2022 жылдың қорытындылары: депозиттер ең сенімді инвестициялау құралы
Депозит нарығы 2022 жылы геосаяси шиеленістер мен жер-жерде инфляциялық үдерістердің үдеуі аясында дамып отырды. Шиеленістер жылдың алғашқы айларында шарықтау шегіне жетті. Соның салдарынан алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша банктерде депозит базасы 2,3%-ға түсіп кетті. Оның тоқсандық даму серпінінің бұлайша төмендеуі соңғы бірнеше жылда тұңғыш рет орын алды. Дегенмен кейінгі тоқсандарда қайта қалпына келіп, өсе бастады. Соның арқасында халық салымдарының жылдық өсімі 3.5 трлн теңгеге немесе 26,1%-ға артты. Сөйтіп бұған дейінгі жылдардағы даму серпінімен қатарласты. Осылайша 2022 жылдың соңына қарай жеке тұлғалардың ДКБЖ-ге қатысушы банктердегі депозиттерінің жиынтық көлемі 2022 жылдың соңына қарай 16,9 трлн теңгеге жетті.
Теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік көлемін арттыру, нарық жағдаятының өзгеруіне қарай депозит нарығында мөлшерлемелерді дер кезінде көтеру секілді мемлекеттік тұрғыда қабылданған шаралар депозит нарығының беріктігі мен тұрақтылығын сақтауға септігін тигізді. Халықтың теңгелік салымдарын қолдау бағдарламасының іске қосылуы өршіген инфляцияның ықпалын залалсыздандырып, салымдар құнының сақталуын қамтамасыз етті. Одан басқа, бұл шаралар кешенді түрде соңғы бірнеше жыл ішінде салымдардың долларлану деңгейін барынша төмендетуге (33,9%) мүмкіндік берді.
Қаржы нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында отандық реттеуші базалық мөлшерлемені 2022 жылы 6 рет көтеріп, жалпы алғанда 7,0 п.т.-қа арттырып, 16,75%-ға жеткізді. Базалық мөлшерлеме өскен соң, Қор ізінше шекті (максималды) сыйақы мөлшерлемелерін өсу жағына қарай қайта қарап отырды. Айталық, 2022 жылы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер ақша нарығындағы жалпы құбылыстарға сай, 19 рет қайта қаралды.
Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында депозиттер бүгінде халық үшін ең сенімді және ең тұрақты инфестициялау құралына айналған. Бұған 2022 жылдың 2-тоқсанынан бастап, халықтың ақша жинау белсенділігінің артуы, салымдардың барлық түрлері бойынша оң серпін, сондай-ақ жыл барысында жеке тұлғалардың шоттарының саны 21,7%-ға өсуі айқын дәлел бола алады. Әдеттегідей негізінен депозиттік және ағымдағы шоттардың саны артты.
2022 жылы тұрғындар үшін ең тартымды ақша жинау құралы ұлттық валютадағы салымдар болды (үлесі 64,8%). Бұған теңгелік депозиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерінің шетел валютасындағы депозиттерге қарағанда айтарлықтай жоғары болуы септігін тигізді. Айталық, теңгедегі жинақ депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме желтоқсанда 18,3%-ға жетті.
Мерзімділік құрылымына қарай айтар болсақ, депозиттік өнімдердің ішіндегі ең танымалы – мерзімсіз депозиттер. Өйткені оларды кез келген уақытта алуға және толықтыруға болады. Жеке тұлғалардың депозиттерінің жиынтық портфелінде мерзімсіз салымдардың үлесі 62%-дан асады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мерзімсіз депозиттер 33,2%-ға артып, 2023 жылдың 1 қаңтарына қарай 10,5 трлн теңгеге жетті.
2022 жылдың соңына қарай теңгелік жинақ салымдар портфелінің жиынтық көлемі 1,1 трлн теңгеден асты. Бұл түсінікті де. Өйткені олардың табыстылығы және сақталуына кепілдік берілетін максималды сома басқа депозит түрлеріне қарағанда әлдеқайда жоғары.
Қорытындылай келе, 2022 жылдың соңғы үш тоқсанында депозиттердің барлық түрлерінің тұрақты өсуі халықтың банктерге деген сенімінің нығайғандығын және депозиттердің ең сенімді ақша жинау құралы екенін мойындағанын тағы да растады деп айтуға болады.
Қордың қызметі туралы толыққанды ақпараттарды, баспасөз хабарламалары мен талдамалы мақалаларды ҚДКБҚ www.kdif.kz ресми сайтынан, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан оқып білуге болады.