Контрастты ауыстыру
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Әдеттегі нұсқа

Депозиттік портал – жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бірыңғай шоғырландырылған қор

Депозитті онлайн таңдаңыз

 

Жарияланымдар мен баспасөз релиздері
Барлығы депозиттерді кепілдендіру жайлы
Видеоны көру 20 секунд
info@kdif.kz
Жедел байланыс: 8 800 080 10 20
Қабылдау бөлмесі: 8(727)3122449

Салымшылар кепілдікті таңдайды. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Бақыт Қоғыловтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбаты.


Салымшылар кепілдікті таңдайды

 

Қолыңызда ақша болса, оны сақтаудың ұтымды әдісі – депозит. Ал депозиттердің сақталуына кепілдік беру – бүгінгі күні құр даңғаза әңгіме емес, кепілдік қазір кәдімгі қажеттілікке айналған. Халықтың банктерге сенгені маңызды. Елдегі қаржылық жүйенің небір қиын кезеңдерге қарамастан тұрақты, қалыпты болғаны маңызды. Ал ол үшін жиған-тергенін банкке салған салымшылар өз ақшасының жоғалып кетпейтініне сенімді болуы тиіс.

Осыдан 15 жыл бұрын елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылды. Осы уақыт ішіндегі басты жетістіктердің бірі – халықтың банк депозиттеріне деген сенімі артты. Дәл осы жайт «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Бақыт Қоғыловпен сұхбаттасуға себеп болды.

 

– Бақыт Бектұрғанұлы, депозиттерге кепілдік беру жүйесі біздің елімізде қалай дамып келеді? Осынау тарихи маңызы бар тәжірибеге қандай баға бересіз?

– Осы жылдар ішінде аз шаруа атқарылған жоқ. Елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарында өз күшіне енген «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Біз халықтың ақшасымен жұмыс істейтін барлық банктердің осы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне міндетті түрде қатысуын қамтамасыз еттік. Бұл кепілдік беру жүйесінің маңызды, үлкен жетістігі. Одан кейін салымшылардың бір банкке салған ақшасының кепілді түрде қайтарылатын сомасын айтарлықтай арттыруға қол жеткіздік. Бүгінде бір банкке депозитке 5 миллион теңгеге дейін ақша салған еліміздің кез-келген азаматына сол ақшасы қандай жағдай болмасын, кепілді түрде қайтарылады. Ал 2007 жылдан бері Қор банк жарналарының сараланған мөлшерлемелер жүйесін енгізді. Бұл дегеніміз – банк қызметінің тәуекелі неғұрлым жоғары болған сайын, банк соғұрлым үлкен мөлшерлеме бойынша төлейді. Осы уақытқа дейін Қор елімізде таратылған үш банктің салымшылары алдындағы міндеттемелерін толықтай орындап, оларға заң бойынша көзделген кепілдік берілген өтемді төлеп берді.

Қор жұмысының басты нәтижесі – бүгінде халықтың банк жүйесіне деген сенімі артып отыр. Байқасаңыз, еліміздегі банктерде депозиттік база жылдан-жылға өсіп келеді: соңғы жеті жылда елдегі депозиттер көлемі үш еседен астамға көбейген. Мәселен, 2014 жылдың 1 қарашасындағы деректерге сәйкес, жеке тұлғалардың коммерциялық банктердегі депозиттері 4 триллион 377 миллиард теңгеден астам соманы құрап отыр.

– Жалпы, депозиттерге кепілдік берудің қазақстандық тәжірибесі әлемдік жүйелерге қаншалықты сай келеді? Өзге елдермен салыстырғанда қаншалықты дамыған?

– Әрине, біз өз жұмысымызда міндетті түрде ең озық, ең тиімді деген халықаралық тәжірибелерге арқа сүйейміз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ТМД елдеріндегі депозиттерді сақтандыратын ұйымдар арасында ең алғашқылардың бірі болып қатысушы банктердің сараланған жарналар мөлшерлемесін қолданысқа енгізді. Қатысушы банктермен арадағы қарым-қатынастарды реттейтін Қордың негізгі бизнес-үрдістері толықтай автоматтандырылған. 2013 жылы біз аса беделді халықаралық марапатқа ие болдық. Депозиттерге кепілдік беру жүйелерінің халықаралық қауымдастығына (IADI) мүше болған 70 қатысушы-мемлекеттер арасында «Депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіру саласындағы жетістіктері үшін» деген аталым бойынша ең үздік ұйым деп танылдық.

–Егер қатысушы банк дағдарысқа ұшыраған жағдайда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаржылық жағдайы өз міндеттемелерін орындау үшін жеткілікті ме?

– Ия, біздің жағдайымыз тұрақты. 2014 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, Қордың кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған арнайы резервінің көлемі 205,7 млрд. теңгені құраған. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банкі Қордың жарғылық капиталын жыл сайын 10 пайызға арттырып отырады. Қордың өз жарғылық капиталының 70 пайызын арнайы резервті толтыруға бағыттауға құқығы бар, ол қазір 124 млрд. теңгені құрап отыр.

Арнайы резерв көлемі төлемге жеткіліксіз болған жағдайда, қалған соманы қатысушы банктердің қосымша жарналары есебінен немесе ҚР Ұлттық банкінен қарызға ақша алу арқылы жабуға болады.

– Алдағы уақытта Қор өз құзыретін кеңейтіп, мәселен заңды тұлғалардың депозиттеріне де кепілдік беру жоспары бар ма?

– Бірден айтайын, депозиттерге кепілдік беру жүйесі әуел бастан қарапайым инвесторлардың – жеке тұлғалардың құқығын қорғауға бағытталған. Қор жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің талап етілгенге дейінгі салымдары, мерзімді және шартты салымдарына, сондай-ақ ағымдағы және карт-шоттарына кепілдік береді. ҚР Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сай, біз болашақта заңды тұлғалардың да ағымдағы шоттарына кепілдік беру тетіктерін енгізу жағын қарастырамыз. Мұндай шешім қабылдамас бұрын, бұл қадамның барлық артықшылықтары мен қатерлерін саралау қажет.

– Депозиттерге кепілдік берудің отандық жүйесін енді қай бағытта дамыту қажет деп ойлайсыз?

– Банктерге төнгелі тұрған қатерлермен ерте күресу жағынан, банктерді сауықтыру мен оларды тарату жағынан атқаратын жұмыстар көп. ҚР Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында «банктердің қаржылық жағдайын сауықтыратын қаржы нарығына қатысушылар үшін тиімді, қауіпсіз, депозиторлар үшін  түсінікті тетік қарастырылуы керек» делінген. Қазір «мәселелі» банктер жабылған жағдайда кепілдік берілген  өтем тікелей төленуде, болашақта жеке тұлғалардың депозиттерін жағдайы жақсы банкке ауыстыру мүмкіндігін жасауымыз керек. Сонымен бірге, Қорға болашақта банктердің дәрменсіздігін реттеу функциясы берілмек. Бұл да өте маңызды мәселе, өйткені Қор мәжбүрлі түрде жабылған банктің салымшылары алдындағы міндеттемелерін орындайды.

Осындай ауқымды жұмыстар күтіп тұр, бірақ оның барлығы елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін қажет.

 

Айдын ОЛЖАЕВ,

Алматы

Біз Cізге қоңырау шаламыз
Рахмет, жолданды!
Біздің маман жуық арада
Сізбен хабарласады!