20 млн теңге – жаңа кепілдік сомасы сұрақтар мен жауаптарда
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) салымшылардың өтем сомасын есептеу және алу тәртібіне қатысты жиі қоятын сұрақтарына жауап береді. Бұл ретте теңгедегі жинақ салымдар бойынша ұлғайтылған кепілдік сомасы ескеріледі.
№1 сұрақ: Депозиттердің қандай түрі бойынша кепілдік сомасы ұлғайтылды?
Жауап: Кепілдік сомасы тек теңгедегі жинақ салымдар бойынша өсті. Бұл депозиттердің ерекше түрі. Ол 2018 жылдың қазан айынан бастап қолданысқа енгізілген. Жинақ салым – сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары, қысқа және ұзақ мерзімдерге ашылатын, мерзімінен бұрын алуға болмайтын теңгелік салым. Егер салымшы оны белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап ететін болса, ақшасы толығымен қайтарылады, ал сыйақысы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерлемемен (0,1%-дан аспайды) төленеді. Бұл үшін банкке алдын ала өтініш беру қажет. Әрі қарай банк жинақ салымды салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті.
Атап өту керек, жинақ салымдар бойынша максималды жылдық табыстылық 14,9%-ға жетуі мүмкін. Қазір нарықта 3,6,12 және 12 айдан жоғары мерзімге ашылатын жинақ салымдар қолжетімді. Салымшы өзіне кез келген ыңғайлы мерзімді таңдауға құқылы.
№2 сұрақ: Жаңа кепілдік 2022 жылдың 11 қаңтарынан кейін (заңның күшіне енген күн) ашылған жинақ салымдарға ғана қолданыла ма?
Жауап: Қордың 20 млн теңге мөлшеріндегі кепілдігі қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде 2022 жылдың 11 қаңтарына дейін ашылған және одан кейін ашылатын барлық теңгелік жинақ салымдарға қолданылады.
№3 сұрақ: Депозиттердің басқа түрлері бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомалары өзгерді ме?
Жауап: Кепілдік берілген өтемнің максималды сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты. Депозиттердің басқа түрлері бойынша кепілдік берілген өтемнің шекті сомалары өзгерген жоқ:
• жинақ салымнан басқа, ұлттық валютада ашылған барлық депозиттер, олардың ішінде төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 миллион теңге;
• шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрлері бойынша – 5 миллион теңге.
№4 сұрақ: Жаңа өзгерістерге сәйкес жиынтық кепілдік берілген өтемнің максималды мөлшері де 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Салымшы қандай жағдайда 20 млн теңге көлемінде өтем ала алады?
Жауап: Жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы салымшының бір банкте ашқан әртүрлі бірнеше депозиттері бойынша төленеді және оны есептеу барысында әрбір депозит түрі бойынша бекітілген шекті кепілдік сомасы ескеріледі.
1 мысал: Егер бір банкте салымшының теңгемен ашылған екі жинақ салымының жалпы сомасы 22 млн теңге болса.
Жауап: Бұл жағдайда кепілдік берілген өтемнің жиынтық мөлшері 20 млн теңгені құрайды.
2 мысал: Егер бір банкте салымшының үш түрлі депозиті: ұлттық валютада 5 млн теңге сомасында жинақ салымы мен 10 млн теңге сомасында мерзімсіз салымы, сондай-ақ 5 млн теңге баламасында шетел валютасындағы депозиті болса.
Жауап: Бұл жағдайда жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы 20 млн теңгені құрайды.
3 мысал: Егер банкте салымшының 15 млн теңге көлемінде қарапайым мерзімсіз (жинақ емес) салымы бар болса және ол осы банкте ең төмен сомаға – мысалы, 1000 теңгеге жинақ салым ашқан жағдайда жиынтық кепілдік сома 20 млн теңгеге дейін өседі ме?
Жауап: Жоқ, бұл жағдайда қолға берілетін сома 10 001 000 теңгені құрайды. Бұл жерде қарапайым салым бойынша 5 млн теңгеге кепілдік берілмейді. Өйткені ол жинақ салымнан басқа, ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша бекітілген лимиттен, яғни 10 млн теңгеден асып тұр.
4 мысал: Бір банкте салымшының үш депозиті бар: біреуі (теңгедегі мерзімсіз) қарапайым әмбебап салым. Ол жиі толықтырылады және қажет жағдайда алынып отырады. Бұл шотта орта есеппен 500 мың теңге бар. Екінші – теңгелік жинақ салым. Онда 14 млн теңге жинақталған. Үшінші – 13 мың доллар жинақталған шетел валютасындағы депозит. Егер сақтандыру уақиғасы туындайтын болса, жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы қалай есептеледі?
Жауап: Кепілдік берілген өтемнің жиынтық сомасы әрбір депозит түрі бойынша бөлек бекітілген кепілдік берілген максималды соманы ескере отырып, есептеледі:
• ұлттық валютадағы жинақ салымдар (депозиттер) бойынша – 20 миллион теңге;
• жинақ салымдардан басқа, ұлттық валютадағы өзге депозит түрлері бойынша – 10 миллион теңге;
• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге.
Кепілдік берілген депозиттер бойынша өтем төлеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүзеге асырылады. Шетел валютасында ашылған салымдар бойынша кепілдік берілген өтем, банк лицензиясынан айырылған күнгі нарықтық валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төленеді.
Аталған жағдайға келетін болсақ, салымшы жиынтық кепілдік берілген өтемді 19 500 000 теңге көлемінде алады: 14 млн теңге – теңгелік жинақ салымы бойынша, 500 мың теңге – теңгелік мерзімсіз салым бойынша, сондай-ақ шетел валютасындағы депозит бойынша 5 млн теңге (өйткені 13 мың АҚШ доллары валюта бағамы бойынша 5 млн теңгеден жоғары).
5 мысал: Егер банкте салымшының жинақ салымынан басқа тағы екі түрлі депозиті: 16 млн теңге сомасында мерзімсіз салымы және 6 млн теңге баламасында шетел валютасындағы депозиті бар болса.
Жауап: Бұл жағдайда жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы 15 млн теңгені құрайды: теңгедегі мерзімсіз салым бойынша 10 млн теңге және шетел валютасындағы депозиті бойынша – 5 млн теңге. Өйткені кепілдік берілген өтемнің жиынтық сомасы әрбір депозит түрі бойынша бекітілген шекті кепілдік сомаларын ескере отырып, есептеледі.
№5 сұрақ: Салымшының 20 млн теңге сомасында жинақ салымы болған. Банк лицензиясынан айырылған күнге қарай пайыздық сыйақылары жинақталды. Салымшы тек 20 млн теңгені ғана алады ма әлде пайыздарын да қосып алады ма?
Жауап: 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап депозиттер бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыларға Қор кепілдігі қолданылады. Сондықтан теңгелік жинақ салымды дәл 20 млн теңгеге ашпаған жөн. Өйткені ашылған мерзіміне қарай оған сыйақы есептеледі және сақтандыру уақиғасы туындаған жағдайда, есептелген пайыздарды қосқанда салымның сомасы 20 млн теңгеден асып кетеді.
№6 сұрақ: Төлем алып қойған салымшылар бойынша кепілдік берілген өтем сомасы қайта қаралады ма? Мысалы: депозитордың бір банктегі салымдарының жалпы сомасы 20 млн теңге. Бұған дейін салымшы жиынтық кепілдік берілген өтемді 15 млн теңге мөлшерінде алған. Енді кепілдік көлемі ұлғайтылуына байланысты салымшының алған өтемін қайта есептетуге құқығы бар ма?
Жауап: Жинақ салымдар бойынша жаңа кепілдік сомасы, сондай-ақ жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы жаңа сақтандыру уақиғаларына, яғни 2022 жылдың 11 қаңтарынан кейін (заңдық күшіне енген күн) лицензиясынан айырылған банк салымшыларына қолданылады.
№7 сұрақ: Кепілдік берілген өтем төлеу бойынша қазіргі жағдай қандай?
Жауап: Қазіргі уақытта Қор барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған және тарату үдерісіндегі 9 банктің салымшыларына өтем төлеуді жалғастыруда. Олар: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ. Салымшылар барлық банктер бойынша өздеріне тиесілі кепілдік берілген өтемнің негізгі бөлігін алып үлгерді. Мысалы, өткен жылдың 26 маусымында лицензиясынан айырылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ бойынша Қор салымшыларға кепілдік берілген өтем сомасының 91%-ын төледі. Ең ірі кепілдік берілген өтем сомасына ие (37,5 млрд астам теңге) «Астана Банкі» АҚ бойынша салымшыларға осы соманың 99%-ы төленді. Төлемдер бойынша толыққанды ақпарат Қор сайтында қолжетімді: https://kdif.kz/kz/likvidiruemye-banki/table/.
№8 сұрақ: Тарату үдерісіндегі 9 банктің салымшылары бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомалары қандай?
Жауап: Аталған банктер бойынша сақтандыру уақиғасы туындаған күнге қарай заңда қолданыста болған кепілдік берілген өтемнің максималды мөлшерлері өзгеріссіз қалады:
· «Валют-Транзит Банк» АҚ – депозиттердің барлық түрлері бойынша – 5 млн теңге;
· «Қазинвестбанк» АҚ және «Delta Bank» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге және теңгедегі депозиттер бойынша – 10 млн теңге (жиынтық кепілдік сомасы 10 млн теңгені құрайды);
· «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге және теңгедегі депозиттер бойынша – 10 млн теңге (жиынтық кепілдік сомасы 15 млн теңгені құрайды). Атап өту керек, бұл банктер теңгелік жинақ салымдар ашпаған. Ол кезде теңгедегі жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы 15 млн теңгені құраған.
· «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге, жинақ салымнан басқа теңгедегі өзге депозиттер бойынша – 10 млн теңге және теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 млн теңге (жиынтық кепілдік сомасы 15 млн теңгені құрайды).
Салымшылар кепілдіктерге қатысты барлық сұрақтар бойынша ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы хабарласа алады.