Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозит ашу үшін банкті қалай таңдауға болады

Банк депозиті бір қарағанға – ақша сақтаудың және молайтудың ең қолжетімді, түсінікті, қарапайым құралы секілді: ақшаңды әкеліп саласың, белгілі бір уақыттан кейін оны сыйақысымен қосып аласың. Ал шынтуайтына келгенде сұрақтар көбейеді: қандай салымды, қандай пайызды, қандай мерзімді таңдау керек? Кез келген уақытта ақшамды ала аламын ба? Банк сенімді ме? Ендеше, ҚДКБҚ тарапынан бірқатар ақыл-кеңестер ұсынамыз. Олар Сізге дұрыс таңдау жасауға көмектеседі деген үміттеміз.         


1.     Банктің сенімділік деңгейін бағалаймыз


1997 жылы Қазақстанда 82 банк болған. Қазір олардың саны – 21. Жабылған банктердің басым бөлігі сенімсіз болып шықты. Бұл ретте елімізде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) жұмыс істейтіндігін айта кеткен жөн. Ол депозиторлардың қаражаттарын өз қорғауына алған және банк лицензиясынан айырылған жағдайда оларға өтем төлеуді өз мойнына алады. Бірақ соған қарамастан салымшылар үшін өздерін әртүрлі ықтимал тәуекелдерден аулақ ұстау артық болмас еді. Мысалы, бір қаржы институтына 20 млн астам теңгеңізді сеніп тапсыратын болсаңыз, әрине, бұл аз ақша емес. Егер салымшы бір банкте жинақ салымнан басқа, тағы бірқатар салым түрін ашатын болса, онда Қор дәл осы 20 млн теңге шегінде кепілдік береді. Еске саламыз, депозиттерді әртүрлі банктерде ашқан дұрыс және бір банктегі ақшаңыз пайыздарымен қосқанда 20 млн теңгеден аспағаны жөн. Әрбір салым түрі бойынша нақты кепілдік сомасы белгіленгендігін ұмытпаңыз.            


Банктің сенімділігіне баға бере отырып, «моральды тәуекел» деген ұғымға мән берген жөн. Бұл шығынға батқан кезде депозиттерге кепілдік беру жүйесі депозиттерді онсыз да қорғайтындығын білетін, сол үшін де сақтық танытпай іс-әрекет жасайтын банктің жағдайы. Яғни, салымшыларға келер тәуекелдердің бірқатар бөлігін депозиттерге кепілдік беру жүйесі өзіне алатын болғандықтан, кейбір банктер халықты қызықтыру үшін депозиттерінің пайыздарын нарықтағы орташа көрсеткіштен жоғары етіп қояды. Мұндай әрекеттер банкте өтімділікке қатысты мәселенің бар екендігін сездіруі ықтимал – яғни, банк ақшаға өте мұқтаж болып жатқандықтан, өзінің ағымдағы міндеттемелерін орындай алмай жатқан болуы әбден мүмкін.


Алайда банк депозиттерді жоғары пайызбен қандай да бір қаржылық негізге байланысты тартып жатуы да ғажап емес. Яғни бұл қаражат кейін қымбат несие беруге жұмсалуы да мүмкін. Оның үстіне салымшының жоғары пайызды депозит таңдауы мақсималды табыс алуға бағытталған инвестициялық стратегиясы шығар. Тағы да еске саламыз – тәуекелдерді азайту үшін бір банктегі жинақ салымыңыздың және басқа да депозиттеріңіздің жалпы сомасы пайыздарымен қосқанда 20 млн теңгеден, ал теңгелік жинақ салымнан басқа депозиттер болған жағдайда 15 млн теңгеден аспауы керек.


ҚДКБҚ өз кезегінде халықтың ақшасын тартудың өктем әдістеріне шектеу қою мақсатында банктердегі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу арқылы өз тәуекелдерін азайтуға әрекет жасайды. Бұл банктер үшін ұсыныстық сипатқа ие шара. Яғни банктер мөлшерлемелер туралы шешімді өз бетімен қабылдайды. Бірақ егер олар пайыздарды Қор белгілеген шекті деңгейден жоғары асыратын болса, онда Қорға төлейтін жарнасының көлемі де артады.  

ҚДКБҚ арнайы резервіне жарна төлеудің сараланған жүйесі – заманауи әдістердің бірі. Соның арқасында банк саласының қаржылық орнықтылығы сақталып келеді. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің барлығы тоқсан сайынғы негізде Қорға жарна төлеп отырады. Банктің тәуекел-бейіні нашарлаған сайын оның Қорға төлейтін жарнасының көлемі де арта түседі. Осылайша мұндай тәсіл нарыққа қатысушыларды дұрыс бағытта ынталандырады.


2.     Базалық қаржы талдауын жүргіземіз


Ашық ақпарат көздерінен ақпарат іздеңіз, банктің нашар бэкграунды Сізді алаңдатуы тиіс. Мысалы, қаржы институты реттеуші белгілеген міндетті пруденциалдық нормативтерді (капиталдың жеткіліктілігі, өтімділік, кредиттік тәуекел, инвестициялау) сақтамайды. Немесе зерттеліп жатқан қылмыстық істерде немесе сот үдерістерінде оның акционерлері немесе топ-менеджерлерінің аттары аталып жүр. Интернетте қаржы талдаушыларының немесе сарапшыларының банк секторына қатысты шолулары жеткілікті дәрежеде бар. Онда банктерге қатысты пайдалы ақпараттар көп.


Сонымен қатар банктің халықаралық рейтингтік агенттіктер берген кредиттік рейтингінің деңгейіне назар аударыңыз. Олардың төмендеуі – жақсы жаңалық емес. Сіз оларды біздің сайтта мына сілтеме бойынша қарай аласыз.


Егер қаржылық талдауға тереңдеп енетін болсаңыз, банк туралы ақпаратты реттеуші – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) сайттарынан іздеуге болады. Онда банктердің активтерінің, міндеттемелерінің және капиталдарының құрылымы, атқарған қызметтерінің қаржылық нәтижелері, кредиттік операциялар бойынша жекелеген көрсеткіштер ай сайын жарық көреді. Әрине, банктің экономикалық нормативтерінің реттеуші талаптарына сәйкестігін өз бетіңізбен есептеу қиынға соғуы мүмкін. Мұның соншалықты керегі де жоқ. Тек банктің кейбір негізгі көрсеткіштерін салыстырып қарасаңыз сол да жеткілікті.


Егер:

·                      Егер банктің залалдары қатарынан бірнеше тоқсан бойы өсіп жатса, келтірілген елеулі залалдар банкті шығынға батырып, капиталынан да лицензиясынан да айыруы мүмкін. Егер банктің шеккен залалдары ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатса және ол өсіп жатса – мұндай банктен аулақ жүрген дұрыс.

·                      Банктің кредиттік портфелі 20-30%-дан астамға күрт төмендеді. Несиелер – қалыптың банктің негізгі активі. Бұған кредиттердің банк үшін бейінді емес активтерге ауыстырылуы немесе кредиттердің бір бөлігінің үшінше тұлғаларға сатылуы (кейде өтімділікті жақсарту үшін қолданылады) себеп болуы мүмкін. Банк активтерінің құрамында кредиттік портфельдің қалыпты үлесі - 50-80% деңгейінде. Мерзімі өткен берешектердің қалыпты деңгейі - 5-7%-ға дейін.

·                      Банк капиталының (меншікті қаражатының) жеткіліктілігінің төмендеуі банкке қауіп төндіретін елеулі тәуекелдердің бірі. Капитал жоғары болған сайын банк қаражаттың көлемді жылыстауларына төтеп бере алады. Залалдардың немесе кредиттер бойынша резервтердің құрылуы себебінен де капитал қысқаруы мүмкін.

 

3.     Көрсетілетін қызметтердің ыңғайлылығын бағалаймыз


Банк бөлімшелерінің, банкоматтарының және терминалдарының саны – маңызды опция, бірақ депозит ашу үшін банк таңдауда шешуші фактор емес. Интернет-банкинг пен мобильді қосымшаның сапасына назар аударыңыз. Депозит ашылғаннан кейін соған қатысты жүргізілетін барлық операцияларды – оны жаңа мерзімге ұзартуды немесе жаңа мерзімге автоматты түрде ұзартуды жоюды, есептелген пайыздарды тексеруді және шарттың қолданылу мерзімінің аяқталу күнін қадағалауды интернет-банкинг арқылы жүргізу өте ыңғайлы.


Көптеген банктер депозитті қашықтан ашуға және қашықтан толықтыруға мүмкіндік береді. Егер таңдаған депозитіңізді интернет-банкинг арқылы рәсімдеу мүмкін болмаса, онда банктің бөлімшесіне баруға тура келеді. Онда сәйкестендіру рәсімінен өтесіз және барлық қажетті құжаттарға, оның ішінде банк салым туралы шартқа қол қойып, шот ашып, ақша саласыз.


4.     Шартты мұқият оқимыз.

 

Депозитке қатысты барлық талаптар: салымның мерзімі, оны толықтыру мүмкіндігі, капиталдандырылуы, мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі және т.б. – Сіздің инвестициялық мақсаттарыңызға сай келуі керек. Барлық талаптар шартта көрсетіледі. Сондықтан шартқа қол қоярдан алдын оны мұқият оқу қажет. Депозит ашарда қандай мәселелерге назар аудару керектігін біздің сайттан оқып біліңіз.


Салымдардың түрлері туралы мына жерден оқып білуге болады.


Есіңізде болсын, Сіз ақша салу үшін қандай депозитті таңдасаңыз да қаражаттарыңыз ҚДКБҚ қорғауында болады. Алайда кепілдік сомаларының шектеулі екендігіне мән беріңіз. Оның максималды мөлшері салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты:  

·        теңгедегі жинақ салымдар бойынша – максимум 20 млн теңге;

·        жинақ салымнан басқа барлық теңгелік салымдар бойынша – 10 млн теңгеге дейін;

·        шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейін.


Бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша шекті сомаларды есепке алғанда, бір банктегі жиынтық кепілдік сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Қор Қазақстанда ислам банктерінен басқа екінші деңгейдегі банктердің барлығында ашылған салымдардағы, ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы қаражаттарды қорғайды.