ҚДКБҚ басшысы валюталық активтердің не үшін сатып алынатынын түсіндірді
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) Төрағасы Әділ Өтембаев ҚДКБҚ активтерінің валюталық үлесінің ұлғаюына қатысты келіп түсіп жатқан сұрақтарға байланысты түсініктеме берді.
- Әділ Нұрланұлы, активтерде валюталық үлес біртіндеп 15%-ға жеткізілмек, ал елімізде долларлану деңгейі 30%-ды құрайтыны белгілі. Бұл шешімді қабылдауда қандай мақсат көзделді?
- Қазіргі уақытта сақтандыру жағдайына қарай, шетел валютасындағы депозиттер бойынша максималды кепілді өтем сомасы баламасында 5 млн теңгені құрайды. Осы шектеулерге қарасақ, Қор міндеттемелерінің сомасы депозиттердің жалпы долларлану деңгейінен төмен. Дәл осы себепке байланысты біз өзіміздің инвестициялық тұжырымдамамызды қайта қарау туралы шешім қабылдадық. Осылайша валюталық үлесті 15%-ға дейін өсіру көзделеді. Бұл Қордың валюталық міндеттемелерін қажетті деңгейде өтейді. Инвестициялау Қорға тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді.
- Бұл мақсаттарға қаражат қайдан алынады? Осы туралы айтып берсеңіз.
- Кепілді өтемді төлеу барысында Қор арнайы резервтің қаражатын және жарғылық капиталдың 70%-ына дейін пайдаланады. 2023 жылдың 1 шілдесіне қарай Қордың резерві 944 млрд теңгені, ал Қордың жарғылық капиталын ескерсек, 1,1 трлн теңгені құрайды. Дейтұрғанмен, инвестициялау мақсатында біз тек арнайы резервтің шамамен 140 млрд теңге сомасын жүзеге асырамыз.
- Әділ Нұрланұлы, валюталық активтерді сатып алу тәртібі белгіленді ме? Сатып алу үдерісі қалай жүргізіледі?
- Атап өту керек, бұл Қорға тиесілі активтер. Алайда оларды Қазақстанның Ұлттық Банкі басқарады. ҚДКБҚ валюталық бөлігін сатып алу механизмі БЖЗҚ валюталық активтерін сатып алу механизміне өте ұқсас. Сатып алу үдерісі 2023 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта еліміздің банк жүйесі өзінің тұрақтылығын және орнықтылығын көрсетуде. Жұмыс істеп тұрған банктердің барлығы пруденциалдық нормативтерді орындайды. Осыған байланысты бүгінде Қорда ұлттық және шетел валютасында кепілді өтем төлеу үшін арнайы резервті пайдалану қажеттілігі жоқ.