Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстандықтардың депозиттерінің 99,8%-ы ҚДКБҚ кепілдігімен қамтылған

Сақтандыру жағдайы туындаған кезде, яғни банк лицензиясынан айырылған жағдайда оның салымшыларына кепілді өтем арнайы резервтің есебінен төленеді. Ол қалай қалыптасады? Сақтандыру жағдайы туындаған уақытта ондағы қаржы өтем төлеуге жеткілікті бола ма? Қосымша қаражат керек болуы мүмкін бе? Егер керек болса, оны қайдан алуға болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауаптар бүгінгі мақалада.


Арнайы резерв: бұл не және ол не үшін қажет?


Арнайы резерв – бұл Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКБҚ, Қор) жинақталған ақша қоры. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде, яғни депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы қандай да бір банк лицензиясынан айырылса, оның салымшыларына кепілді өтемді дер кезінде төлеуге осы резервтегі қаражат пайдаланылады. Басқа сөзбен айтқанда, арнайы резерв – банк банкрот болған жағдайда халықтың ондағы ақшаларын қорғауға арналған өзіндік бір қауіпсіздік «көпшігі».


Елімізде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде арнайы резерв үлкен рөл атқарады және ол халықтың банк жүйесіне деген сенімін нығайтуға тікелей ықпал етеді. Арнайы резервтің жеткіліктілігі оның жеке тұлғалардың жиынтық депозиттік базасына қатынасымен айқындалады. Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 қазанына қарай, бұл көрсеткіш 6,06%-ды құрады. Ал заңнамада белгіленген деңгей – 5%.


Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылы арнайы резервтің деңгейі Еуроодақ елдерінде 0,3%-дан 2%-ға дейін болды, АҚШ-та оның нақты деңгейі 0,7%-ды көрсетсе, ТМД елдерінде бұл көрсеткіш: Ресейде 0,3%-ды, Молдовада 0,9%-ды, Украинада 2,5%-ды, Қырғызстанда 3,0%-ды, Тәжікстанда 4,1%-ды және Өзбекстанда 2,7%-ды құрады.

Арнайы резервтің барабарлығының тағы бір көрсеткіші - оның елдегі Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасы. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,9%-ды құрайды. Басқа елдерді алатын болсақ, Грекияда 2,1%-ға, Украинада 0,3%-ға, Мажарстанда 0,2%-ға тең. Ал ЖІӨ-сі ең жоғары елдерде бұл көрсеткіш – АҚШ-та - 0,5%, Жапонияда - 0,9% және Германияда - 0,1% болады.


Осылайша Қазақстанда арнайы резервтің деңгейі заңнамалық минимумнан асады және әлемдегі жоғары көрсеткіштердің бірі.


Арнайы резерв қалай қалыптасады


Халықаралық тәжірибеге сәйкес депозиттерді сақтандырушы ұйымды алғаш рет құру барысында мемлекет немесе халықаралық донор-ұйымдар тарапынан қаржы алуға рұқсат беріледі. Алайда басты қаржыландыру көзі – депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер болып қала бермек.  


Алғашында ҚДКБҚ-ны құру барысында қаржыландыру – Қордың жалғыз акционері – ҚР Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Қаржы реттеушісі Қордың жарғылық капиталына 1 млрд теңге енгізді. Кейін нығайту, оның ішінде ғаламдық дағдарыс жағдайында арнайы резерв Ұлттық Банк тарапынан талай рет толықтырылды. Ал 2018 жылы ҚДКБҚ-ны қосымша капиталдандыру тоқтатылды: енді арнайы резервті қалыптастыру жауапкершілігі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерге жүктелді. Егер 2009 жылы қатысушы банктердің жарналарының үлесі, оларды инвестициялау нәтижелерін қоса ескергенде 35%-ды құраса, 2023 жылы 84%-ға жетті. Ал арнайы резервтегі жарғылық капиталдың үлесі 60%-дан төмендеп, 15%-ға жетер-жетпес қалыптасты. Бүгінгі таңда салымшы-жеке тұлғалардың шоттарының 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған.


Қаржыландыру


Қазіргі уақытта елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі алғытөлемдік негізде (ex-ante) қаржыландырылады. Салымшыларға өтем төлеу үшін ҚДКБҚ резерві негізінен қатысушы банктердің есебінен жинақтау негізінде қалыптасады. Банктер жарналарды сараланған мөлшерлемелер бойынша тоқсан сайын төлейді.   

 

Мөлшерлемелер қатысушы банктің тәуекел-бейінінің дәрежесіне қарай, оның депозиттік портфелінің 0,03%-дан 0,27%-на дейінгі мөлшерін құрайды. Ал егер қатысушы банк халықтың қаражатын өзіне тарту үшін өктем саясат жүргізетін болса, жарналардың мөлшерлемесі 0,5%-ға дейін көтеріледі.


Арнайы резервті қалыптастыруда инвестициялық табыстың үлесі айтарлықтай орын алады. Өйткені ҚДКБҚ арнайы резервтегі қаражатты және меншікті активтерін өзінің инвестициялық саясатына сәйкес сенімді және жоғары өтімді қаржы құралдарына инвестициялайды.


Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың 1 қазанына қарай, арнайы резервтің мөлшері 1,1 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері арнайы резерв 15,6%-ға , ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,0%-ға өсті. Бүгінгі таңда салымшы-жеке тұлғалардың шоттарының 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған.


Балама қаржыландыру көздері


Қажет жағдайда, яғни салымшыларға өтем төлеу үшін арнайы резервтегі қаражат жеткіліксіз болып жатса, заңнамада арнайы резервті қатысушы банктердің қосымша жарналары және ҚР Ұлттық Банкінің қарызы есебінен қосымша толықтыру механизмі көзделген.


Алайда ҚДКБҚ құрылғалы бері қатысушы банктерден қосымша жарналар жинау және Ұлттық Банктен қарыз алу қажеттілігі туындаған емес – Қор лицензиясынан айырылған қатысушы банктердің депозиторлары алдындағы өз міндеттемелерінің орындалуын толыққанды түрде үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. ҚДКБҚ-ның күні бүгінге дейін жүзеге асырған жиынтық төлемі 115 млрд теңгеден асты.


Осылайша арнайы резервтің қолда бар көлемі ҚДКБҚ-ға салымшылар алдындағы міндеттемелерін өтеуге жеткілікті.