«Астана Банкі» АҚ салымшылары алдындағы 82% міндеттемелер төленді
Сенбі күні, 26 қаңтарда, Еуразиялық банк «Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтемдерді төлеуді бастады. Өтем жинақталған сыйақыны ескере отырып, «Астана Банкі» АҚ-да ашылған жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдары, ағымдағы шоттары және төлем карточкалары бойынша – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражатынан төленеді.
26–27 қаңтарда Еуразиялық банк бөлімшелері жеке тұлғалар үшін бүкіл Қазақстан бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеді: сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін – сенбі күні, сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін – жексенбі күні. Дүйсенбіден бастап, 28 қаңтарда Еуразиялық банк бөлімшелері жұмысын әдеттегі режимде жалғастырды.
Еуразиялық банктің филиалдық желісіне қосымша жеті қалада: Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Павлодар және Атырау қалаларында арнайы құрылған төлем орталықтары жұмысын жалғастыруда. 4 ақпаннан бастап арнайы төлем орталықтары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін, сенбі күні 09:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді. 2019 жылғы 18 ақпаннан бастап төлем орталықтары «Астана Банкі» АҚ клиенттері ағынының және бөлімшелерге жүктеменің төмендеуіне байланысты жұмысын тоқтатады.
Төлемдер басталған сәтте «Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтем төлеу бойынша ҚДКБҚ міндеттемелерінің жалпы сомасы 37,5 миллиард теңгені құрады.
30 қаңтардағы жағдай бойынша Еуразиялық банк-агент арқылы 30,7 миллиард теңге төленді – бұл міндеттемелердің жалпы сомасының 82%-ы.
Банк-агентке «Астана Банкі» АҚ-ның 30 мыңнан астам салымшылары жүгінді, оның ішінде 18,5 мың адам – Алматы, Астана және Шымкентте, 12,2 мың адам – өңірлерде:
Қазақстан Республикасының әрбір облысында қазірдің өзінде өтелген салымшылар алдындағы міндеттемелердің үлесі 75%-дан асады.
Банк-агентке депозиттер бойынша өтем алу үшін жүгінген «Астана Банкі» АҚ-ның 30 мың салымшысының ішінде 99,7%-ы банк-агентке бір рет барған бетте өтемақы алды. Сенімхат негізінде және мұрагерлік құқығы бойынша төлем алуға жүгінген 100-ден астам клиент 5 жұмыс күні ішінде төлем алды.
Банк-агентте «Астана Банкі» АҚ-ның бір салымшысына қызмет көрсетудің орташа уақыты 5 минуттан 15 минутқа дейін болды.
Өтем алу үшін жүгінген «Астана Банкі» АҚ салымшыларының 37%-да 50 мың теңгеге дейін, тағы 31%-да – бір миллион теңгеге дейін депозиттер болған. Салымшылардың 14%-да 1-ден 3 миллион теңгеге дейін, тағы 0,5%-да – 5 миллион теңгеге дейін, 17,5%-да – 5 миллион теңгеден астам депозиттері болған. Банк-агенттегі төлемнің ең жоғары сомасы 15 миллион теңгені құрады.
«Астана Банкі» АҚ-ның 267 420 салымшысының депозиттеріне толық көлемде кепілдік беріледі. Бұл салымшылар агент-банкте жинақталған (капиталдандырылған) сыйақыны ескере отырып, депозиттің толық сомасына өтем алуға құқылы.
«Астана Банкі» АҚ-ның 275 мың салымшысының ішінде, 7 235 салымшысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкке (депозиттерге) қойылатын талаптар мен банк алдындағы міндеттемелерге (заемдарға) өзара есеп айырысу жүргізілді.
«Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтемақы төлеу 2019 жылдың 26 шілдесіне дейін Еуразиялық банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсететін барлық бөлімшелерінде жалғасады. «Астана Банкі» АҚ салымшылары осы кезең бойында кез келген жұмыс күні өтініш бере алады.
1 038 банк салымшыларында ең жоғары кепілдік берілген сомадан артық депозиттері бар. Бұл салымшылар банк-агенттен кепілдіктің ең жоғары сомасын ала алады, және банк-агенттен төленбеген қалдықты тарату комиссиясынан ала алады.
Тарату комиссиясы 4-кезектегі кредиторлар талаптарының тізімін қалыптастыру үшін кепілдіктің ең жоғары сомасынан асатын депозиттер бойынша, және есептелген (капиталдандырылмаған) сыйақы бойынша талаптары бар салымшылардың өтініштерін 2019 жылғы 18 наурызға дейін қабылдайды.
Тарату комиссиясы банктің барлық кредиторларының, оның ішінде кепілдік берілген сомадан жоғары ірі депозиттері бар 1 038 салымшының әрқайсысының талаптарын қанағаттандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Банктің активтері мен мүлкін сату және алдыңғы кезектерді қанағаттандыру фактісі бойынша тарату комиссиясы ақшаны 18 наурызға дейін талап берген бір кезектегі кредиторлар арасында тепе-тең бөлетін болады. Ақша салымшылар көрсеткен деректемелер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдермен аударылады. Есептелген, бірақ капиталдандырылмаған сыйақыны төлеу бойынша талаптары бар салымшылардың талаптары да осы тәртіппен қанағаттандырылады.
«Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтем төлеудің алғашқы күндері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының колл-орталығына 1460 қысқа нөмірі бойынша 293 қоңырау, «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясына – 1 275 қоңырау, Еуразиялық банктің колл-орталығына – 6 936 қоңырау шалынды. 388 салымшы «Астана Банкі» АҚ тарату комиссиясына жеке кеңес алу үшін өтініш білдірді.
ҚДКБҚ және банк-агент «Астана Банкі» АҚ салымшыларының 49 шағымын тіркеді – бұл банк-агент арқылы өтемді төлеу басталған сәттен бастап өтем алу үшін өтініш жасаған салымшылардың жалпы санының 0,2%-нан артық емес. 4 шағым Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңірлік филиалдарында қабылданды, 17 шағым ҚДКБҚ колл-орталығында тіркелген, 20 шағым – Еуразиялық банктің колл-орталығында, 8 шағым –Телеграмм мессенджерінде @kdif_ask чатында тіркелген.
Шағымдар, негізінен, шоттардағы қалдық сомасы, шетел азаматтары мен олардың өкілдеріне өтем төлеу, ЖСН алу қажеттілігі, шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем сомасын есептеу кезінде айырбастау бағамын қолдану, 1–9 қаңтар аралығында сыйақы есептеу, банк-агентте нотариустар берген сенімхаттарды қарау сияқты мәселелер бойынша келіп түсті. ҚДКБҚ, Еуразиялық банк және тарату комиссиясы жұмыс тәртібінде туындаған мәселелер мен даулы жағдайларды шешті.
Банк-агент бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша шағымдар түскен жоқ. ҚДКБҚ-да және банк-агентте банк-агенттің бөлімшелерінде адамдардың көп ағыны күтілді. Банк-агент қосымша персоналды жұмысқа тартты, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін барлық бөлімшелердің жұмыс кестесін күшейтті. «Астана банкі» АҚ салымшыларына өтем төлеудің жаңа орталықтары да құрылды – Қазақстанның жеті ірі қаласында банк-агенттің бөлімшелерінен жеке тоғыз төлем орталықтары құрылды.
Дүрлігуді төмендету және кезектерді бақылау үшін, sms-тарату және «Астана Банкі» АҚ салымшыларын банк-агенттің бөлімшелеріне телефон арқылы белгіленген уақытта алдын ала шақыру жүргізілді. Барлық бөлімдердегі кезек туралы ақпаратты онлайн-қарау сервисі құрылды. «Астана Банкі» АҚ салымшылары сондай-ақ банк-агенттің веб-сайтында тиесілі төлем сомасын көре алды. Бұл қызметтер төлем кезеңі аяқталғанға дейін қолжетімді болады.
Барлық қалалардағы Еуразиялық банк бөлімшелерін полиция нарядтарымен патрульдеу қамтамасыз етілді; жедел медициналық көмек бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметі бойынша, 26-27 қаңтар аралығында «Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтем төлеу барысында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Алматы қаласындағы банк-агент бөлімшесіне тек бір ғана жедел жәрдем шақыру келіп түсті – келушілердің бірі сырқаттанып қалған. «Астана Банкі» АҚ клиентіне медициналық көмек дер кезінде көрсетілді; бөлімше қызметкерлері жедел жәрдем кеткен соң келушіге қажетті қолдау көрсетті.
Анықтама
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) – бұл 1999 жылы екінші деңгейдегі банктер салымшыларының құқықтарын қорғау үшін құрылған, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұйымы. ҚДКБҚ банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің ақшасын қайтару бойынша депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің міндеттемелеріне кепілдік береді. Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 26 банк қатысады.
ҚДКБҚ жинақталған сыйақыны ескере отырып, салым қалдығы, банктік шоттағы немесе төлем карточкасындағы ақша сомасы шегінде, бірақ ең жоғары сомадан аспайтын арнайы резервтің ақшалай қаражатынан өтем төлейді: 10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша, 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша, 15 миллион теңге – таратылатын банкте бір мезгілде теңгемен және шетел валютасымен орналастырылған бір салымшының депозиттері бойынша (5 миллион теңге баламасынан аспайтын – шетел валютасындағы депозиттер бойынша).
Еуразиялық банк – бұл 24 жылдық даму тарихы бар Қазақстанның әлеуметтік маңызды коммерциялық банкі. Қаржы институты бөлшек банкинг нарығында көшбасшы орынға ие, корпоративтік клиенттер мен ШОБ клиенттеріне қызметтердің кең спектрін ұсынады. Банк автокредит беруді, POS-кредит беруді, төлем карталарын жіберуді, мобильді банкинг және жалақы жобаларын белсенді дамытады.
Еуразиялық банк активтер мен меншікті капитал мөлшері бойынша қазақстандық ЕДБ-дің топ-10 құрамына кіреді, бөлшек кредит беру нарығындағы ең ірі ойыншы: бөлшек кредит қоржынының мөлшері бойынша 2018 жылдың 1 желтоқсанында 4-ші орында. 2018 жылдың қараша айында Standard&Poor’s Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Еуразиялық Банктің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді рейтингін «В/В» деңгейінде растады. Банктің филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 126 филиал мен бөлімшері бар.