Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Агент банк дегеніміз не? Кепілді өтем төлеу үшін таңдау тәртібі

Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, оның ішінде банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда депозиторларға кепілді өтем төлеу жолымен халықтың банк саласына деген сеніміне қолдау көрсету. Бұл ретте өтем төлеу ҚДКБҚ, оның ішінде сол таңдаған агент банк арқылы жүзеге асырылады.


Ендеше агент банктің қандай банк екендігін және оны таңдау қандай өлшемшарттарға негізделетіндігін осы мақалада айқындайтын боламыз.   


Агент банк – бұл депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын және ҚДКБҚ атынан және есебінен кепілді өтемді төлеу бойынша рәсімдерді жүзеге асыратын банк.


Агент банкті іріктеп алу – бұл ең алдымен салымшыларға кепілдік берілген қаражаттарын қайтару үшін сенімді делдал мекемені шұғыл түрде таңдауға бағытталған көпдеңгейлі үдеріс.


ҚДКБҚ сақтандыру жағдайының туындағанына-туындамағанына қарамастан, алғашқы кезеңде үміткер банктердің – әлеуетті агент банктердің арнайы тізбесін бекіту шарасын өткізеді. Айталық, ҚДКБҚ кепілді өтемді төлеуді жүзеге асыру үшін жылына екі рет (1 шілдеге және 1 қаңтарға дейін) агент банктердің алдын ала тізбесін бекітеді.


Бұл ретте банк агент банктердің алдын ала тізбесіне енуі үшін өзінің сенімді қаржы институты екендігін сипаттайтын белгілі бір сапалық және сандық талаптарға сай болуы тиіс. Мысалы:


·                    рейтингтік агенттіктердің халықаралық бағасы бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтің лайықты деңгейінің болуы;

·                    реттеуші орган белгілеген пруденциялдық нормативтер мен минималды резервтік талаптарды орындауы;

·                    банкте теріс операциялық ақша легінің және т.б. болмауы.


Яғни әлеуетті агент банк алдын ала іріктеп алу кезеңінің өзінде ең алдымен өзіне жүктелген қызметтерді атқару үшін мейлінше тұрақты қаржылық жағдайға ие болуы қажет. Бұл ретте заңнамаға сәйкес агент банктердің алдын ала тізбесін бекіту рәсіміне депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің барлығы қатысады.  


Екінші кезең – сақтандыру жағдайының туындауы, яғни агент банкті таңдаудың кезек күттірмес мәселеге айналуы. ҚДКБҚ кепілді өтемді салымшыларға уақтылы және үздіксіз төлеуді қамтамасыз ету үшін алдын ала бекітілген тізбеден агент банкті таңдайды және оның ағымдағы қаржылық жағдайы туралы жаңартылған ақпараттарды ескереді.  


Бұл ретте ҚДКБҚ банктің ел аумағында тармақталған филиалдық желісінің (бөлімшелер/орынжайлар), одан қала берді лицензиясынан айырылған банктің барынша көп салымшысына өтем төлеу үшін өткізу қабілетінің жеткілікті болуы секілді өлшемшарттарға ерекше назар аударады.


Атап өту керек, лицензиясынан айырылған банктің салымшылары айтарлықтай көп болған жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген қаражаттарын қайтаруды шұғыл және тиімді түрде жүзеге асыру мақсатында үміткер банктердің арасынан бір емес, бірнеше агент банкті таңдауға құқылы.


Агент банкті таңдап болған соң, ҚДКБҚ онымен міндетті түрде арнайы келісім жасасады. Бұл келісімде тараптардың өзара әрекет ету талаптары және агент банктің кепілді өтемді төлеу тәртібі қамтылады.


Нақты таратылатын банктің салымшыларына кепілді өтем төлейтін агент банк таңдалған соң, ол туралы ақпарат халыққа ҚДКБҚ кепілді өтемді төлеудің басталу күнін жариялау барысында жеткізіледі.     

   

Еске саламыз, заңнамаға сәйкес банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 30 жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ хабарландыруды ресми баспасөз басылымдарында орналастыру арқылы оның салымшыларына кепілді өтемді төлеудің басталу күні туралы, оның ішінде төлемді жүзеге асырушы агент банкті, төлемнің кезеңі мен орындарын көрсете отырып, хабар таратады. Сонымен қатар бұл ақпарат ҚДКБҚ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және агент банктің ақпараттық ресурстарында орналастырылады, сондай-ақ телеарналардың жаңалықтарында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


Осылайша агент банк кепілді өтемді төлеуді жүзеге асыру барысында сенімді делдал қызметін атқара отырып, қаржылық тұрақтылықты және халықтың банк жүйесіне деген сенімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.  


Банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтемді төлеу рәсімі туралы толыққанды ақпаратпен ҚДКБҚ (www.kdif.kz) сайтында танысып шығуға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына не @kdif_ask Telegram-чатына жолдай аласыз.