Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Банк шоты немесе банк салымы шартына қол қоймас бұрын оның елеулі талаптары туралы біліп алу не үшін маңызды?

Қазіргі уақытта кәмелет жасқа толған кез келген азамат үшін екінші деңгейдегі банкте банк шотын және (немесе) банк салымын ашу оңай. Ал соңғы жылдары бұл үдеріс банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-банкингтерін дамытудың арқасында айтарлықтай оңайлатылды. Нәтижесінде үйден шықпай-ақ, осы жүйелердің тиісті түймешіктерін бірнеше рет басып, Банктің толыққанды клиенті атанып шыға келесіз. Яғни банк шоты және (немесе) банк салымы шартына онлайн режімінде қол қою – салымшыдан «қанатша» қоюда ғана талап етеді. Бұл оның салымның шартымен толығымен танысып шыққандығын білдіреді. Уақыт ең қымбат ресурс болып саналатын қазіргі заманда көптеген салымшылар өкінішке қарай, банк шоты және (немесе) салымы шартын тіпті оқымайды. Соның салдарынан көптеген елеулі және шын мәнісінде маңызды сәттерді білмей қалады.   


Сонымен банк шоты және (немесе) банк салымы шартын жасаса отырып, сіз банктің клиенттік базасын толықтырып қана қоймай, автоматты түрде азаматтық-құқықтық қатынастың қатысушысы атанатыныңызды ұмытпағайсыз. Бұл жерде банк шоты және (немесе) банк салымы шарты – осындай қатынастың құқықтық нысаны болып табылады.   Банк шоты және банк салымының мақсаттарына қарай әрбір жағдайда клиент пен банк арасында азаматтық-құқықтық қатынасты жүзеге асыру барысында белгілі бір құқықтар мен міндеттемелер жиынтығы туындайды.  

  

Есіңізде болсын, банк шоты және (немесе) банк салымы шартына қол қоя отырып, сіз оның әрбір талаптарымен автоматты түрде келісесіз.


Қолданыстағы заңнама бойынша күні бүгінге дейін банк шоты және банк салымы шартының мазмұны мен рәсімделуіне анау айтқандай талап қойылмай келді. Соның салдарынан банк шоты және банк салымы шартының форматы банктің барлық талаптарын клиенттің толығымен түсініп, қабылдауына мүмкіндік бермеді. Басқа сөзбен айтқанда, анағұрлым маңызды талаптар шарттың өн ойында шашыраңқы сипатта болды. Одан басқа, салымшылар-жеке тұлғалар банк салымдарының түрлерін және сол түрлеріне қатысты талаптарды түсіне бермейтін. Ал олар салымшылар үшін салым таңдауда негізгі айқындаушы факторлар болып табылады.


Жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып, салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) өткен жылы банк шоты және банк салымы шарты бойынша өзекті ақпараттарды кестелік, ұғынуға түсінікті нысанда[1] ашып көрсетуге қатысты банктер үшін ортақ талаптарды заңнамалық деңгейде бекіту жөнінде ұсынысқа бастамашылық етті. Бұл норма клиенттің назарын банк шоты және банк салымы шартының маңызды талаптарына аударуға және салымды саналы түрде таңдауға шақыруға бағытталған.


Осылайша 2024 жылдың екінші жартысынан бастап, банк салымы және банк шоты шарты бойынша маңызды талаптар шарттың жоғарғы жағында кесте түрінде көрсетілетін болады және клиент онымен танысқаны туралы шарттың қандай үлгіде жасалғандығына қарамастан (қағаз жүзінде/электронды форматта) банк шоты және банк салымы шартын жасасуға дейін қол қоюы керек.    

 

Сонымен екінші деңгейдегі банктер банк шоты және банк салымы бойынша қандай маңызды талаптарды ашып көрсетуге міндетті:


1.        Салымның түрі. Ақшаны мерзімінен бұрын алу, сыйақы мөлшерлемесі және кепілді өтем мөлшері салымның түріне тікелей байланысты. Азаматтық заңнама ережелеріне сәйкес банк салымдары негізгі төрт түрге бөлінеді (талап етілмелі, мерзімді салым, жинақ салым және шартты салым). Бұл ретте салымның түрін оның банктің өнімдік желісіндегі атауымен шатастыруға болмайды. Мысалы, салымдардың атауында «мерзімді», «жинақ» сөздері жиі кездеседі. Алайда осындай атауы бар салымдар ҚР Азаматтық кодексі бойынша жіктелімге әр кез сәйкес келе бермейді. Нәтижесінде банк өнімдерінің атаулары көп жағдайда салымның түріне қатысты ерекшеліктерін ашпайды. Сөйтіп салымшыларды шатастыруы мүмкін. Осылайша қандай да бір салымды таңдау – ең алдымен қандай мақсатты: ақшаны ұзақ мерзімді келешекке сақтауды және молайтуды немесе оған кез келген уақытта қол жеткізуді көздейтіндігіңізге негізделуі тиіс.     

 

2.        Салым бойынша максималды кепілді өтем сомасы (сондай-ақ банк шоты салымы бойынша). Кепілді өтем сомасының мөлшері салымның түрі мен валютасына тікелей тәуелді. Өтем сомасы шетел валютасындағы салымдар бойынша 5 млн теңгені, теңгедегі жинақ салымдардан басқа барлық теңгелік салымдар бойынша – 10 млн теңге және теңгелік жинақ салымдар бойынша 20 млн теңгені құрайды.    


3.        Пайыздық сыйақы мөлшерлемесі және салым бойынша сыйақы төлеу талаптары. Салым бойынша болашақ жинақ сомасы сол салым бойынша пайыздық мөлшерлеменің мөлшеріне тікелей байланысты. Есіңізде болсын, мөлшерлеменің мөлшері салымның түрі мен мерзіміне, пайыздарды капиталдандыру бойынша қандай опциялардың бар екендігіне және т.б. тәуелді. Айталық, пайыздары капиталдандырылатын салымдардағы ақша тез молаяды. Өйткені депозиттегі ақша оған қосылып отыратын пайыздардың есебінен арта түседі. Яғни сыйақы өткен мерзімде қосылған сыйақының есебінен көбейген салымның бүкіл сомасына есептеледі. Капиталдандыру жиілігі жоғары болған сайын депозиттің табыстылығы да арта түседі.


Капиталдандырылатын салымның түпкілікті табыстылығы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі арқылы көрсетіледі. Оны әртүрлі депозиттік өнімдер бойынша оп-оңай салыстыруға болады. Сонымен қатар сыйақы төлеу шарттары әр түрлі депозиттік өнімде әрқалай болуы мүмкін. Іс жүзінде сыйақы төлеу салымның мерзімі аяқталған соң, ондағы ақшамен бірге берілуі мүмкін немесе алғытөлемдік негізде не болмаса ай сайынғы/тоқсан сайынғы негізде салымның негізгі сомасынан бөлек, басқа шотқа немесе карточкаға аудару арқылы жүзеге асуы мүмкін.


4.        Салымды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі. Салым бойынша мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі де сол салымның түріне байланысты. Мысалы, мерзімсіз[2] және талап етілмелі салымдарда ақшаны айтарлықтай шығынсыз немесе тіпті ешқандай шектеусіз алу мүмкіндіктері қарастырылған. Ал мерзімді және жинақ салымдарда ақшаны салымнан мерзімінен бұрын алу бойынша айтарлықтай шектеулер бар. Мысалы, жинақ салым бойынша ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алуға жол берілмейді. Егер алынатын болса, ақша толығымен қайтарылады және шот жабылады. Мұндай салым бойынша мерзімінен бұрын алу талаптары мейлінше қатал: сіз жинақ салымдағы ақшаңызды мерзімінен бұрын жабу туралы ниетіңізді банкке алдын ала 30 күн бұрын хабарлауыңыз қажет. Бұл ретте салым бойынша сыйақыдан толық дерлік айырыласыз. Әдетте салымды мерзімінен бұрын алу талабы шартқа бөлек тармақпен жазылады. Осылайша салымыңызды мерзімінен бұрын алатын болсаңыз, сыйақыдан айырылуыңыз мүмкін екендігін ұмытпаңыз: банк сыйақыны есептемеуі мүмкін не болмаса оның бір бөлігін ұстап қалуы ықтимал.    


5.        Шарттың қолданылу мерзімі. Мерзімді және жинақ салым белгілі бір мерзімге салынады. Салымшы депозитінің мерзімі қашан аяқталатындығын естен шығармауы керек. Өйткені банк салым шартының мерзімі аяқталатындығын салымшыға хабарлауға міндетті емес. Егер де сіз қандай да бір себептермен салымыңыздағы ақшаңызды мерзімі аяқталған соң алмасаңыз, банк жинақ ақшаңызды ағымдағы шотқа немесе талап етілмелі салымға аударуы мүмкін. Сәйкесінше әрі қарай сыйақы мөлшерлемесі жабылған салымыңыздың талабы бойынша емес, ағымдағы шот немесе талап етілмелі салымның талабы бойынша есептелетін болады.


6.        Салымның мерзімін ұзарту талаптары. Банктерде көп жағдайда салымның мерзімі аяқталған соң, келесі мерзімге автоматты түрде ұзартылады. Яғни, салымның шарты бойынша алғашында қандай мерзім тағайындалған болса, дәл сондай мерзімге ұзартылады. Бұл ретте салымның мерзімі келесі мерзімге ұзартылу барысында сыйақы мөлшерлемесі сол ұзартылу барысында осындай салым бойынша қандай сыйақы мөлшері тағайындалған болса, сондай мөлшердегі сыйақығы өзгертілуі мүмкін. Банктер көп жағдайда салымдардың мерзімін екі рет ұзартады. Ал кейін, салымшы ақшасын талап етпейтін болса, банк бұл қаражатты талап етілмелі салымға аударады. Сондықтан салымыңыз бойынша ұзарту шарттары қандай екендігін алдын ала біліп алғаныңыз жөн.


Жоғарыда аталған талаптардан басқа, банктер салым/шот бойынша мына ақпаратты ашып көрсетулері тиіс: банк өнімінің атауы, салымның/шоттың валютасы, салымның ең аз сомасы/азайтылмайтын қалдық, салымды толықтыру мүмкіндігі, банк шотына қызмет көрсетілгені үшін комиссия сомасы және банктің еркіне қарай басқа да талаптар.


Банк шоты және банк салымы шарты бойынша ақпаратты ашып көрсетуге қатысты жоғарыда аталған талаптар 2024 жылдың 7 тамызынан бастап күшіне енетіндігін ескере отырып, салымшыларға жасалатын шарттағы барлық талаптарды мұқият зерделеуге кеңес береміз.    


Айта керу керек, банк шоты және банк салымы шартының маңызды талаптары кестелік нысанда енгізілетіндігіне қарамастан, клиенттердің банк шоты және банк салымы шартының талаптары бойынша Банктен қосымша ақпарат алу құқығы сақталады.  


Еске саламыз, қазір сіз банк өнімінің жекелеген маңызды талаптарын біле аласыз (түрі, валютасы, қаражатты мерзімінен бұрын алу және кепілдік берілген максималды өтем сомасы).


Банктер мұндай ақпаратты клиент банк шоты/салымы шартын жасасу барысында өз алдына бөлек қол қоятын құжатта толыққанды көрсетеді (онлайн – банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы, жазбаша түрде – оның бөлімшелері арқылы). Толығырақ мына жерден оқып білуге болады.




[1] Тиісті талаптар «Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысында бекітілген»


[2] мерзімсіз салым – ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мерзімді салым және ол бойынша мерзімінен бұртын ақша алуға қатысты қатал шектеулер қарастырылмаған немесе тіпті жоқ