Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Банк салымы шарты: тәуекелдерден құтылу үшін қандай ерекшеліктерге назар аудару қажет?

Банктермен арадағы қарым-қатынас қандай да бір дәрежеде өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны белгілі. Қандай да бір банктік қызметті алғымыз келсе, мысалы, депозит ашуды ұйғарсақ, онлайн болсын, оффлайн болсын, міндетті түрде банкпен шарт жасасамыз. Ендеше қол қоярдан алдын, қайсымыз сол, бірнеше беттен тұратын құжатты мұқият оқып шығамыз?  

 

Бұл жерде қанша жерден тәжірибелі инвестор болсаңыз да, жаңадан бастап келе жатқан салымшы болсаңыз да банк шартын дұрыс оқу және дұрыс түсіну – ықтимал тәуекелдерден және жағымсыз тосын әрекеттерден құтылу жолында жасалған маңызды қадам болып табылады.  

 

Біз бұл мақалада банк шартына қол қою барысында жіті назар аударуды қажет ететін маңызды мәселелерді қарастырамыз.  

 

БАНК САЛЫМЫ ШАРТЫ ҚАНДАЙ ТАЛАПТАРДЫ ҚАМТУЫ ТИІС

 

Банк салымы шартында салымның қолданылу мерзімі, қаражатты орналастыру және сыйақы төлеу талаптары, салымның толықтай немесе ішінара қайтарылу талаптары, сондай-ақ салымды ұзарту талаптары көрсетілуі тиіс.   

 

Одан басқа, шартта басқа да ақпараттар болуы мүмкін. Олар басқа банктердегі шарттардан өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан депозит ашу үшін таңдап алынған банк салымы шартының үлгілі нысанымен алдын ала танысып алу қажет.

 

ҚАНДАЙ ТЕТІКТЕРГЕ НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ

 

1.     Пайыздық мөлшерлеме. Пайыздық цифрларға назар аударыңыз – бұл мөлшерлемелер. Олар жоғары болған сайын табысыңыз да арта түседі. Пайыздық мөлшерлеменің көлемі депозиттің түрі мен валютасына қарай ерекшеленуі мүмкін. Банктердің депозиттік өнімдері мен олардың пайыздық мөлшерлемелері туралы мына жерден толыққанды оқып шығуға болады.   

 

Салымның қолданылу мерзімі бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады. Банк сыйақы мөлшерлемесін біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес. Алайда шартта салым мерзімі ұзартылған жағдайда сыйақы мөлшерлемесін өзгерту керектігі қосымша жазылуы мүмкін.

 

Сондай-ақ мерзімді және жинақ салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері тиянақталған немесе құбылмалы түрде болуы ықтимал.    

Тиянақталған мөлшерлемелердің мөлшері салымның бүкіл мерзімі барысында төмендетілмейді. Құбылмалы мөлшерлемелердің мөлшері шартта көрсетілген талаптарға сәйкес өзгереді.   

 

2.     Пайыздарды алу. Есіңізде болсын, салымдардың кейбір түрлері бойынша белгілі бір талаптар қарастырылған. Олар сыйақы мөлшеріне әсер етеді. Мысалы, жинақ салымынан мерзімінен бұрын ақша алуға болмайды. Себебі есептелген табыстан айырыласыз. Нақты айтар болсақ, жинақ салымы мерзімінен бұрын алынатын болса, ол бойынша сыйақы жылдық 0,1%-дан аспайтын көлемде төленеді. Ал кейбір мерзімсіз депозиттер бойынша айыппұлдардың көлемі өте төмен немесе тіпті жоқ десе де болады.       

 

Мерзімді депозиттер бойынша ақша мерзімінен бұрын алынғаны үшін айыппұлдар қарастырылған. Бірақ олар жинақ салымына қатысты талаптарға қарағанда жеңілдеу. Бұл айыппұлдар көп жағдайда есептелген сыйақылардың жартысын құрайды. Сондықтан есептелген сыйақылардан айырылып қалмас үшін банк қызметкерлерінен бұған қандай әрекеттер әсер ететіндігін алдын ала сұрап, біліп алыңыз.   

 

3.     Шотқа қосымша ақша салу және одан ақша алу. Назар аударуды талап ететін тағы бір маңызды тармақ – салымға қосымша ақша салу және одан ақша алу мүмкіндігі. Кейбір банк салымдарына қосымша ақша салуға болады. Енді біреулерінен мерзімінен бұрын ішінара ақша алуға рұқсат берілген. Ал енді бір салымдар бойынша мұндай әрекеттер жасауға болмайды. Мысалы, жинақ салымдарынан мерзімінен бұрын ақша алуға болмайды. Егер бәрібір алу қажет болып тұрса, салым толығымен қолға беріледі және шот жабылды.

 

Бұдан басқа, кейбір банктер шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін салымшыдан комиссия өндіріп алуы мүмкін. Нәтижесінде қолға тиетін ақшаның сомасы жоспарланған көлемнен төмен болып шығуы ғажап емес. Жалпы комиссия мен айыппұлдарды мұқият зерделеу қажет. Олар банк салымы шартында міндетті түрде жазылады.  

 

4.     Салымды қайтару. Депозиттерді қайтару бойынша басқа да ақпараттарды ой елегінен өткізген жөн. Салымның түріне қарай оған қатысты талаптар да ерекшеленеді. Мысалы, банк талап етілмелі салымды салымшының талабы туындаған сәттен бастап, беруге міндетті. Ал мерзімді және жинақ салымды банк салымы шартында көрсетілген мерзім аяқталған соң барып қайтарады.   


Салымшы мына салымдарды мерзімінен бұрын алуға құқылы:

•        мерзімді салым немесе оның бір бөлігі;

•        жинақ салым.


Жинақ депозит салымшының алу туралы талабы келіп түскен күннен бастап, күнтізбелік отыз күннен ерте емес уақытта беріледі. Бұл салымды мерзімінен бұрын жартылау алуға жол берілмейді.

 

5.     Салымды келесі мерзімге ұзарту. Қысқаша айтқанда – ұзарту. Әдетте банк салымы шартында оның қандай талаптар бойынша ұзартылатыны, ұзарту саны көрсетіледі. Шарттың мерзімі аяқталып, салым автоматты түрде ұзартылған жағдайда, банк шартты салымшының қатысуынсыз, бастапқыда қандай мерзімге ашылған болса, сондай мерзімге өз бетімен ұзартады. Егер шартта салымды ұзарту қарастырылмаған болса немесе салым максималды рет ұзартылған болса, банк ақшаңызды автоматты түрде сіздің ағымдағы шотыңызға аударады. Бұл ретте салымның ұзартылуымен қатар сыйақы мөлшерлемелері де өзгеріске ұшырауы мүмкін. Егер банк осы сәтке салымды едәуір жоғары немесе төмен мөлшерлеме бойынша қабылдап жатса, онда сіздің депозитіңіз бойынша да сыйақы мөлшерлемесі де өзгереді.     


Егер сіз депозит ашуды ұйғарған болсаңыз, бұл ақпарат дұрыс таңдау жасауыңызға көмектеседі деген үміттеміз.