г. Алматы, A05B0Y8, ул. Айтеке би , 67, 4 этаж

г. Астана, Z01А5АF2, ул. Малика Габдуллина, 18, офис №5

Тел: +7 (727) 312-24-49

г. Алматы, A05B0Y8, ул. Айтеке би , 67, 4 этаж

г. Астана, Z01А5АF2, ул. Малика Габдуллина, 18, офис №5

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесінің орнықтылығы

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесінің құрылғанына 20 жылдан асты. Осы жылдар ішінде ол өзінің өміршеңдігін, сенімді жүйе екендігін растады.


Бүгінде депозиттерге кепілдік беру жүйесі әлемнің 140 мемлекетінде қолданылады. Біздің елімізде екінші деңгейдегі банктердің салымшыларының тыныштығына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауап береді.

«ҚДКБҚ көздеген ниеті: Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және екінші деңгейдегі банктер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға белсене қатысып, тиімді әрекет жасау»


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Депозиттерді сақтандыру жүйелері халықаралық қауымдастығының (IADI) мүшесі. Бұл ұйым 2002 жылы құрылған. Алдына қойған мақсаты – бүкіл әлем бойынша депозиттерге кепілдік беру жүйелерінің тиімділігін арттыру. Ал бұл үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген әдіснамаларды әзірлеп, ілгерілету және халықаралық кәсіби қоғамдастық аясында ынтымақтастықты дамыту арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде қауымдастық барлығы 110 ұйымды біріктіреді. Олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия-Тынық мұхит және Латын Америкасы елдерінің депозиттерді сақтандыру ұйымдары, орталық банктері және халықаралық деңгейдегі қаржы ұйымдары бар.


ҚДКБҚ IADI қауымдастығының екі беделді марапатына ие болған. Бұл дегеніміз, сарапшылар – яғни, шетелдік депозиттерге кепілдік беру қорларының басшылары қазақстандықтардың депозиттері халықаралық стандарттар бойынша қорғалғандығын мойындайды деген сөз.


Кепілдік төлеуге арналған арнайы резерв

Төлемдерді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында жинақтау негізінде арнайы резерв құрылған. Ол депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктердің үш ай сайынғы жарналары есебінен толығып отырады. Одан басқа, қажет жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу үшін Қордың меншікті қаражаты да пайдаланылуы мүмкін. Қордың меншікті қаражаты сақталуы барынша жоғары, ал құнсыздану тәуекелі ең төмен қағида бойынша инвестицияланады.

«2019 жылдың соңына қарай ҚДКБҚ арнайы резервінде 495 млрд теңге, ал Қордың меншікті капиталын ескере отырып – 604 млрд теңге жинақталған. Бұл сома тұрғындарға тиесілі депозиттерінің шамамен 7 пайызын өтейді»

Халықаралық стандарттарға сәйкес депозиттерді қорғау жүйесінің резервтері бүкіл қаржы жүйесінің депозиттік базасын өтеуге емес, күтілетін залалдардың деңгейіне сәйкес болуы керектігін ұмытпаған жөн.

Кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған резервтің сақталуын қамтамасыз ету үшін ҚДКБҚ ақшалай қаражатты тәуекелі төмен, өтімділігі жоғары қаржы құралдарына инвестициялайды. ҚДКБҚ активтерінің сенімгерлік басқарушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі. Қатысушы-банктердің жарналары Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына (≈23%), ҚР Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттарына (≈26,7%), Еуропа қайта құру және даму банкінің рейтингі «AAA» (трипл эй) болатын еурооблигацияларына (≈15%), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің рейтингі «BB+» (дабл би+) болатын корпоративтік облигацияларына (≈1,3%) және АҚШ Үкіметінің қазынашылық облигацияларына (≈29%) инвестицияланады. Инвестициялық портфельдің қалған бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі теңгелік депозиттерге орналастырылған.

Осылайша, ҚДКБҚ арнайы резервінің қаражатын инвестициялау саясаты резервтің сақталуын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Егер қандай да бір банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылатын болса, ҚДКБҚ бұл ақшаларды сол банктің салымшыларына депозиттері бойынша кепілдік сома төлеуге жұмсайды.


Қаражаттың жеткіліктілігі

Бүгінде ҚДКБҚ резерві жеке тұлғалардың барлық депозиттері бойынша кепілдік берілген өтем төлеуге жеткілікті. Мысалы, шоттардың 99,8 пайызына толық көлемде кепілдік берілген. Бұл көрсеткіш Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесін Канада, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Корея және Жапония секілді елдердің жүйелерімен бір деңгейге көтереді.

«Еске саламыз, ҚДКБҚ депозиттерді кепілдік берілген шекті сома көлемінде өтейді: ұлттық валютадағы жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңге, теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңге және шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге»

Халықаралық зерттеулерге сүйенер болсақ, көп елдерде депозиттер бойынша кепілдік берілген сома халықтың жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) екі еселенген мөлшерінен аспайды. Қазақстанда теңгедегі жинақ депозиттер бойынша кепілдік берілген сома жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы мөлшерінен - 4,7 есе, ұлттық валютадағы салымдардың басқа түрлері бойынша – 3 есе, шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1,5 есе жоғары. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылғы деректер бойынша бұл көрсеткіш Кореяда – 1,6, Канадада – 1,7, Ресей Федерациясында – 2,3, Жапонияда – 2,4, Еуропалық одақта – 3, АҚШ-та – 4,2.

Қажет болған жағдайда ҚДКБҚ төлемдерді жүзеге асыру үшін қарыз алу мақсатында Ұлттық Банкке өтініш бере алады. Жекелеген жағдайларда мемлекет тарапынан қаржылық көмек көрсету рәсімі қаралуы мүмкін – мысалы, төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелері ойдағыдай жұмыс істеп тұрған әрі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банкке толығымен өткізіледі. Яғни, сатып алушы банк лицензиясынан айырылған банктің барлық активтері мен міндеттемелерін өз мойнына алады. Мұндай жағдайда Қордың арнайы резерві шығындалмайды.