ҚДКБҚ банк салымшыларына өтем ақша төлеу үшін резервті қалай қалыптастырады?
Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесінің (ДКБЖ. Жүйе) жұмыс істеп келе жатқанына 25 жылға жуық уақыт болды. ДКБЖ-ның алдына қойылған мақсатты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБ, Қор) жүзеге асырады. Ол қандай мақсат? Елдің қаржылық тұрақтылығына қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оның ішінде халықтың банктердегі ақшаларының сақталуына кепілдік бере отырып, олардың банк жүйесіне деген сеніміне қолдау көрсету. Кепілдікті қамтамасыз етуге арнайы резерв мүмкіндік береді. Енді оның қалыптасу барысына толығырақ тоқталайық.
Жалпы әлемдік практикада банк салымшыларына төленетін кепілді өтемді қаржыландырудың екі әдісі бар. Біріншісі – банктің банкротқа ұшырауы бойынша (ex-post). Яғни банктің салымшыларға ақша төлей алмай, банкротқа ұшырауына қарай ақша жиналады. Екіншісі – алғытөлем (ex-ante). Яғни банк банкрот болғанда асығыс ақша жинамас үшін, алдын ала жүйелі түрде біртіндеп ақша жинап, дайын тұру. Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 99 елдің 96-сы ақша жинаудың алғытөлемдік (аванстық) әдісін қолданып, алдын ала арнайы резерв қалыптастырған.
ҚДКБҚ да өз кезегінде кепілді өтем төлеу үшін алғытөлемдік негізде алдын ала арнайы резерв қалыптасырған.
Қазақстанда ДСХҚ қағидаттары бойынша ДКБЖ-ны қаржыландыру – банктер үшін міндетті қызмет. Олардың үш ай сайын төлейтін жарналары – арнайы резервті қалыптастырудың негізгі қаржы көзі болып табылады.
Банктердің төлейтін жарналарының мөлшерін анықтаудың екі тәсілі бар:
-
бірыңғай мөлшерлеме бойынша;
-
әрбір банктің тәуекелге бой алдыру дәрежесіне қарай сараланған мөлшерлеме бойынша.
Депозиттерді сақтандырушылар жарналардың бірыңғай мөлшерлемелері жүйесін ДКБЖ-ны қалыптастырудың алғашқы кезеңдерінде қолданады. Өйткені ол өте қарапайым. Мұндай жүйеде банк депозиттерді көптеп ашқан сайын төлейтін жарналарының мөлшері де арта береді. Алайда банктердің мұндай жарналары олардың іс-әрекетінен туындайтын шығынға бату қаупін ашып көрсете алмайды. Ал тәуекелшіл банктер бизнесте батыл қимылдап, одан келіп-кетер қауіптерді өзіне емес, жүйеге арта салады. Басқаша айтқанда банк банкрот болуға әкеп соғуы мүмкін тым тәуекелді жобаларға қаражат жұмсауы мүмкін. Ал оның депозиттік базасы кішкентай болса, Қорға төлейтін жарналары да аз болады.
Демек бірыңғай мөлшерлемелер жүйесіне қарағанда сараланған мөлшерлемелер жүйесінің әділдігі жоғары. Бірақ бұл екінші тәсіл талдамалы және әдіснамалық жұмыстарды көп талап етеді.
Бұл жерде негізгі қиындықтар банктерді бағалау әдісін таңдауға және банктерді тәуекел дәрежесі бойынша саралау тәртібіне байланысты. Дегенмен бұл екінші тәсіл – қазіргі уақытта әлемдегі ең үздік тәжірибе болып табылады және оны ҚДКБҚ-ны қосқанда, ДСХҚ-ға мүше 99 мемлкеттің 54-і пайдаланады (ДСХҚ-ның 2023 жылғы деректері).
1999 жылы құрылған ҚДКБҚ бірыңғай мөлшерлемелер жүйесін алғашқы бірнеше жыл барысында пайдаланды. Ал 2008 жылдан бастап, жарналардың сараланған мөлшерлемесі жүйесіне көшті. Бұл жүйе банктердің қаржылық ахуалын бағалау моделіне негізделген.
Соңғы бірнеше жыл барысында Қорда осы модельді жетілдіру бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Ал 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, оның тұжырымдамалық тұрғыда жаңа нұсқасы іске қосылды. Бұл модельдің мәні сол, мұнда банктердің сапалық және сандық көрсеткіштеріне мұқият талдау жасалады. Соның нәтижесінде банктер әртүрлі топтарға жіктеледі. Әр топтың өзіне лайық жарналық мөлшерлемелері болады. Банк қызметінде тәуекел деңгейі, яғни шығынға ұшырау қаупі жоғары болған сайын, оның жіктеу тобы да нашар бола түседі. Сәйкесінше Қорға төлейтін жарнасы да көлемді бола береді. Міне, осылайша бұл модельде терең талдау жұмыстары жүргізілетіндіктен, оның болжамдық қабілеті жоғары. Бұл банктердің банкротқа ұшырау қаупін алдын ала анықтап, бағалауға және арнайы резервті лайықты деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында жүйеге төленетін жарналардың шынайы және әділ мөлшерлемелерін белгілуге банктер үшін жарна төлеудің тиімді жүйесін қалыптастыруға қол жеткізіледі. Жарна төлеудің сараланған мөлшерлемелері жүйесін қолдануда қазақстандық тәжірибе халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық тудыруда.
Осылайша қазіргі уақытта ҚДКБҚ арнайы резерві банктердің тоқсан сайынғы жарналары есебінен қалыптасады. Ол еліміздегі кепілдендірілген бүкіл депозиттік базаның көлеміне шамаластырылған және жеткіліктілік талаптарына толығымен жауап береді. Яғни іс жүзінде бір емес, бірнеше банк қатарынан банкротқа ұшыраса да салымшыларға өтем төлеуге жеткілікті деген сөз.
Ал егер салымшыларға өтем ақша төлеуге қаражат жеткіліксіз болып қалған жағдайда әлемдік тәжірибеде қосымша қаржыландыру көздері қарастырылған. Олар: мемлекет тарапынан берілетін қаражаттар, орталық банктердің беретін қарыз ақшалары, қаржы нарығынан қарызға ақша алу немесе жоғарыда аталған қаржы көздерін өзара үйлестіре отырып алу. Қосымша қаржыландыру шарасы негізінен ауыр қаржылық дағдарыстар кезінде орын алатын жаппай өтем төлеу барысында қолданылады. Айталық, салымшыларға өтем ақша төлеуге қаражат жеткіліксіз болып қалуына байланысты қосымша қаржыландыру шарасы АҚШ-та, Ұлыбританияда, Түркияда, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде және Ресейде жүзеге асырылды.
Ал біздің Жүйеде арнайы резервті толықтырудың екі әдісі қарастырылған. Олар: осы жүйеге қатысушы банктердің қосымша жарналары және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің беретін қарыз ақшасы. Бұл қарыз ақша кейін банктердің төтенше жарналары есебінен өтеледі. Атап өту керек, ҚДКБҚ өз тарихында қосымша қаржыландыруға мұқтаж болып көрген емес және салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін толық көлемде орындап келеді.
Әңгімемізді қорытындылай отырып, ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Қордың арнайы резерві мен оны қалыптастыру тәртібінің өте маңызды екендігіне көз жеткізуге болады. Арнайы резерв – таза мақсаттық бағыттағы бірегей қор.
Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің жүйеге қатысушы бактердегі ақшаларының сақталуына Қордың арнайы резерві есебінен кепілдік беру маңызды әлеуметтік мәнге ие – ол, қаржылық суаттылығы төмен салымшыларды банктердің төлемге қабілетсіздігі зардабынан қорғайды.
ҚДКБҚ өз қызметі барысында арнайы резервтің есебінен лицензиясынан айырылған 11 банктің салымшыларына арнайы резервтің қаражаты есебінен кепілді өтем төлеуді ойдағыдай жүзеге асырды. Жалпы төленген қаражат арнайы резерв қаражатының 9%-ын құрады. Арнайы резервтің ағымдағы мөлшері 1,3 трлн теңгеге жетті және бұл халықаралық тәжірибеде жоғары деңгейде.
Тиімді ұйымдастырылған, түсінікті және ашық Жүйе қоғам тарапынан өзіне деген оң көзқарастың қалыптасуына септігін тигізеді. Дәрменсіз банктің салымшыларына ақшаларын кепілді түрде қайтару халықтың банк жүйесіне деген сенімін арттыра түседі және дағдарысты жағдайларда салымшылардың үрейге бой алдырмауына септігін тигізеді. Сәйкесінше банктерден салымдарды жаппай алу қаупін жояды.