Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

2024 жылдың қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеу тәртібі өзгереді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ, Қор) басты міндеті қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осы міндет аясында ҚДКБҚ мөлшерлемелердің шегін белгілеу арқылы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу шарасын жүзеге асырады. Соған сәйкес ҚДКБҚ мөлшерлемелерді 2008 жылдан бері реттеп келеді. Енді отандық банк секторының нығаюына және банктерде тәуекелдерді басқару жүйесінің дамуына байланысты ҚДКБҚ 2024 жылдан бастап, халық депозиттері бойынша   мөлшерлемелерді директивті реттеу механизмінен едәуір нарықтық реттеу механизміне өтеді.


Мөлшерлемелерді реттеу не үшін қажет және бұл банк секторының тұрақтылығына қалай әсер етеді? Депозиттер банктер үшін басты қорландыру (ақшалай қор жинау) көзі болып табылады. Сол үшін банктер халыққа анағұрлым тартымды мөлшерлемелер ұсына отырып, бір-бірімен бәсекеге түседі. Осы ретте ақшалай қаражатқа мұқтаж және балама қорландыру көздеріне қолы жетпейтін кейбір банктер осы әдісті теріс пайдаланулары әбден мүмкін, яғни өздерінің өтімділігін қолдау үшін клиенттердің қаражаттарын шұғыл түрде және барынша тарту мақсатында депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектен тыс асырып жібереді. Нәтижесінде қаржылық сауаттылығы осал салымшылар ақшаларын жоғары табыс алу ниетімен осындай банктерге әкелуі мүмкін. Бұл жеке тұлғалардың тұрақты банктердегі жинақ ақшаларының тұрақтылығы төмен банктерге ағылуына әкеп соғады.


Банктер арасында жағымсыз бәсекелестікті шектеу және банк секторында жүйелік тәуекелдердің пайда болуын ескерту үшін ҚДКБҚ депозиттердің түрі мен валютасына қарай сараланымдық негізде депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді ай сайынғы негізде белгілеп, жариялап келеді. Шекті мөлшерлемелер ұсыныстық сипатқа ие. Бірақ банктер қосымша тәуекелдерге баруларына байланысты олардан асып түскен жағдайда ҚДКБҚ-ның болашақта кепілді өтем төлеуге арналған арнайы резервіне көтеріңкі жарна төлейді. Мұндай механизм банктердің өктемдік сипатқа ие депозиттік саясатын шектеп қана қойған жоқ, сонымен қатар ол мерзімді депозит нарығының және депозиттер бойынша табыстылық ауытқымасының қалыптасуына түрткі болды және банктерді тәуекелдерді басқару жүйелерін (пайыздық және өтімділік тәуекелін) жетілдіруге ынталандыра түсті.

Алайда қолданымдағы мөлшерлемелерді реттеудің күрделі механизмі депозит нарығында бірқатар мәселелердің туындауына себеп болды. Олар айталық, толыққанды бәсекелі нарықтың жоқтығы (депозиттер көлемінің жекелеген банктерде шоғырлануы, жекелеген банктердің депозит нарығының белгілі бір сегментінде шоғырлануы) және депозиттер құнын реттеу құралдарының икемсіздігі. Бұл қолданыстағы механизмнің ішкі және сыртқы сын-қатерлерге жауап бермеуіне әкеп соқты және көп жағдайда халық депозиттері бойынша мөлшерлемелерді белгілеу барысында директивтік сипатта араласуды талап етті.      


Мөлшерлемелерді нұсқаулық, яғни директивті басқару нарықтық шара емес. Ол банктер арасында нарықтық бәсекелестікті шектейді және келешекте олардың қызметіне нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі уақытта қадағалау талаптарының күшеюін және банктерде тәуекелдерді басқару мәдениетінің артып жатқандығын ескерсек, депозиттік нарықтың дамудың келесі кезеңіне өтуіне жағдай жасалды деуге болады. Нәтижесінде ҚДКБҚ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және банк секторымен бірлесе отырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, депозиттер нарығында анағұрлым икемді және иілімді реттеу механизмдерін енгізу туралы шешім қабылдады.     


Әзірленген бұл реформаның көздеуінше шекті мөлшерлемелер енді тек өтімділік тәуекелдеріне шалдыққыш және сәйкесінше өктем сипаттағы депозиттік саясат жүргізуге бейім банктер санатына ғана белгіленетін болады. Шекті мөлшерлемелерді белгілеуге қатысты бұл тәсілді Депозиттерді Сақтандыру бойынша Федералды Корпорация (FDIC, США) табысты түрде қолданып келеді. Қор әдеттегідей өзінің ресми сайтында шекті мөлшерлемелер мөлшерін тұрақты түрде жариялайтын болады. Бірақ олар енді тиісті банктерге ғана арналады.

Бұл ретте жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді белгілеу бағдары нарықта қалыптасады. Банктер бұрынғыдай өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді өз беттерімен белгейді. Бірақ олар жүйелік тәуекел үшін банктің мөлшерлемесі мен орташа өлшемді нарықтық мөлшерлеме арасындағы спредтке қарай жарна төлейді: банктің мөлшерлемесі нарықта қалыптасқан мөлшерлемеден ауытқығын сайын оның ҚДКБҚ-ның болашақ төлемдеріне арналған арнайы резервіне төлейтін жарнасының мөлшері де артатын болады. Сонымен қатар егер банктің мөлшерлемесі орташа нарықтық мөлшерлемеден төмен болса, жаңа механизм бойынша резервке төленетін күнтізбелік жарналардан дисконт көзделген. Соның нәтижесінде ҚДКБҚ үшін жүйелік тәуекел үшін төленетін жарналардың жалпы мөлшері барлық қатысушы банктер бойынша нөлге тең болады, яғни депозиттерді нарыққа қарағанда қымбатқа тартатын банктер депозиттерді нарықтық мөлшерлемеден төмен мөлшерлемемен тартатын банктердің орнына «төлейтін» болады. Осылайша нарық өзін-өзі реттейді және мөлшерлемелердің нарықта бұдан кейінгі қозғалысы әрбір жекелеген банктің шешіміне қарай қалыптасады. Ал жүйелік тәуекел үшін икемді және иілімді төлем белгілеу механизмі ҚДКБҚ мен Ұлттық Банктің директивтік араласуынсыз-ақ банктердің өктемдік сипатқа ие депозиттік саясаттарын шектеуге мүмкіндік береді.


Мөлшерлемелерді реттеудің жаңа механизмін енгізудің арқасында депозит нарығында барабар нарықтық баға белгіленімі дамиды және депозиттерді тартуда бағадан тыс талаптарды жақсарту арқылы қатысушы банктер арасында бәсекелестік артады – банктің қаржылық көрсеткіштері жақсарады, қызмет көрсету сапасы артады, филиалдық желі кеңейтіледі және мобильді қосымшылар дамиды деп күтіледі.    


Салымшылар өз кезегінде депозиттер бойынша ҚДКБҚ кепілдіктерінің бар екендігіне қарамастан, ақшаларын сеніп тапсыратын банкті таңдауға келгенде ойланып, ақылға қонымды шешім қабылдаулары тиіс. Яғни, жарнамада көрсетілген мөлшерлемелерді ғана емес, басқа да шынайы деректерді басшылыққа алулары керек. Айталық, банкті таңдауда салиқалы шешім қабылдау үшін салымшы жаңалықтардан банк туралы ескертпелерді, оның кредиттік рейтингінің қайта қаралғандығы туралы ақпараттарды ой елегінен өткізіп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банктің сайттарынан банк бойынша қаржылық деректерді тексере алады.   


Банк салымы шартына қол қоюға дейінгі басты қадам – депозиттің барлық талаптарын, оның ішінде шотты толықтыру және одан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігін, сыйақыны есептеу және қайта қарау талаптарын, сондай-ақ депозитті келесі мерзімге ұзарту барысында сыйақы мөлшерлемесін белгілеу тәртібін ескере отырып, толыққанды түсіну үшін оны мұқият оқып, зерделеп шығу болып табылады. Міне, осындай әрекеттер салымшыларды банк таңдауда ақылға қонымсыз шешім қабылдаудан сақтайды.