Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозит ашу барысында кепілдік сомасын біліп алыңыз

Өзіңіз білетіндей, екінші деңгейдегі банктер заңнама талаптарына сәйкес депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысатындары туралы клиенттерін хабардар етеді, сондай-ақ банк шоты/салымы шартын жасасу барысында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) белгілеген нысан бойынша кепілді өтемді төлеу мерзімі мен тәртібі туралы құлағдар етеді. Онымен сайттан танысып шығуға болады.


Бұл ретте депозит нарығында өнімдердің алуан түрлілігі салдарынан салымшылар олардың ерекшеліктерін және соларға қатысты талаптарды көбінесе түсініңкіремей жатады. Ал бұл талаптар депозиттің түрін анықтауға және банк лицензиясынан айырылған жағдайда соған қатысты төленетін кепілдік сомасына әсер ететіндігі белгілі.       


Айталық, ҚДКБҚ өзінің бастамасы бойынша салымшылардың мүдделерін қорғау және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында банктермен бірлесе отырып, клиенттерге ақпарат беру тәртібін жетілдіру бойынша қыруар жұмыстар атқарды.


Егер Сіздің:

·        бір банкте бірнеше депозитіңіз бар болса;

·        шетел валютасында депозиттеріңіз бар болса;

·         банк алдындағы берешектеріңіз (егер сіз бір мезгілде осы банктен қарыз алған болсаңыз) есепке алынған жағдайда,

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, банк шоты/салымы шартын жасасу барысында банктің ҚДКБҚ хабарламасы нысанында ұсынатын нысанда банк лицензиясынан айырылған кезде өтем сомасын есептеу ерекшеліктері туралы біле аласыз.  

  

Бұл ақпаратты салымшы шартты қандай әдіспен болса да – сайтта онлайн түрінде немесе банктің мобильді қосымшасында не болмаса оның бөлімшесінде жасасқанына қарамастан, толыққанды алатын болады. Кейбір банктер бұл мәліметтерді өзінің сайтында шарттың жалпы талаптарында келтіреді.    

 

Сонымен қатар мына ерекшелікке назар аударыңыз, хабарламаның жаңа нысанында бөлек құжатқа (шарт жасасу барысында қол қойылады) сілтеме жасалады. Онда міндетті түрде нақты банктік өнімнің негізгі талаптары: түрі, валютасы, қаражатты мерзімінен бұрын толық/ішінара алу талаптары және максималды кепілдік сомасы туралы ақпараттар көрсетілген.


Мысалы, егер клиент банктің бөлімшесінде теңгелік мерзімді салым ашатын болса, онда өтініште немесе салымшы банк шартын жасасу кезеңінде қол қоятын басқа құжатта депозиттің:

- мерзімді екендігі;

- теңгеде орналастырылғандығы;

- салымшы талап еткен күннен бастап, 7 күн ішінде мерзімінен бұрын алуға қолжетімділігі;

- 10 миллион теңге шегінде ҚДКБҚ кепілдігімен қамтылғандығы көрсетіледі.


         Салымшы осындай салымды шетел валютасында ашқан жағдайда, құжатта салымның түрі және валютасынан басқа, 5 миллион теңге көлемінде кепілдік берілетіндігі жазылады.      

   

Ал мысалы, теңгелік жинақ салымы ашылған жағдайда, банк негізгі талаптардан басқа, максималды кепілдік сомасы 20 миллион теңгені құрайтындығын хабарлайды.


Аталған ақпараттар депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге арналған барлық өнімдеріне қолданылады. Яғни клиенттердің салымдарына да, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында теңгеде және шетел валютасында орналастырылған ақшалай қаражаттары да қамтылады деген сөз.


Осылайша Қор мен банктердің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде енді банк шоты/салымы және оған кепілдік беру механизмі туралы барлық маңызды ақпараттар банк шартына қол қойғанға дейін-ақ салымшыға белгілі болады. Оны мұқият оқу және зерделеу, банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшының қаражаты ҚДКБҚ кепілдігімен қаншалықты қамтылатындығын түсінуге және кепілдік лимиттерінен асып кеткен жағдайда қаражатты заңнамада белгіленген максималды кепілдік мөлшерлері шегінде бірнеше банкте орналастыру арқылы әртараптандыруға мүмкіндік береді.  


Дәл қазіргі уақытта екінші деңгейдегі 13 банк осы функционалды[1] жүзеге асырды, ал 5 банк жүзеге асырудың аяқтаушы кезеңіне аяқ басты.


Еске саламыз, қазақстандық салымшылардың депозиттері депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде (ислам банктерін қоспағанда, жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізумен айналысатын барлық қазақстандық банктер) банк салымы және (немесе) банк шоты шартын жасасқан сәттен бастап, автоматты түрде ҚДКБҚ қорғауына алынады.  

 

Қосымша ретінде салымшылар қашанда ҚДКБҚ сайтында калькуляторды пайдалана алады. Соның көмегімен есептелген пайыздарды, салымның түрі мен валютасын, валюта айырбастау бағамын және банкте кредиттердің бар болуын ескере отырып, салым/шот бойынша кепілдік берілген соманы оңай есептеуге болады.


Екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған депозиттер бойынша кепілдік беру механизмі қалай жұмыс істейтінлігі туралы ақпаратты ҚДКБҚ веб-сайтынан (kdif.kz) сайтынан таба аласыз. Сонымен қатар сауалдарыңызды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауыңызға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігіңіз бар.      




[1] жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтін «Сити банк Қазақстан» АҚ-ты қоспағанда