Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Жинақ ақшаны неге тек бір банкте және бір депозитте сақтауға болмайтындығы ескертіледі?

Адамдардың көпшілігі ақшаны жинауға, сақтауға және инвестициялауға тырысады. Яғни жинақ ақшаны молайтуға ұмтылу – қазіргі заман үшін қалыпты норма. Көп адам бұл үшін банк салымдарын таңдайды. Өйткені олар ақшаны сақтап қана қоймайды, сонымен қатар оны арттыруға мүмкіндік береді.

Барлығы банктегі ақшаларының сақталатындығына сенімді болғылары келеді. Сондықтан біз қауіп-қатерлерді алдын ала барынша азайтуға қатысты материал әзірледік. Бұл мақала банкте депозиті бар салымшыларға да, депозит ашуға ниеттеніп жүргендер үшін де пайдалы болмақ.

Халықтың банктердегі шоттарында, депозиттерінде және төлем карточкаларында орналасқан жинақ ақшаларының сақталуына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауапты. Отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа банктердің барлығы қатысады (олардың ішінде шетелдік банктердің қазақстандық филиалдары да бар). Банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ салымшыларға жинақ ақшаларын қайтарады. Бұл ретте лимиттелген сомалардың сақталуына кепілдік беріледі:

· 20 млн теңге – теңгедегі жинақ депозиттер (салымдар) бойынша;
· 10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;
· 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша.

Өтем төлеу барысында депозиттер бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақылар да есепке алынады.

Білу қажет: бірнеше банкте әртүрлі шоттарда сақталған ақшаларға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі. Сондықтан жинақ ақшаларды қауіпсіздендіру үшін ҚДКБҚ оларды әртүрлі банктерде сақтауға кеңес береді.

Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті ашылған болса, сонымен қатар ағымдағы шоттарында, төлем карточкаларында ақшалары жатса, сондай-ақ шетел валютасында да салымы болса, онда өтем төлеу барысында бұл сомалар жинақталып, олар бойынша жиынтық кепілді өтем төленеді. Бірақ ол сома әрбір салым түрі бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, 20 млн теңгеден асырылмайды.

Мысал келтірелік:

Депозитордың жинақ салымында 5 млн теңгесі бар. Одан басқа екі ағымдағы шоттарында 10 және 7 млн теңге жинақталған. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде төленуге жататын кепілдік өтем сомасы 15 млн теңгені құрайды (жинақ салымы бойынша 5 млн теңге және екі ағымдағы шот бойынша 10 млн теңге). Яғни депозитор кепілдік сомасынан асатын 7 млн теңгесін ала алмайды. Егер ол салымдардың бірін басқа банкте сақтағанда ақшаларына толығымен қол жеткізер еді.

Басқа жағдайды қарап көрелік:

Салымшының шетел валютасындағы депозитінде 17 мың доллары бар. Банк лицензиясынан айырылған күні айырбас бағмы 445 теңге болған. Яғни теңгелік баламада 7 565 000 теңгені құрайды. Өтемді есептеу барысында әрбір салым бойынша кепілдік берілген шекті сома ескеріледі. Валюталық салым бойынша бұл сома – 5 млн теңге. Демек салымшыға 5 млн теңге мөлшерінде кепілді өтем төленеді деген сөз. Ал қалған 2,5 млн теңге заңда белгіленген максималды кепілді өтем сомасынан асып кетеді және өтелуге жатпайды.

Еске саламыз, салымшы кепілдік берілген мөлшерден асқан соманы талап ету үшін банктің тарату комиссиясына жүгінуге құқылы. Бұл үдеріс туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондықтан бұл жерде мына қағиданы ұмытпаған жөн: егер жинақ ақша максималды кепілдік сомасынан асатын болса, артық ақшаны ҚДКБҚ беретін кепілдік сомасы шегінде әртүрлі банктердегі салымдарда сақтаған жөн.

Айтпақшы, салымшылар өздерінің депозиттері бойынша төленетін кепілді өтем сомасын алдын ала есептей алады. Мұны Қор сайтында арнайы калькулятордың көмегімен жасаған оңай. Ол «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінде орналасқан. Жинақ ақша бойынша кепілді өтемді мына сілтеме арқылы өтіп, есептеуге болады.

Бұдан басқа сізге мына ақпараттық хабарламаларды оқу қызықты болмақ:
• ҚДКБҚ қазақстандықтардың банктердегі жинақтарын сақтауды қалай қамтамасыз етеді?
• Банкті лицензиясынан айыру: егер депозитор кепілді өтемді алуға белгіленген мерзімде жүгінбесе не істеуге болады?
• Егер депозит бойынша төлем мерзімі өткізіп алынған болса, өтемді таратылатын банктен қалай алуға болады.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы қосымша ақпаратпен Қордың www.kdif.kz сайтынан танысып шыға аласыз. Сонымен қатар 1460 тегін қысқа нөміріне хабарласу немесе info@kdif.kz не болмаса @kdif_ask telegram-чатына сауал жолдау арқылы қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бар.