Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ арнайы резерві өткен жылы 165 млрд теңгеге өсті

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда оның салымшыларына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) арнайы резервінен кепілді өтем төленеді. Арнайы резерв – бұл депозиттердің мүдделерін қорғауға арналған өзіндік бір сақтандыру капиталы. Сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда ондағы қаражат жеткілікті бола ма? Толығырақ қарастырып көрелік.


Арнайы резерв қалай қалыптастырылады және қалай пайдаланылады?

 

Сонымен арнайы резерв – ҚДКБҚ-да жинақталған қаражат және ол депозиттерге кепілдік беру жүйесіне (ДКБЖ) қатысушы банк лицензиясынан айырылған жағдайда оның салымшыларына дер кезінде кепілді өтем төлеуге арналған. Яғни дағдарыс кезінде «амортизатор» рөлін атқарып, қандай да бір банк таратылатын жағдайда оның салымшыларының қаражаттарын жойылудан сақтайды. Осылайша арнайы резервтің болуы халықтың банк жүйесіне деген сеніміне оң әсер етеді және сәйкесінше қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

 

Қазіргі уақытта ол негізінен Қазақстан аумағында ислам банктерінен басқа, жұмыс істеп тұрған, ДКБЖ-ге қатысушы барлық екінші деңгейдегі банктердің жарналарынан құралады. Салымшылар ДКБЖ-ге қатысушы банктердің тізімімен толығырақ сайттан танысып шыға алады.

 

Одан басқа, арнайы резерв сондай-ақ ҚДКБҚ меншікті және арнайы резервін инвестициялаудан түскен инвестициялық табыс және ҚДКБҚ бұрын төлеген өтем ақша бойынша ҚДКБҚ талаптарын қанағаттандыру үшін банктердің тарату комиссияларынан түскен ақшалар есебінен де толықтырылады.   

 

Қажет жағдайда, яғни арнайы резервтің қаражаты салымшыларға өтем төлеуге жеткіліксіз болған жағдайда қатысушы банктердің қосымша жарналары және ҚР Ұлттық Банкінің қарызы есебінен қанағаттандырылады.

 

ҚДКБҚ құрылып, жұмыс істегелі бері банктерден қосымша жарналар және Ұлттық Банктен қарыз алу қажеттілігі туындаған жоқ – Қор салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін толыққанды орындап келеді. Қор құрылғаннан бері күні бүгінге дейін салымшыларға барлығы 115 млрд астам теңгеге өтем төленді.

 

Серпін

 

2023 жылы ҚДКБҚ арнайы резерві 165 млрд теңгеге өсті. Бұл 2022 жылға қарағанда 17%-ға жоғары. Арнайы резервтің өсімі қатысушы банктердің тоқсан сайынғы жарналары (44 млрд теңге), ҚДКБҚ-ның бұрын төлеген өтемдері бойынша талаптарын қанағаттандыру үшін тарату комиссияларынан келіп түскен ақшалар (5 млрд теңге) және әрине, арнайы резервтің өзінің қаражаттарын инвестициялаудан түскен табыстардың (116 млрд теңге) арқасында орын алды. Нәтижесінде 2024 жылдың басына қарай, арнайы резервтің көлемі ҚДКБҚ жарғылық капиталының 70%-ын ескере отырып, 1 134 млрд теңгеге жетті. Бұл қатысушы банктерде кепілдік берілген барлық депозиттердің 5,6%-ын құрайды, яғни заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден жоғары.   

 

Қор арнайы резервінің тұрақты өсуі депозиттерге кепілдік беру жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етеді. Егер оның мөлшеріңн депозиттерді сақтандыру бойынша шетелдік қорлармен салыстырар болсақ, ол жеткілікті жоғары деңгейде және әлемдік тәжірибеге толығымен сәйкес келеді.  

 

Салымшылар толыққанды ақпаратты ҚДКБҚ веб-сайтынан (kdif.kz) сайтынан, сонымен қатар Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан алуға болады. Сондай-ақ сауалдарды info@kdif.kz, kdif@kdif.kz пошталарына және @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндік бар.