ҚДКБҚ басшысы ЕЭО әріптестерімен депозиттер бойынша төлемдерді цифрландыруға қатысты тәжірибесімен бөлісті
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі-ҚДКБҚ) төрағасы Әділ Өтембаев салымдарды сақтандыру жүйелерін үйлестіру бойынша халықаралық конференцияға қатысты. Аталған шара Қазан қаласында 8 маусым күні басталып, екі күнге созылды. Конференцияны ұйымдастырушылар - «Салымдарды сақтандыру жөніндегі Агенттік» (Ресей) және Еуразиялық экономикалық комиссия».
Осы уақыт ішінде конференцияға қатысушылар заманауи экономикалық және геосаяси жағдайларды ескере отырып, депозиттерді сақтандырудың тиімділігін арттыру саласындағы тәжірибелер және ұсыныстармен алмасты. Депозиттерді сақтандыру саласындағы сарапшылар жыл сайын халықаралық кәсіби қоғамдастық шеңберінде үздік әлемдік тәжірибені қамтитын әдістер даярлайды және жүзеге асырады.
Қазақстандық қордың басшысы «IADI (Депозиттерді Сақтандырушылардың Халықаралық Қауымдастығы) негізге алынатын қағидаттарының талаптарын негізге ала отырып, салымдарды сақтандыру жүйесін реформалау барысындағы мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Әділ Өтембаев ҚДКБҚ таратылатын банктердің салымшыларына кепілді өтемді төлеудің электрондық порталын (ТЭП) дайындау және енгізу тәжірибесі туралы әңгімеледі. Қор төрағасының пікірінше, қазақстандықтар аталған сервиске барынша көп көңіл бөледі. «Бұл жаңалық төлем жасау процесін айтарлықтай жеңілдетеді», - деді ол өз сөзінде.
«Төлемдердің электрондық порталы таратылатын банктердің барлық депозиторларының орталықтандырылған базасын қамтиды. Кепілдік берілген өтемді төлеу жөнінде өтініш бергенге дейін салымшылар ТЭП арқылы төленетін өтем сомасын да тексере алады. Портал өтем сомасын тексеру барысында автоматты түрде депозиторға барлық таратылатын банктердегі төлем сомасын көрсетеді. Тұтынушыларға қолайлы болуы үшін ТЭП-та өтініш мәртебесін өз бетінше бақылауға мүмкіндік беретін опция бар. Кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін одан әрі жетілдіру мақсатында онлайн-өтініш беру тәсілін жеңілдете түсу үшін банктермен бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді Әділ Өтембаев.
Халықаралық конференция шеңберінде Әділ Өтембаев сараптамалық топтың кездесулеріне де қатысып, мұнда спикерлер ЕЭО мемлекеттерінің банк депозиттеріне кепілдік беру саласындағы заңнамасын үйлестіру мәселелерін қарастырды. ҚДКБҚ басшысы Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің салымшыларының құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибесі туралы баяндады.
«Біз депозиттердің сақталуына жауаптымыз, салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаймыз. Халықтың депозиттері салымшы банкпен салым немесе шот ашу жөніндегі шартты жасасқан сәтінен бастап қорғалатын болады. Біздің кепілдік талап етілгенге дейінгі салымдарға, шартты, мерзімді және жинақ депозиттеріне, ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақша қаражатына қатысты қолданылады. 1999 жылы құрылған сәтінен бастап Қор таратылатын 11 банк бойынша 114 млрд теңге сомасына кепілдік берілген өтемді төлеген. Қазақстанда депозиттерді Қордың кепілдігімен қамту деңгейі жоғары. Мысалы, жеке тұлғалардың барлық шоттарының 99,8%-ы ҚДКБҚ кепілдігімен толықтай өтеледі, ал көлемі бойынша аталған көрсеткіш жеке тұлғалардың жиынтық депозиттік базасының 40%-ынан асады. Бүгінгі күні Қазақстандағы халықтың депозиттері бойынша кепілдік мөлшері депозиттің түрі мен валютасына тәуелді. Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі қолданысқа енгеннен бастап өтем мөлшері 5 реттен артық қайта қарастырылды және қазіргі таңда көрсеткіш ЕЭО бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Атап айтқанда, теңгемен ашылған жинақ депозиттер бойынша кепілдік сомасы қазір 20 миллион теңгені құрайды», – деді спикер.
Сондай-ақ Әділ Өтембаев конференция қарсаңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше-мемлекеттердің депозиттерді сақтандырушы-ұйымдарының жетекшілері Кеңесінің пікірсайыстарына қатысты.
Кеңестің отырыстары аясында 2022 жылдың екінші жартысында депозиттерді сақтандырушылардың қызметін автоматтандыру және салымшыларға көрсетілетін қызметтерді цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға қатысты конференция өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Кеңес мүшелері цифрландыруға қатысты қызметтерді үйлестіру бойынша жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастыруға уәделесті.
Екі күндік конференцияның нүктесін «ЕЭО мүше-мемлекеттердің салымдарын сақтандыру жүйелерін үйлестіру перспективалары» тақырыбындағы панельдік сессиясы қойды. Екі күнге созылған кездесулердің қорытындысы бойынша спикерлер депозиттерге кепілдік беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жөнінде келісімге келді.