Таратылатын банктердегі депозиттер бойынша өтемді онлайн алу танымал бола түсуде
Лицензиясынан айырылған банктердегі депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемді алу - салымшылар үшін барынша қолжетімді бола түсті. Өтем төлеуді автоматтандыру мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) Ұлттық Банкпен бірлесіп, 2021 жылдың күзінде Төлемдердің электрондық порталын (Портал) сынамалы режімде іске қосқан болатын. Соның арқасында таратылып жатқан банктердің («Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki», «Эксимбанк Қазақcтан» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ) салымшылары өтем алуға өтінішті үйден шықпай-ақ, Портал арқылы (https://clients.kdif.kz) тәулік бойғы режімде онлайн беруге қол жеткізді. Әрине, бұл үшін салымшыда электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзекті кілті болуы керек. Әрі қарай ол бейне-тексеру (биометриялық сәйкестендіру) немесе SMS-код арқылы анықтап тану рәсімінен өтеді. Бұл ретте SMS-кодты алу үшін салымшылар ұялы телефондарын мобильді азаматтар базасында тіркеуі керек. Кепілдік берілген өтем қолма-қол ақшасыз жолмен салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Қазіргі уақытта салымшыларға өтем төлеу шарасы ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Өтінішті онлайн беру әдісі іске қосылғалы, яғни 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, 2022 жылдың 1 сәуіріне қарай салымшылар Портал арқылы 7 млн теңге шамасында өтем алды. Ал осы кезеңде агент банктер Портал бойынша салымшыларға 77 млн теңгеге жуық өтем төледі.
Еске саламыз, Портал – лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларының тізілімдерін біріктіретін және төлем процесін толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйе. Яғни салымшының бір емес, бірнеше банкте депозиттері болған жағдайда, солар бойынша төленуі тиіс өтем сомаларын осы портал арқылы алдын ала тексеріп, оларды бір ғана өтінішпен ала алады. Сондай-ақ жеке кабинет арқылы өтінішінің орындалу барысын онлайн режімінде қадағалауға мүмкіндігі бар. Портал арқылы өтем алуға тек шоттардың, карточкалар мен депозиттердің өз иелері ғана өтініш бере алады.
Айта кетелік, салымшылар және олардың заңды өкілдері, мұрагерлері және басқа да құқық иеленушілері үшін тікелей агент банкке барып, өтінішті жазбаша түрде беру арқылы өтем алу тәртібі сақталады. Мұнда олар өтемді қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе сол банкте жаңа депозитке салуға құқылы. Бұл ретте «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары мен олардың заңды өкілдері (сенім білдірілген тұлғалары, мұрагерлері және өзге де құқық иеленушілері) өтем алу үшін жазбаша өтінішпен тиісті агент банктердің бөлімшелеріне, ал «Қазинвестбанк» АҚ пен «Эксимбанк Қазақстан» АҚ салымшыларының заңды өкілдері тікелей Қорға жүгінеді.
«Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары мен олардың заңды өкілдері өтем алу үшін Қорға немесе банктің тарату комиссиясына мына мекенжай бойынша жүгінеді: Қарағанды қ., Бұхар жырау даңғ., 51/4.
Заңға сәйкес өтем төлеуге өтініш қабылдау мерзімі – өтем төлеу басталған күннен бастап 1 (бір) жылды құрайды. Бұл ретте лицензиясынан айырылған банктердің салымшылары үшін төлем мерзімі - соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 мамырына дейінгі, ал олардың ішінде «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары бойынша төлем мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықты қамтиды.
Егер салымшылар осы мерзім ішінде ақшаларын алып үлгермесе, төлем мерзімі аяқталған соң, Қор талап етілмеген өтем сомаларын күнтізбелік 30 күн ішінде салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын қабылдауға арналған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады. Егер мұндай шот жоқ болса, онда ол автоматты түрде ашылады.
Өтем төлеу мерзімі барысында қандай да бір дәлелді себептермен (әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұра қабылдауы және сот анықтаған өзге де мән-жайлар) өтем алып үлгермеген салымшы жазбаша өтініш пен растаушы құжаттарын ұсына отырып, ақшасын Қордан алуға құқылы. Бұл ретте ол өтінішін Қорға банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе өтем сомасы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде жеке зейнетақы шотына аударылған жағдайда зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы алу құқығы туындағанға дейін беруі керек.
Қазіргі уақытта Қор және агент банктер жоғарыда аталған банктердің салымшыларына жалпы кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамын төледі. Таратылу үдерісіндегі банктердің 147 мыңнан астам салымшысына төленген қаржы көлемі 113,1 млрд теңгеден асты. Бұл ретте өтем сомасының бір бөлігі әлі де талап етілмеген. Өйткені өтем алмаған салымшылардың көпшілігінің шоттарындағы қалдық ақша 1000 теңгеден аспайды. Дегенмен Қор салымшыларға 2022 жылдың 1 мамырына дейін өтем алуға өтініш беруге кеңес береді.