ҚДКБҚ делегациясы Бішкекте ЕАЭО сарапшылық тобының отырысына қатысты
Төрағасы Әділ Өтембаев бастаған Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) делегациясы депозиттерге кепілдік беру саласындағы заңнаманы үйлестіру жөніндегі Сараптамалық топтың отырыстарына қатысты. Кездесулер ағымдағы жылдың 17-18 тамызында Бішкек қаласында өтті.
Гибридтік форматтағы отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның депозиттерді сақтандырушы, қаржылық реттеуші, ұлттық (орталық) банктерінің өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылары Қырғызстан Республикасының Депозиттерді қорғау агенттігі мен Еуразиялық экономикалық комиссия болды.
Кездесулер барысында қатысушылар ЕАЭО-дағы кредиттік ұйымдарды тарату, қаржылық сауықтыру және банкроттық саласындағы тәсілдер мен әдістемелерді, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру қорын қалыптастырудың қаржыландыру тетіктері мен көздерін, оның мақсатты параметрлерін және болашақ төлемдер үшін резерв құру тәртібіне байланысты басқа да мәселелерді талқылады.
Кездесулер барысында ҚДКБҚ Проблемалық банктермен жұмыс департаменті басшысының орынбасары Тимур Хасанов баяндама жасады. Ол дәрменсіз ЕДБ активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке беру бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына талдау жасады. Хасанов Қазақстанның, сондай-ақ осы саладағы озық елдердің халықаралық тәжірибесіне тоқталды.
«Жүргізілген талдаудың негізгі қорытындысы реттеуге кеткен шығындардың азаюын, экономикаға келтірілген зиянның азаюын және сақтандырылған депозиттердің салыстырмалы түрде жылдам аударылуын қамтитын банктің P&A түріндегі қауқарсыздығын реттеу құралының сөзсіз артықшылықтары болып табылады. Төлемдерін алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ екендігі салымшылар үшін өте қолайлы, өйткені сатып алушы банк салымшының қатысуынсыз есепшот ашып, оның ақшасын салады», – дейді қазақстандық делегация мүшесі Тимур Хасанов.
Өз кезегінде ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев заңнаманы үйлестіру мәселелерін шешу кезінде сақтандыру ұйымдарына тиісті өкілеттіктерді беру қажеттілігін ескеру маңызды екенін атап өтті.
«Депозиттерді сақтандырушылар банктердің мәселелерін анықтайтын және дер кезінде түзету шараларын қамтамасыз ететін жүйенің бір бөлігі болуы керек», - деп Әділ Өтембаев өз ойымен бөлісті.
Екі күндік кездесулердің қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің депозиттерге кепілдік беру саласындағы заңнамасын үйлестіру бойынша одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Тараптар халықаралық қағидаттарға, стандарттарға және озық халықаралық тәжірибеге негізделген банктік депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамытудағы күш-жігерді үйлестіруге ниетті.