Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 3-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Халық депозиттері өсуін жалғастыруда – 2024 жылдың қорытындысы бойынша 24 трлн теңгеден асты

2024 жылы банк секторы өзінің орнықтылығын сақтады – отандық қаржы реттеушілерінің қаржы секторының орнықтылығын арттыру бойынша жүргізген шараларын Халықаралық валюта қоры және S&P Global Ratings жоғары бағалады. Осы ретте S&P Global Ratings еліміздің позициясын банк секторының елдік және өңірлік тәуекелдерін бағалайтын BICRA рейтингінде көтерді. Банк секторының активтері 2024 жылы 20%-ға ұлғайып, 62 трлн теңгеге дейін жетті. Бұл ретте банктердің ақшалай қорының айтарлықтай бөлігі халықтың салымдары есебінен жинақталған (банк секторы міндеттемелерінің 47%). 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттерінің көлемі 20,3%-ға өсіп, 24,5 трлн теңгеге жетті.


Депозиттердің өсіп жатқандығы халықтың банк секторына деген сенімінің сақталғандығын және қаржылық инклюзивтілікті арттырады. Бұдан 25 жыл бұрын, Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі енді құрылған шақта, халық негізінен ақшаны қолма-қол қаражат ретінде сақтауды сенімді деп табатын. Банк секторын және банктердегі басқару стандарттарын реттеудің күшеюіне қарай, банк секторының ашықтығы, қаржылық тұрақтылығы артты. Соның арқасында халықтың банктерге деген сенімі нығайды, және бүгінде әрбір адамда бір немесе бірнеше банк шотының болуы қалыпты жағдай. 2024 жылы жеке тұлғалардың шоттарының саны 13,3%-ға немесе 19,8 млн бірлікке артып, 169,2 млн шотты құрады.  


Банк салымдары, әсіресе теңгелік салымдар анаұрлым тартымды қаржы құралы болып қалуда – олардың табыстылығы валюталық және инфляциялық тәуекелдерден асып түседі. Теңгелік депозиттердің пайыздық табысы тұрақты. Ол инфляциядан әлдеқайда жоғары. Сондықтан қазақстандықтар арасында тұрақты сұранысқа ие. Айталық, 2024 жылы теңгелік депозиттердің көлемі, оның ішінде жоғары мөлшерлемелер бойынша есептелген сыйақылар есебінен 23,8%-ға өсті. Нәтижесінде 2024 жылы депозит нарығы 20,3%-ға өскен болса, сәйкесінше оның құрамында теңгелік депозиттердің үлесі 17,4%-ды, валюталық депозиттердің үлесі 2,9%-ды құрады.


2024 жылы банктер депозиттік өнімдер бойынша мөлшерлемелерді жаңадан реттеу шарасы аясында жұмыс істеді, ал бұл банктерге едәуір еркіндік берді. 2024 жылға дейін ҚДКБҚ барлық банктер үшін жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді директивті сипатта белгілеп келді. Реттеу механизмін кезең-кезеңмен ырықтандыру аясында, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, банктердің көпшілігі үшін шекті мөлшерлемелер жойылды. Соның арқасында олар едәуір еркіндікке және икемділікке қол жеткізді. Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті және депозит нарығында нарықтық механизмдерді іске қосты –   барлық банктер баға белгілеуге байыппен, саналы түрде қарай бастады және мөлшерлемелердің шегі жойылғанымен, барлығы нарықтық деңгейді ұстануға тырысты.    


Банктердің депозиттік саясаты үшін бағыт-бағдар беруші негізгі көрсеткіштер – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі мен нарықтық мөлшерлеме. 2024 жылы жылдық инфляцияның біртіндеп төмендеуіне қарай, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 15,75%-дан 14,25%-ға дейін 4 рет төмендетті (22 қаңтар, 26 ақпан, 3 маусым және 15 шілде). Сонымен бірге 2024 жылдың қарашасында Ұлттық Банк жаңа болжамдарды және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалауды есепке ала отырып, базалық мөлшерлемені бірден 1,0 п.т.-қа көтеріп, 15,25%-ға жеткізу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде депозит нарығының басым бөлігін алатын мерзімсіз салымдардың нарықтық мөлшерлемесі базалық мөлшерлеменің артынан ілесіп отырды. Осылайша 2024 жылдың соңына қарай 14,2%-ды құрады. Мерзімді және жинақ салымдар бойынша мөлшерлемелерді банктер жыл барысында жаңа клиенттерді тарту және депозиттік базаны ұлғайту құралы ретінде жоғары деңгейде сақтады. Банктер мерзімі 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайтын, толықтыру құқығы жоқ салымдар бойынша ең тартымды мөлшерлеме ұсынды – нарықтық мөлшерлеме 2024 жылдың желтоқсанында 17,3% деңгейінде қалыптасты. Тартымды мөлшерлемелерінің арқасында теңгедегі мерзімді және жинақ салымдар жоғары өсу қарқынын көрсетті – сәйкесінше 67,8% және 68,2%.  


Салымшылар тарапынан әртүрлі депозиттік өнімдерге деген сұраныстың артуы депозиторлар арасында қаржылық сауаттылық деңгейінің өскендігін көрсетеді. Банктердің клиенттері ақшаларын инвестициялау мақсатына қарай, оларды әртүрлі салымдарға үлестіруде: ағымдағы шоттар есеп айырысуларды жүзеге асыруға, мерзімсіз салымдар ақшаға тез қол жеткізуді қамтамасыз етеді және бір мезгілде жақсы табыс алуға мүмкіндік береді, ал жинақ және мерзімді салымдар қаржылық тәртіптілікті арттырып, жинақ ақшаны молайтуға септігін тигізеді. Нәтижесінде 2024 жылдың соңына қарай, жеке тұлғалардың депозиттерінің 14,7%-ы – ағымдағы және карточкалық шоттарды, 63,4%-ы – мерзімсіз салымдарды және 21,9%-ы – салымдардың қалған түрін құрады.


Банктер өз тарапынан депозиттік желісін кеңейтіп жатыр, ал бұл нарықтың дамуына жаңа серпін береді. Айталық, 2024 жылы жеке тұлғалардың депозит нарығында жаңа депозиттік өнім пайда болды – сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы депозиттер. Бұл депозиттердің ерекшелігі сол, табыстылық деңгейі тиянақты емес және салымның мерзімі барысында жоғары қарай немесе төмен қарай құбылуы мүмкін. Осы тәуекелге қарамастан, мөлшерлемесі құбылмалы депозиттерді таңдағандар да бар. Олардың үлесі 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 0,3%-ды құрады.


Жыл соңына қарай айырбас бағымы біршама құбылды. Соның нәтижесінде долларлану деңгейі артты. Сонымен бірге ұзақ мерзімді үрдістерге қарайтын болсақ, экономикамыздың шетел валютасына тәуелділігі азайып жатыр. Айырбас бағамы өзгергенімен ақша теңгелік депозиттерден валюталық депозиттерге ағыла қойған жоқ. Өйткені теңгелік депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі валюталық депозиттерге қарағанда айрықша жоғары. Жылдық тұрғыда долларлану деңгейі 2,1 п.т.-қа, 24,7%-ға дейін төмендеді. Долларлану деңгейі ірі және орта салымшылардың арасында әлі де жоғары. Сонымен бірге салымшылардың бұл санаты теңгелік депозиттерге артықшылық беруде. Айталық, 2024 жылы ірі сегменттің теңгелік депозиттерінің өсімі 41,5% -ды [1] құраса, валюталық депозиттердің өсімі 9,9%-ды көрсетті. Соның нәтижесінде 2024 жылы дәл осы ірі сегмент бойынша долларланудың 6,3 п.т.-қа – 47,3%-ға дейін айрықша төмендегені байқалды.       


Бұқаралық сегмент нарықтың негізі болып қала береді – ол толқуларға, тербелістерге ең төзімді қор және депозит нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жыл соңына қарай, жеке тұлғалардың барлық шоттарының 99,6% -ы дәл осы бұқаралық сегментке тиесілі болды. Мұнда депозиттердің орташа сомасы 204 мың теңгені құрайды [2]. Бұл бұқаралық сегменттің ақшалары негізінен тұтынушылық қажеттіліктерге және күтпеген шығындарға жұмсалады. Сәйкесінше бұқаралық сегменттегі салымшыларға басқа ақша жұмсау жолдары қызық емес. Мінеки, әртараптандырудың жоғары дәрежеде болғандығы (шоттардың көбісіндегі ақшалар азын-аулақ қана) және салымшылардың тәуекелге бара бермейтіндігі арқасында бұқаралық сегмент инфляцияға және айырбас бағамының толқуына қарамастан тұрақты дамуда. 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай, бұқаралық сегменттің жылдық өсімі 15,3%-ды, ал нарықтағы үлесі 49,2%-ды құрады.


2025 жылы депозит нарығы одан әрі дамиды, банктер арасында адал бәсекелестік дамиды және салымшылар үшін жаңа өнімдер пайда болады деп күтілуде. ҚДКБҚ мөлшерлемелерді одан әрі ырықтандыру жағдайында нарықтағы үрдістерді және банктердің депозиттік саясатын өз бақылауында ұстайтын болады. Наурыз айынан бастап, ҚДКБҚ өз сайтында нарықтық мөлшерлемелерді салымдардың топтары бөлінісінде жариялауды бастайды.


Сонымен қатар Қор тұрақты негізде қатысушы банктердің мөлшерлемелерінің мониторингін және депозит нарығына тоқсандық шолуды жариялап тұрады.


2025 жыл, 7 наурыз


[1]   бұқаралық сегмент – қалдық ақшасы 15 млн теңгеге дейін болатын депозиттер; орта сегмент – қалдық ақшасы 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін болатын депозиттер; ірі сегмент – қалдық ақшасы 50 млн теңгеден асатын депозиттер


[2] нөлдік қалдықтары бар шоттарды есепке алмағанда