Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстандық банктердің қаржылық ахуалын бағалау бойынша ҚДКБҚ моделі – үздік халықаралық тәжірибелер аясында

Кез келген шетелдік депозиттерді сақтандырушылар секілді Қордың міндеті – банк төлем қабілетінен айырылған жағдайда салымшыларға кепілдік берілген өтемді уақтылы төлеуді қамтамасыз ету. Алайда байқайсыз ба, осы бір таптаурын емес, маңызды істің арғы жағында Қордың басты миссиясы тұр, ол – халықтың банктерге деген сенімін нығайту арқылы елдегі банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге күш салу. Қордың кепілдіктерінсіз отандық банк бизнесінің тұрақты дамуын және банк салымшылары тарапынан сенім деңгейінің жеткілікті болатындығын көз алдыңа елестету қиын-ақ. Қор жалпы қаржылық тұрақтылықты қолдау жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Ол қаржылық реттеушілермен (Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) бірлесе отырып, олардың миссиясының жүзеге асуына септігін тигізеді.  


Капиталдың әлемдік нарығындағы қызу шиеленістерді, сондай-ақ салымшылардың жылыстауы (bank run) көп жағдайда банк институттарының күйреуіне әкеп соқтыратындығын ескерсек, жекелеген банктердің жай-күйіне, сәйкесінше бүкіл банк жүйесінің саулығына тиімді талдау жүргізу және бағалау құралдарының рөлі арта түседі. Қорда ондай құрал бар. Ол банк секторындағы ахуалға өзіндік және тәуелсіз баға беруге мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің қаржылық жағдайын бағалау моделі жайында болып отыр.


Банктерді бағалау моделі не үшін керек?


Белгілі болғанындай, Қор қаражатты өзінің арнайы резервінде шоғырландырады. Оның қаражаты бірінші кезекте лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына заңнамада көзделген кепілдік мөлшерінде өтем төлеуге бағытталған. Қазіргі уақытта арнайы резервте 976,7 млрд теңге жинақталған. Оның басым бөлігі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналары есебінен толыққан.


Бірақ әрбір банктің төлейтін жарнасының мөлшерін белгілеу үшін, оның қаржылық жағдайын бағалайтын модель қажет қой. Модель банктің жеке тәуекел-бейініне қарай жарна мөлшерлемесін анықтауға мүмкіндік береді. Шамалап айтқанда ол былай жұмыс істейді – банк өз ісінде тәуекелге барған сайын, оның Қорға төлейтін жарнасы да қомақты бола түседі. Ал жарна дегеніміз - сол қатысушы банктің кепілдік берілген депозиттерінің жалпы сомасының нақты пайызы.


Банктердің тәуекел-бейіні деген не және банктер өздерінің деңгейлеріне қарай қалай реттеледі?


Егер қысқаша айтар болсақ, тәуекел-бейін – бұл банктің мінездемесі, оның қаржылық ахуалын сипаттаушы өзіндік бір портрет. Біздің модель әлемге белгілі CAMELS – моделдер тобына жатады. Мұнда әрбір әріп банктің қаржылық жағдайының белгілі бір қырын немесе теңгерімінің «бөлігін» білдіреді, мысалы ағылшынша «C» әріпі капиталды, «A» – активті және тағысын тағылар. Халықаралық рейтингілік агенттіктер осындай модельдердің қандай да бір түрін қолданады. Қор банктердің мықты және әлсіз жақтарын бағалауға арналған сандық және сапалық көрсеткіштердің белгілі бір тізбесі модельге біріктірілгенде осындай тәсіл қолданылады. Олар бірге нәтижелік «скоринг» немесе балды көрсетеді. Ал ол банкке нақты рейтинг беруге, сәйкесінше банкті белгілі бір топқа жатқызуға мүмкіндік береді. Бізде барлығы бес топ бар. Олар бағалау нәтижелеріне қарай тәуекел-бейіні жоғары немесе қарапайым сөзбен айтқанда оларды шартты түрде өктем, бірқалыпты және сақтанымпаз саясатын ұстанған «әлсіз» не «мықты» банктерге бөлуге көмектеседі. Осылайша модельдің арқасында банктерді тәуекел-бейініне қарай саралап, оларға тиесілі дербес жарна мөлшерлемесін анықтай аламыз. Одан басқа, Қордың моделі және оған қатысты барлық шамаларды қосқанда (индикаторлар тізімі, мәндер салмағы, балдардың шегі мен шәкілі және т.б.) банк қауымдастығына ашық қолжетімді және Күнтізбелік жарналар қағидаларымен реттеледі.  

 

Жарналарды саралу не үшін қажет, одан да барлық банктер үшін бірыңғай жарна мөлшерлемесін бекіту оңай емес пе?


Жарналардың сараланымдық жүйесі немесе келіп-кетер қауіп-қатерлерді бағалауға негізделген жүйе – бұл ең үздік әлемдік тәжірибе және депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы ұсынған, қорлардың қаражат жинау моделі. Мұны депозиттерді сақтандырушылар арасында өзіндік бір бағдар беретін «бенчмарк» деуге болады. Барлығы соған ұмтылуға тырысады. Дегенмен қорлардың көпшілігі шектеулі мүмкіндіктеріне қарай «жазық» шәкілді немесе жарналардың бірыңғай мөлшерлемесін пайдаланады.


Өз кезегінде жарналардың сараланымдық жүйесінің артықшылығы сол, ол банктерді өздерінің тәуекел-бейіндерін басқаруға ынталандырады. Біріншіден, әртүрлі банктердің тәуекел-бейіндері де әрқалай. Екіншіден, барлығына бірдей жарналар мөлшерлемесін бекітер болсақ, бұл кейбір банктерге ағымдағы қаржылық ахуалына қарамастан, пайда табу жолында шектен тыс, тым тәуекелді шешімдер қабылдауға жол ашады. Үшіншіден, бірыңғай мөлшерлеме тәуекелдер мен жүктемелерді банктер арасында әділ түрде бөлу жүйесін қалыптастыруға кедергі келтіреді, яғни өсудің, пайда табудың өктем және бейбастық жолын ұстанушы әлсіз банктерге қарағанда қаржылық жағдайы тұрақты банктерге жауапкершілік ауыртпалығы артығымен түседі. Төртіншіден, бірыңғай мөлшерлеме ұзақ мерзімді келешекте арнайы резервтегі қаражаттың жеткіліктілік деңгейінің жалпы банк секторындағы тәуекелдердің жүйелік және жиынтық көлеміне сәйкес болмауына әкеп соғады. Міне, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушылардың барлығына жүйелердің сараланымдық жүйесін енгізудің артықшылығы сонда. Қоғамдық шығындар өте төмен болып тұратындықтан, осы жүйенің арқасында кез келген дағдарыстық жағдайларды еңсеруге болады.

    

Модельдің нәтижелеріне сәйкес банк секторындағы ахуалға берілген баға қандай?


Бағалау моделі банктерді тәуекел-бейіні бойынша саралаудың жеткілікті дәрежесіне, жарналар мөлшерлемесінің әділ шәкіліне және бағалау нәтижелерінің тұрақтылығына ие. Жиынтығында сандық көрсеткіштер банк капиталының барабарлығын, кредиттер портфелінің сапасын, өтімділігін, табыстылығын, сондай-ақ активтері мен пассивтерінің шоғырланымдылығын бағалайды. Бұл ретте модельдің өзі де оның шамалары да қажетті «болжамдық күшке» ие. Өйткені ол дефолтқа жол берген банктер бойынша тарихи мәндерге қатысты тестілеуден өткізілген.


Сырт әлемдегі жан шошытарлық жайттарға, әлемдік нарықтағы аумалы-төкпелі құбылыстарға қарамастан, отандық банктер және жалпы банк секторы өзінің беріктігінің жеткілікті екендігін және тұрақтылығын көрсетуде. Капиталдың жеткіліктілігі мен сапасының жоғары мәнге ие екендігінен басқа, өтімділік құрылымының профициті де байқалуда, яғни банктерде өздерінің міндеттемелерін дер кезінде орындауға өтімді ақша қаражаттары жетіп артылады. Бұған қоса, модель ҚНРДА-ның SREP-әдіснамасы (Supervisory Review and Evaluation Process) негізінде жүргізетін, тәуекелге бағдарланған қадағалаушылық бағасын да есепке алады. Қор өзінің моделі бойынша бағалау нәтижелерін реттеушінің бағаларымен мезгіл-мезгіл салыстырып отырады. Бұл тұрғыдан алғанда біздің берген бағалар қаржы реттеушісінің берген бағаларымен көбінесе сәйкес келеді.  

 

Қор кешенді талдау экожүйесінің ажырамас бөлігі бола отырып, оның ішінде банк қауымдастығымен өнімді сұхбат құру және қаржы реттеушісімен уақтылы мәлімет алмасу жолымен банктердің қаржылық ахуалын бағалау моделін және ерте бастан хабарлау жүйесін дамытуға өз үлесін қосады.  


Әрине, бағалау индустриясы бір орында тұрмайды. Қор өз кезегінде сонымен қатар депозиттерді сақтандырушы – алдыңғы қатарлы шетелдік ұйымдармен кеңесу және пікір алмасу арқылы бағалау моделінің тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.