Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозиттерді сақтандыру жүйесінің тиімділігіне арналған IADI Негіз қалаушы қағидаттары

Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы (ДСХҚ, IADI) әлемдік экономикада қаржылық тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Банк саласында өзгерістер мен сын-қатерлер үздіксіз орын алып жатқан кезде ол әртүрлі елдерде депозиттердің қорғалуын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. IADI жұмысы ғаламдық қаржы жүйесіне қалай әсер етіп жатқандығы және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз қызметінде оның қандай стандарттарын басшылыққа алатындығы жөнінде «ҚДКБҚ» АҚ Төрағасы Әділ Өтембаев әңгімелейді.  


- Әділ Нұрланұлы, Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық ұйымы қандай жұмыстар атқарады? Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

-                      Аталмыш ұйым 2022 жылы бүкіл әлем бойынша депозиттерді сақтандырушылардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін құрылған болатын. Бүгінде IADI тәжірибе алмасуға және депозиттерге кепілдік беру, проблемалық банктерді реттеу салаларында үздік тәжірибелерді әзірлеу және ілгерілету бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге арналған ғаламдық алаң ретінде танытып келеді.  

 

Депозиттерді сақтандыру тиімділігін арттыру мақсатында ДСХҚ 2009 жылы Негіз қалаушы қағидаттарды жариялады. Ол депозиттерді сақтандырушылар үшін бағыт-бағдар қызметін атқарады және депозиттерге кепілдік беру жүйесін құру немесе реформалау барысында осы қағидаттарды ескеруге кеңес беріледі.


ДСХҚ қажет кезде осы қағидаттарды қайта қарау жұмыстарын жүргізеді. Соңғы рет осындай жұмыс 2014 жылы жүргізілген болатын. 2024 жылы осы құжатты қайта өзектендіру жоспарланып отыр. Өйткені 2023 жылы АҚШ пен Швейцарияда жергілікті сипатта банк дағдарысы орын алды. Бұл бізге сабақ болды. Соған сәйкес Негіз қалаушы қағидаттарды толықтыру қажеттілігі туындады. Сондықтан бұл құжат осы жағымсыз уақиғаларды ескере отырып қайта қаралатын болады. Кепілдік шегінде депозиттердің жойылуына ешқандай қауіп төнбейтіндігін ескерсек, тиімді жұмыс істейтін жүйе банк жүйесіне деген сенімді арттыруға, салымшылардың банк жүйесінен кету қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Осылайша қаржы саласының тұрақталуына және банктерге жинақ ақшалардың тартылуына септігін тигізеді. Соның арқасында экономика жеткілікті дәрежеде несиелендіріледі.     


- Яғни ДСХҚ қызметінің аясы өтем төлеу шарасынан әлдеқайда кең. Ұйымның қағидаттары тағы қандай салаларды қамтиды?

Жалпы депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ) көп қырлы. Сәйкесінше Негіз қалаушы қағидаттар жүйенің әртүрлі қырларын қамтиды. Барлығы 16 қағидат бар. Мен өз кезегімде оларды шартты түрде бір-біріне байланысты қағидаттар және ортақ мәнмәтіннің бар екендігіне қарай бөлер едім.


Бірінші блок – ДКБЖ ұйымдық құрылымы. Бұл блок негізінен ДКБЖ заңнамалық құрылымын қамтиды. Депозиттерге кепілдік беру жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекеттік саясаттың мақсаты заңнамада нақты белгіленіп, сақтандырушылардың өкілеттігі оларды орындауға жеткілікті болуы керек. Сонымен қатар олардың қызметі тәуелсіз, ашық, есеп беруші сипатта және қол сұғушылықтан қорғалған болуы қажет. Бұдан басқа қызметкерлердің құқықтық қорғауы қамтамасыз етілуі шарт.    

 

Басқа блокқа мен депозиттерді сақтандыру және ДКБЖ-ның сенімділігін, әрекеттілігін арттыру үшін халықпен өзара әрекеттестікке байланысты қағидаттарды біріктірер едім. Бұл блоктың қағидаттары өтем төлеуге арналған резервті қалыптастыруға, өтем төлеуге, халықты хабардар етуге, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне мүше болу міндеттілігіне, сақтандыру өтелімінің деңгейін белгілеуге тығыз байланысты.


Жаңа айтып өткенімдей, ДСХҚ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін көтереді. Сондықтан бірқатар қағидаттар проблемалық банктерге байланысты. Бұл дегеніңіз дағдарыстық жағдайда шұғыл әрекет жасау, мысалы, банктердің банкроттығы, проблемалық банктерді ерте бастан анықтау, шұғыл әрекет жасау, сондай-ақ оларды реттеу секілді мәселелер.    

  

Енді қорытындылай келе мен өзара әрекеттестікке байланысты қағидаттарды біріктірер едім. Бұл қағидаттар қаржылық тұрақтылыққа қатысушылармен өзара тиімді әрекеттесу қажеттігін паш етеді. Мысалы, ҚР Ұлттық Банкімен, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, басқа да қазақстандық ұйымдармен, сондай-ақ трансшекаралық сақтандыру жағдайы туындағанда шетелдік депозиттерді сақтандырушылармен ынтымақтасу.


Жоғарыда аталғандарға қосымша ретінде мынаны атап өткім келеді: кейбір қағидаттар мен өлшемшарттар залалдарды немесе тәуекелдерді азайту үшін әрекет ету өкілеттігі көп мүмкіндіктерді қамтитын, құзыреті жоғары сақтандырушыларға арналған.


Еске саламын, депозиттерді сақтандырушылардың төрт мандаты бар:

·                     «төлем кассасы» мандаты («Paybox»): депозиттерді сақтандырушы сақтандырылған депозиттер бойынша тек сақтандыру өтемін төлеуге ғана жауап береді;

·                     «төлем кассасы плюс» мандаты («Paybox+»): депозиттерді сақтандырушы дәрменсіздікті реттеудің белгілі бір функцияларын қамтитын қосымша міндеттемелерге ие;

·                     «залалдарды азайтушы» мандаты («Loss Minimizer»): депозиттерді сақтандырушы дәрменсіздікті реттеуге арналған стратегиялардың арасынан шығыны ең аз стратегияны таңдауға белсенді түрде қатысады;  

·                     «тәуекелдерді азайтушы» мандаты («Risk Minimizer»): депозиттерді сақтандырушы тәуекелдерді азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асырады. Бұл тәуекелдерді бағалау және/немесе оларды басқару, дәрменсіздікті ерте бастан анықтау және реттеу бойынша өкілеттіктердің толық жиынтығын және кейбір жағдайларда пруденциялдық қадағалауды жүзеге асыру міндеттерін қамтиды.    


ҚДКБҚ Paybox+ мандаты бойынша жұмыс істейді.


- Барлық қағидаттарға толық сәйкестікті қамтамасыз ету қиын екені белгілі және бұл бағытта жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асыруды талап етеді. Сіз басшылық ететін ұйымда IADI қағидаттары қаншылықты дәрежеде қолданылып келеді?    

Қор IADI ұсынымдарын барынша ұстануға күш салып келеді. 2016 жылы Дүниежүзілік банк ҚДКБҚ қызметінің IADI Негіз қалаушы қағидаттарына қаншалықты сәйкес екендігін бағалады. Сарапшылар мемлекеттік саясаттың нақты мақсаттарды көздейтіндігін және Қордың өз мандатын орындауға қатысты атқарымы жеткілікті екендігін, жүйенің өтем төлеу, мүшелік және сақтандыру өтелімдері, сондай-ақ халыққа ақпарат таратуға қатысты жұмыстарының тиімді атқаралып жатқандығын атап өтті.        


Кез келген депозиттерді сақтандырушының негізгі міндеті – өтем төлеу. Біз мұны барынша тез жасауға күш саламыз. Мысалы, отандық заңнамада төлемді бастау мерзімі 35 жұмыс күнін құрайды. Бірақ соған қарамастан Қор екі жағдайда төлемді 6-8 күн ішінде-ақ жүзеге асырды. Бұған қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысушылармен үйлесімді жұмыстар атқарудың нәтижесінде қол жеткізілді.

   

Біз қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмаймыз және отанымыздың депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіруді одан әрі жалғастыратын боламыз.