Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ арнайы резерві 1 трлн теңгеге жетті

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) арнайы резерві – бұл өзіндік бір «қауіпсіздік көпшігі» қызметін атқарады. Банк таратылған жағдайда ол халықтың жинақ ақшаларын жойылудан қорғайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарай арнайы резерв мөлшерінің рекордтық көрсеткіш – 1,1 трлн теңгеге жеткені айрықша оқиғаға айналды. Жыл басынан бері арнайы резерв 14,4%-ға[1], ал жылдық есепте 17,0%-ға өсті.


ҚДКБҚ арнайы резерві дегеніміз не? Шын мәнісінде ол өзіндік бір «қоржын» рөлін атқарады және депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк (бұдан әрі – қатысушы банк) барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда оның депозиторларына кепілді өтем төлеуге пайдаланылады. Осылайша арнайы резервтің барабар сипатта қалыптасуы депозиттерді сақтандырушының негізгі мақсаты болып табылады және оны азаматтардың банк жүйесіне деген сенімінің кепілі деуге болады.


Жинақталған қаражаттың жеткіліктілігі арнайы резервтің жеке салымшылардың қатысушы банктердегі жиынтық депозиттік базасына қатынасы бойынша сипатталады. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,2%-ды құрады. Яғни заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден жоғары. Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда Қазақстанда арнайы резервтің деңгейі мейлінше жоғары деңгейде.


Айталық, 2022 жылы арнайы резервтің деңгейі Еуроодақ елдерінде 0,3%-дан 2%-ға дейін болды, АҚШ-та оның нақты деңгейі 0,7%-ды, ал дамыған елдермен салыстырғанда банк секторы жоғары деңгейлі тәуекелге бейім тұратын ТМД елдерінде бұл көрсеткіш: Ресейде[2] 0,3%-ды, Молдовада 0,9%-ды, Украинада 2,5%-ды, Қырғызстанда 3,0%-ды, Тәжікстанда 4,1%-ды және Өзбекстанда 2,7%-ды құрады[3].


Арнайы резервтің барабарлығының тағы бір көрсеткіші - оның елдегі Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасы. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,9%-ды, Грекияда 2,1%-ды, Украинада 0,3%-ды, Мажарстанда 0,2%-ды құрайды. ЖІӨ-сі ең жоғары елдерде бұл көрсеткіш – АҚШ-та - 0,5%, Жапонияда - 0,9% және Германияда - 0,1%[4].


Атап өту керек, Қазақстан мен басқа бірқатар елдер арасында арнайы резервтің деңгейі бойынша айырмашылықты экономикалық даму мен банк секторында жинақталған қауіп-қатерлердің әртүрлі дәрежеде екендігімен ғана емес, сондай-ақ проблемалық банктерді реттеудегі тәсілдердің ерекшеліктерімен де түсіндіруге болады. Бұл тұрғыда мысалы, Канада, АҚШ, Германия, Тайвань секілде мемлекеттерде ең кең тараған әс-тәжірибе – салымшыларға өтем төлеу емес, керісінше банкті сауықтырудың әртүрлі құралдарын қолдану немесе проблемалық банктің жеке салымшыларының депозиттерін басқа істеп тұрған сенімді банкке өткізу. Қазақстанда ҚДКБҚ-ның негізгі атқаратын қызметі – сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілдік берілген депозиттер бойынша кепілді өтемнің толыққанды және дер кезінде төленуін қамтамасыз ету.


Осылайша 2021-2022 жылдар аралығында арнайы резерв деңгейінің кепілдік берілген депозиттер мен ЖІӨ деңгейіне қатынасы бойынша теріс үрдіс белең алды, яғни ол төмендеді. Ал бұл 2021 жылы жаңа сақтандыру жағдайлары бойынша жүзеге асырылған төлемдерге және 2022 жылы талап етілмеген кепілді өтем сомаларының БЖЗҚ-ға аударылуына байланысты болды. Міне, соған қарамастан, арнайы резервтің деңгейі әлі де заңнамада көрсетілген минималды деңгейден жоғары (1-сурет) және әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады.          

 

1-сурет. ҚДКБҚ өз міндеттемелерін орындауы үшін арнайы резервінің (АР) деңгейі жеткілікті

 Рисунок1.png

Спец резерв без УК – Жарғылық капиталсыз арнайы резерв
Доля СР С УК от ВВП - ЖК бар арнайы резервтің ЖІӨ-дегі үлесі (оң жақ шәкіл)
Целевой размер – Мақсатты мөлшер
Специальны резер с УК – ЖК бар арнайы резерв
Доля СР с ук от гарантир депозитов - ЖК бар арнайы резервтің кепілдік берілген депозиттердегі үлесі (оң жақ шәкі)



* 2014 жылғы өсім – жарғылық капитал үлесінің 50%-дан 70%-ға дейін жоғарылауы, АР жеткіліксіз болған жағдайда салымшыларға өтем төлеуге бағытталуы мүмкін

2015 жылғы төмендеу – кепілдік мөлшері 5 млн теңгеге дейін көтерілуіне байланысты «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына қосымша өтем төленді

2019 жылғы төмендеу – 2017-2018 жж. лицензиясынан айырылған 4 банктің («Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) салымшыларына өтем төлеудің басталуы.

2021 жылғы төмендеу – 2020-2021 жж. лицензиясынан айырылған 3 банктің («Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ) салымшыларына өтем төлеудің басталуы.

2022 жылғы төмендеу – барлық мәжбүрлі түрде таратылатын банктер бойынша өтем төлеудің аяқталуына байланысты салымшылардың талап етпеген өтем сомалары олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-та ашылған жеке зейнетақы шоттарына аударылды.

 

Тарихи тұрғыдан алғанда әрқашан бұлай болып тұрмаған. ҚДКБҚ арнайы резервтің мақсатты деңгейіне бірден шыққан жоқ. ҚДКБҚ құрылған кезде (1999 жылы) алғашқы қаржыландыру – ҚДКБҚ жалғыз акционері – ҚР Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Қаржы реттеушісі Қордың жарғылық капиталына 1 млрд теңге енгізді. Бұдан кейінгі жылдары ҚДКБҚ жарғылық капиталы Ұлттық Банктің есебінен толықтырылып отырды. Бірақ 2018 жылдан бастап қосымша капиталандыру толығымен тоқтатылды. Ондағы мақсат – қатысушы банктердің арнайы резервті қалыптастыру үшін жауапкершіліктерін арттыру.  


Халықаралық тәжірибеге сәйкес, депозиттерді сақтандырушыны құрған кезде «әуелгі» немесе «тұқымдық» қаржыландыруға (мысалы, мемлекет немесе халықаралық ұйым-донор беретін қаражат) рұқсат беріледі. Алайда кейіннен депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер басты қаржыландыру көздеріне айналуы керек.


Қазіргі уақытта халықаралық стандарттар бойынша арнайы резервті қаржыландыру алғытөлем (аванс) негізінде (ex-ante) банк секторына жүктелген. Бұл қаражатты біртіндеп жүйелі түрде толықтырып отыруды көздейді. Қазіргі уақытта қатысушы банктер жарналарды тоқсан сайынғы негізде сараланған мөлшерлемелер бойынша төлейді. Ал мөлшерлемелер қатысушы банктің тәуекел-бейінінің дәрежесіне қарай, оның депозиттік портфелінің 0,03%-дан 0,27%-на дейінгі мөлшерін құрайды. Ал егер қатысушы банк халықтың қаражатын өзіне тарту үшін өктем саясат жүргізетін болса, жарналардың мөлшерлемесі 0,5%-ға дейін көтеріледі.


Бұл ретте жинақталған резервтің сақталуын қамтамасыз ету және құнын жоғалту тәуекелін барынша азайту үшін ҚДКБҚ арнайы резервтегі қаражатты өзінің инвестициялық саясатына сәйкес сенімді және жоғары өтімді қаржы құралдарына инвестициялайды.


Қатысушы банктердің инвестициялау нәтижелерін ескере отырып, олардың Қорға төлейтін жарналарының үлесі 2009 жылғы 35%-дан 2023 жылдың 01 шілдесіне қарай 83,6%-ға жетті (2-сурет). Ал ҚДКБҚ арнайы резервіндегі жарғылық капиталдың үлесі соңғы 15 жылда 60,3%-дан 14,9%-ға дейін төмендеді.

 

2-сурет. Арнайы резерв негізінен қатысушы банктердің жарналары есебінен қалыптасады

 Рисунок2.png

Календарные взносы – Күнтізбелік жарналар
Инвест доход – Инвестициялық табыс
Поступление от ЛК – Тарату комиссиясынан түсімдер
Иные источники – Өзге де қаржы көздері*

* Өзге қаржы көздерінде ҚДКБҚ жарғылық капиталының рұқсат етілген мөлшерінен басқа, ҚДКБҚ-ның кепілді өтем бойынша төлемдері ескерілді

 

Арнайы резервтің жеткіліктілігіне қарамастан, депозиттер бойынша кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін, қажет жағдайда заңнамада арнайы резервті қатысушы банктердің қосымша жарналары және ҚР Ұлттық Банкінің қарызы есебінен қосымша толықтыру механизмі көзделген. ҚДКБҚ өзінің бүкіл қызметі барысында лицензиясынан айырылған қатысушы банктердің депозиторлары алдындағы өз міндеттемелерінің орындалуын үздіксіз қамтамасыз етіп келеді және қатысушы банктерден қосымша жарналар жинау және қарыз алу қажеттілігі туындаған емес. Айталық, ҚДКБҚ құрылғалы бері төленген жиынтық төлем, оның ішінде 2022 жылы барлық таратылатын банктердің салымшыларына кепілді өтем төлеудің аяқталу нәтижелерін қоса есептегенде 114 млрд теңгені немесе арнайы резерв мөлшерінің 11,8%-ын құрады.


Осылайша арнайы резервтің ағымдағы мөлшері өтеу деңгейі бойынша заңнама талаптарын орындауға жеткілікті ғана емес, сонымен қатар күтпеген жағдайлар туындаған кезде оның әсерін жұмсартушы аралық буфер рөлін атқара алады. Ал бұл депозиттерді сақтандыру саласындағы мойындалған халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келеді.




[1] Оның ішінде 2022-2023 жылдары сақтандыру жағдайларының болмағандығы және ағымдағы жылдың маусымында ҚДКБҚ-ның былтырғы жылғы таза табысын тану есебінен 

[2] «Салымдарды сақтандыру бойынша агенттік» мемлекеттік корпорациясының 2023 жылдың 1 жартыжылдығындағы қызметі туралы есеп-қисап

[3] Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының 2022 жылғы термесауалы

[4] Дүниежүзілік банк, https://databank.worldbank.org/source/world-development-indicators