көлемінің 85%-ын құрайды.
Кепілдік берілген өтемді төлеу соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін жалғасады. Қор әлі өтем алмаған салымшыларға агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтем төлеу жөніндегі өтінішті толтыруға кеңес береді.
Агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. Ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді. Салымшылар агент банктің бөлімшелеріне бармастан бұрын, «Еуразиялық банк» АҚ сайтында: төлем сомасын тексеру, бөлімшенің жұмыс кестесі және жұмысбастылығына қатысты онлайн-сервистерді пайдалана алады (https://eubank.kz/capital-bank/?lang=kz).
Агент банктің бөлімшесіне баратын салымшының қолында жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Егер салымшының орнына басқа адам (сенімхат бойынша өкіл, мұрагер, басқа да құқық иеленуші) өтініш берген жағдайда агент банкке: сенімхат, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе басқа да құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады.
Еске саламыз, кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте кепілдік сома:
теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні – 2021 жылғы 25 маусымда белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.
Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Банк салымшылары кепілдік берілген өтем сомасы мәселелері бойынша «Capital Bank Kazakhstan» АҚ уақытша әкімшілігіне мына мекенжайлар бойынша жүгіне алады: Алматы қ., Н. Назарбаев даңғылы, 187Б, +7 (727) 331 66 77; Нұр-Сұлтан қ., Байтұрсынов көшесі, 5, Highvill ТК, D-2 блогы; info@capitalbank.kz.
Өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, Қор талап етілмеген өтем сомасын салымшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.
Салымшылар шоттарында кепілдік берілген максималды сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ тарату комиссиясына жүгіне алады. Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны банк қызметін мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні құрады. Агенттік тарату комиссиясын құру туралы ресми хабарландыруды баспасөзде жариялайды.
Тарату комиссиясы банк шоттары бойынша кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшасын алу жөнінде талабы бар банк клиенттері - жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің талаптарын «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 74-2-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар талаптарының тізіліміне дербес енгізеді. Мұндай талаптарды енгізу туралы ақпарат әрбір кредитордың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін көрсете отырып, жазбаша нысанда банк кредиторларының назарына жеткізіледі.
Бұл ретте кредиторлар тарату комиссиясына оның құрылғаны туралы хабарландыру баспасөзде жарияланған күннен кейін 60 күн ішінде еркін нысанда жазылған өтінішпен жүгіне алады.
Депозиттерінде кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшалары бар салымшылардың (жеке тұлғалардың) талаптары банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша есебінен төртінші кезекпен өтеледі. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мерзімдері тарату өндірісінде банктің активтері мен мүліктерінің жеткіліктілігіне және сапасына, сондай-ақ оларды сату нәтижесіне тікелей тәуелді.
Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы хабарласа алады.
Еске саламыз, «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем төлеу 2021 жылдың 3 шілдесінде басталды.