Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматыда бес мемлекеттің депозиттерге кепілдік беру жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды

24 қазанда Алматыға келген Армения, Белоруссия, Қырғызстан және Ресейдің депозиттерге кепілдік беру қорларының басшылары мен жетекші сарапшылары стратегиялық даму және тәжірибе алмасу мәселелерін жоғары деңгейде талқылады.





Қазақстанның Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Алматыдағы өкілдігінің басшысы, ҚДКБҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Виталий Тутушкин Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) ұйымдастырған «Депозиттерге кепілдік беру жүйесі: құрылымдық өзгерістер, түрлену және жаңа сын-қатерлер дәуірінде» атты кәсіби конференцияны аша отырып, ҚДКБҚ 1999 жылы құрылғаннан бері депозиттерге кепілдік беру механизмінің эволюция жолымен айтарлықтай дамығандығын атап өтті. Халықаралық стандарттар, олардың ішінде Қаржылық тұрақтылық форумы ұсынған стандарттар енгізілді. «Салымдарды сақтандыру – пруденциалдық реттеу, банктік қадағалау және соңғы сатыдағы инстанцияның қарыздар беру механизмімен қатар, елдің қаржылық қауіпсіздігі жүйесінің елеулі бөлігі болып табылады», – деді ҰБ Төрағасының орынбасары.

 

Спикер өз сөзінде дағдарыстарды еңсеруге арналған қаржылық ресурстар сақтандыру және тәуекелдерді бөлу қағидатымен қалыптастырылуы тиіс екендігін атап өтті. Осы ретте әрбір банктің дербес тәуекелдеріне қарай сараланған жарналар жүйесі – осындай тәсілдің үлгісі болып табылады.

 

Өз кезегінде Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі, экономист Сәбит Хәкімжанов бұл жүйені ҚДКБҚ-да дамыту тәжіриесіне толығырақ тоқталды: оның соңғы модификациясында жүйелік тәуекел үшін ақы төлеу қарастырылған. Яғни банктің күнтізбелік жарнасының жоғарылауы немесе төмендеуі банктің депозиттерді тарту мөлшерлемесі мен нарықтық мөлшерлеме арасындағы спредке тікелей тәуелді, ал база ретінде кепілдік берілген депозиттер емес, салымдарды тарту қолданылады. Бұл жағымсыз бәсекелестікті тежеуге және моральдық тәуекелдің негізгі таралу арнасына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Спикер осы ретте аталмыш механизм банктердің қолдауымен әзірленіп, іс жүзінде қолданылып жатқандығын, ал жұмыс барысында корпоративтік басқару проблемаларын терең, дұрыс түсінуге мүмкіндік бергендігін атап өтті.     

 

Сәбит Хәкімжанов шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде салымдарды сақтандыру қаржылық тұрақтылықтың жас институты екендігін алға тартты. Соған қарамастан, соңғы онжылдықта депозиттерді сақтандырушылардың құзыреті әлемдік ауқымда, оның ішінде IADI алаңында өзара тәжірибе мен құзырет алмасудың арқасында кеңейе түскен. «Мандатты дамыту жолдары көп және үздік әлемдік тәжірибелерді таратудың анағұрлым тиімді әдісі – оларды құжаттау, талдау және жариялау. Мақсат – оларды басқа юрисдикцияларға қолжетімді ету. Біріздендіру және стандарттау сөзсіз қажет, бірақ олардың басты рөлі әсіресе алға басуды өлшеуде және бағалауда жатыр», – деді спикер.       

 

ҚДКБҚ басшысы Әділ Өтембаев елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылғалы бері 25 жыл ішінде мықты заңнамалық негіз қалыптастырылғанын және қазіргі уақытта ҚДКБҚ өкілеттігі paybox+ мандатының стандартына сәйкес келетіндігін атап өтті. «Қор жұмыс істеп жатқан бүкіл кезең ішінде 148 мыңнан астам салымшы өтем алды. Соңғы бірнеше жыл ішінде орын алған сақтандыру жағдайлары барысында біз іс жүзінде өтем төлеуді 6-8 жұмыс күні ішінде бастауға қол жеткіздік. Бұл үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Қордың қаржылық жайғасымы туралы айтар болсақ, қазіргі уақытта арнайы резервте 1 триллион теңгеден астам қаражат жинақталған. Оның жеткіліктілігі жалпы дүние жүзі бойынша салыстырсақ, жоғары деңгейде. Резервті жинақтау сондай-ақ озық халықаралық әдіснамаларды ескере отырып, жүзеге асырылады. ҚДКБҚ-да Сараланған жарналар жүйесі бірегей модельге негізделген. Ол әрбір қатысушы банктің тәуекел-бейінін есепке алады. Біз елімізде қаржылық қауіпсіздік желісінің толық құқықты қатысушысы болу үшін лайықты дәрежеде ықпалдасуды жүзеге асырып жатырмыз», – деді ҚДКБҚ Төрағасы.

 

Сонымен қатар конференция барысында оған қатысушылар ХВҚ және Дүниежүзілік Банктің отандық қаржы секторына жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындыларымен танысты. ҚРҰБ Қаржылық тұрақтылық департаменті директорының орынбасары Жандос Ыбраевтың айтуынша Қазақстан макроэкономикалық және қаржылық дүрлікпелерге қарсы өзінің орнықтылығын паш етуде. Қазақстанның банк жүйесінде капиталдың жеткіліктілігі коэффициенті жоғары деңгейде және ол стресс-тестілеумен расталуда. FSAP қорытындысы бойынша ҚДКБҚ қаржылық қауіпсіздік желісінің маңызды элементі болып табылады. Қордың рөлі мақсатқа сай келеді. Енді алдағы міндет – оны күшейту және нақтылау.

 

Депозиттерді сақтандыру саласындағы басшылар мен танымал халықаралық сарапшылар: Андрей Мельников (Ресей), Юрий Липницкий (Беларусь), Анна Мартиросян (Армения) қаржылық қауіпсіздіктің орнықты архмитектурасын қалыптастыруда депозиттерді сақтандырушылардың рөлі жайында өз ойларымен және өздері қызмет атқаратын ұйымдардың тәжірибелерімен бөлісті.

 

ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов депозиттерді сақтандырушылардың активтерін инвестициялық басқаруға арналған пікірсайыстың модераторы болды. Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаметі директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин орталық банктің басқаруындағы активтерді инвестициялық басқару үшін оларды бәсекелі ортаға берудің қазақстандық тәжірибесі туралы және басқару тиімділігін бағалаудың ерекшеліктері жайында әңгімеледі. Спикер халықаралық тәжірибеге сәйкес және Merrill Lynch облигацияларының индекстер әдіснамасы бойынша ҚРҰБ пен Қазақстанның қор биржасы өзара бірлесіп, ҚДКБҚ-ның бәсекелі ортаға берілген активтері үшін эталон ретінде МБҚ индексін әзірлеп шығарғандығын жеткізді.    

 

«Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, депозиттерді сақтандыру қорлары активтерді кәсіпқой басқарушылардың қызметіне жүгініп жатады. Мұндай тәжірибе қордың басты мақсаты – резервтің сақталуын қамтамасыз етуді сақтай отырып, тиімділіктің жоғары көрсеткішін паш етуде. Мұның тағы бір себебі – басқарушылар қорлардың инвестицялық саясатында айқындалған нұсқаулықты қатаң сақтайды», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаметінің директоры Айдын Дәулетбақ. Сонымен қатар спикер халықаралық сарапшыларды Қазақстанда қор нарығының дамуы туралы хабардар етті.

 

Нұрлан Байбосынов (Қырғызстан) Депозиттерді қорғау бойынша агенттіктің портфельді ислам қаржы құралы – сукук есебінен кеңейтуге қатысты тәсілі туралы және жалпы Қырғызстанда ислам банкингін дамыту келешегі жайында баяндама жасады. Наталья Фёдорова (Ресей) өтімділіктің теңгерімін және портфельдің табыстылығын қамтамасыз етуде Салымдарды сақтандыру агенттігінің тәжірибесі мен тәсілдері туралы ақпаратпен бөлісті. ҚДКБҚ резерві активтерінің бір бөлігін сыртқы басқарушылардың бірі – Jusan Invest басқарма төрағасы Тимур Салимов өз ұйымындағы индекстік басқару тәжірибесі туралы сөз сөйледі.  

 

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі халықтың банк жүйесіне деген сенімін қоллдауда маңызды рөл атқара отырып, заманауи қаржы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатындығымен және қауіпсіз қаржы ортасын қалыптастыра алатындығымен спикерлер толықтай келісті. ҚДКБҚ 25 жылдығы қарсаңында спикерлер Қазақстанда жинақ ақшаларды қорғау механизмі мен тәжірибесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгендігін, институционалдық ортаның дамып келе жатқандығын, сондай-ақ ұлттық валюта – теңгеге деген сенімнің артқандығын бір ауыздан атап өтті.      

 

Сонымен бірге Шара барысында ЕЭО елдерінің депозиттерді сақтандыру қорларының және жұмыс топтарының басшылары деңгейінде, оның ішінде қызметті цифрландыру мәселесі бойынша мәртебелі кездесулер өткізілді.


2024 жылғы 29 қазан